Атырау, 28 қараша 01:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Таңшолпандай жарқырап, бақытың жансын көгіңде

6 223 просмотра

Қойларға жем беріп, суару - кішкентай Игіліктің күнделікті атқаратын жұмысы.Қойларға жем беріп, суару - кішкентай Игіліктің күнделікті атқаратын жұмысы.«Міне, тағы бір ауыл жер бетінен жойылып барады. Иесіз қалған үйлерден суық нәрсе жоқ шығар», - деп ойладым Бибігүл атты ескі танысым үлкен отбасымен тұратын Обалы елді мекеніне келіп. Оның 4 қызы мен 2 ұлы бар. Осы жолы мен оларға редакциямыздың журналистері жинап берген ақшаға сатып алынған азық-түлік және тағы басқа ұсақ-түйектерді жаңажылдық сыйлық ретінде алып бардым.

 

КӨШТЕН ҚАЛҒАН АУЫЛ

Саманнан соғылған тоқал тамның ағашы ырсиған есігінде үлкен құлып тұр. Бұрын бірнеше отбасы тұрып, түтін түтеткен ауылда ешкім жоқ.

Сол сәтте мен қазақтың сан ғасырлық өмір салтының соңғы көшімен қоштасып тұрғандай болдым. Сары далаға көз тастап, құрғақ шөптің, тезектің және ылғал самантастың иісі араласқан ауаны терең жұтып, көлігіме отырып, от алдырдым. Кенет сарайдан ақ мысық атып шығып, көлігіме қарай жақындай берді. Мұны көргенде кеудемде бұл ауылда әлі де болса адамдар тұрады екен-ау деген үміт оты жылт етті! Сол сәтте мына мысық ауылда әлі тіршілік бар екенінің, адамдар уақытша ғана кетіп қалғанының белгісіндей көрінді. Көңілім кішкене көтеріліп, жақын маңдағы жол бойында тұрған «Аламан» кафесіне кіріп, сатушыдан Обалыдағы Бибігүлдің қайда көшіп кеткенін сұрадым. Менің сұрағымды шайханада отырған бір адам естісе керек, Бибігүлдің аудан орталығы Аққыстауға көшіп кеткенін, алайда мекенжайын білмейтінін айтты. Үмітімді қанат қылып, сол жаққа қарай тарттым. Жолым болды, бірінші кездескен адам-ақ Есенғұл Беріш Сайфолланың қызы Бибігүл тұратын үйді көрсетті.

Есікті Бибігүлдің өзі ашты. «Жаным, күнім, айым, айналайын» сияқты жылылыққа толы сөздерімен мені құшақтай алды. Жүзінен таңғалыс пен қуаныш қатар байқалып тұр. Ол жаз бойы жайлауда баққан малының соңғы бөлігін Аққыстаудағы қыстаққа айдап әкеліпті. Жан жолдасынан ажал айырғаннан кейін шиеттей алты баламен жесір қалған ол тамақ табу үшін Обалы маңындағы қырда Аққыстау тұрғындарының малын (әр ауладан бірнеше бастан бір отар қой жиналған) бағады екен. Қыс түскен соң Бибігүл кіші балаларымен бірге Аққыстауда орналасқан барақ үйге көшіп алған...

 

ТАБА НАННЫҢ ТӘТТІ ИІСІ

Бибігүл қыздары Перизат, Анар, ұлы Рахат, немересі Мәди және күйеубаласы Аманжолмен бірге.Бибігүл қыздары Перизат, Анар, ұлы Рахат, немересі Мәди және күйеубаласы Аманжолмен бірге.Мен Бибігүлмен бірнеше жыл бұрын танысқанмын. Бірде көзім «Қыста қар суын ерітіп ішеміз» деген мақалаға түсіп, қолымнан келгенше көмектескім келіп, Бибігүлдің отбасын іздеп барғанмын. Сол кезде де азық-түлік сатып алып, азын-шоғын ақшаны қолыма қысып, Аққыстаудан 10 шақырым жердегі далалықтағы Обалы ауылына жол тарттым.

Бибігүлдің жеті адамы бар үлкен отбасы тұратын үйін, шынын айтқанда, жаман лашығынтабу қиын болмады. Қырдаадамдар ондаған шақырым алыс тұрса да,бір-бірін жақсы біледі.

Мен үйге кіргенде Бибігүлдің отбасы үстелде шәй ішіп отыр екен. Үстел үстінде жаңа піскен таба нан мен қара шәйнектен басқа ештеңе жоқ...

Өзімнің кездейсоқ келу себебімді түсіндіріп, азық-түлік пен ақшаны ұсынып, асығыс екенімді, қалаға кері кетуім керектігін айттым.

Сол сәтте үй иесі Бибігүл таба нанның жартысын кесіп, маған ұсынды. Ыңғайсыздандым, үстел үстінде осы наннан басқа ештеңе жоқ екенін көріп тұрмын ғой. Алайда Бибігүл қалай болғанда да нанды қолыма қыстырып жіберді. Кішкене жүргеннен кейін көзімді жұмып, ыстық таба нанның хош иісін иіскедім. Мен үшін осы бір тілім нан үлкен құндылықтай көрінді, маған олар соңғы нандарын бөліп бергендей болды.

Бір шақырымдай жүріп үлгерме-дім, жазғы нөсер жаңбыр басталды. Жаман жигулиіммен далада қалып қоятыным белгілі болды. Обалыда қонуға тура келді.

Осылайша, менің осы қырда тұратын керемет отбасымен таныстығым басталды.

 

ПОЭЗИЯНЫҢ СИҚЫРЛЫ ШАМЫ

Кешқұрым керосин шамның күңгірт жарығымен ет жедік, шәй іштік. Мен оларға шет тілде ән айтып бердім.

Ыстық ықыластарымен қабыл-даған менің бірнеше «номерімнен» кейін Бибігүл сәл қысылыңқырап, оның қыздары да ән айтқанды ұнататындарын, тіпті, өздері өлең шығаратынын да айтты.

Ол өлең оқи бастады... Содан кейін балалары оқыды...

Мен көз алдымда өтіп жатқан таңғажайып құбылысты шошытып алам ба деп тапжылмастан отырмын. Бұл бір керемет поэзия кеші болды! Кішкентай қыр ақындары өз өлеңдерін май шам жарығымен жазған. Бибігүлдің қыздары өздерінің өлең жолдарын оқып, жырға толы қалың дәптерлерін көрсетті.

Өмірімде талай табиғат кереметтерін кездестіргенмін – сарқырап аққан Ниагара сарқырамасын көріп, капитан Кук шоқысы мен Чехов шыңын бағындырдым, Гавай аралдарында тасбақамен жүзіп, аспанда глайдермен де ұшқанмын. Алайда, мұның барлығы да айдалада жоқшылық қамытын киіп тіршілік етіп отырған осы жанұяның күңгірт май шам жарығымен жазған өлеңдерін оқығанда сезінген сезіміме еш жетпейді. Қалай дегенде де, тәнің таңылған дельтапланмен жаныңның шарықтауына жете алмайсың.

Ал, менің толғауым - ағылшынша айтқан әндерім – ана тілінде жауһардай тізбектелген өлең жолдарын оқыған балалардың гауһар жыр шашуының қасында қарабақырға айналғандай. Шынын айту керек, менің ағылшыным бұл жерде түкке тұрмай қалды. Бұл жерде басқа құндылықтар, басқа тұрмыстық түсінік, басқа тіл билік жүргізді, пірлері де басқа – Мұқағали, Фариза, Мұхтар...

 

ТАҢШОЛПАНМЕН КЕЗДЕСУ

Бибігүл ісмерлікті анасы Сәбиладан үйренген.Бибігүл ісмерлікті анасы Сәбиладан үйренген.Сыртқа, сәкі үстіне, жұлдызды аспан астына төсек салып жатқанда мені тағы бір тосынсый күтіп тұрды. Балалар маған жұлдызды аспанға саяхат жасатты. Бір-бірімен жарысып, маған жұлдыздарды таныстырды.

- Әне, көрдіңіз бе, аспан арғымақтары – Темірқазыққа байланған Ақбоз ат пен Көкбоз ат. Көрдіңіз бе, аспандағы созылып жатқан алтын шынжырды. Жылқыларды Жеті қарақшы ұрлағысы келеді. Олар түні бойы ұйықтамай, Темірқазық пен жылқыларды айналып жүреді, алайда қарақшылар арғымақтарға жақындай бергенде Таңшолпан шығып, таң атады, жеті қарақшыға тығылуға тура келеді. Осылайша жалғаса береді.

Ал, мынау – Үркер. Мәңгілік жаз болу үшін жануарлар оны ұстап алмақшы.

Мынау – Құс жолы, ол сағат тілі сияқты түнімен қозғалыста болады.

Балалардың жұлдызды аспан туралы әңгімелерін тыңдап отырып, қазақ даласын зерттеген ғалымдардың «көшпенділер аспанға еуропалықтар қалта сағатына қарағыштағандай қарайды» деп неге жазғандарын түсіне бастайсың.

Таңшолпанды көру үшін таңғы бесте оятуға уәде берген Бибігүл барлығымызға тәтті ұйқы тіледі. Ал бозамықтанған таңда барлық жұлдыздар жоғалып, жалғыз Таңшолпан жарқырап тұрды.

Содан кейін Бибігүл маған қалай алаша тоқитынын айтты. Марқұм болған анасы Сәбиладан тоқыма құралдары қалған екен. Оларды Бибігүл қарашығындай қорғап, анасының ісін жалғастырып жатыр.

Кейіннен мен Бибігүл мен балаларының қолдан жасаған бұйымдарына арнайы көрме ұйымдастырдым, ол сондай-ақ, тоқыма бойынша шеберлік дәрісін де өткізді.

 

ИГІЛІКТІҢ АРМАНДАРЫ

Айфон, айпадпен бұзылмаған ауыл баласының армандары да ерекше. Бибігүлдің ұлының үлкені – 10 жасар Рахат қалаға апасына кетіпті, үйде Игілік болды. Ол тоғызда. Бетінен күлкі ізі ешқашан кетпейді. Таныстары мен туыстары оны Мұхтар Шаханов деп атайды екен. Өйткені, оған тек бет жүзі ғана емес, қайсар мінезі, тапқырлығы, өткір тілі де ұқсайды.

Тар бөлмеде отырып ол маған өз ауылының болашағын бейнелеген суреттерін көрсетті. Болашақта ауылы мен өз өмірлері жақсаратынына сенеді екен. «Анамның екі көлігі болады, біреуі – шөп таситын КамАЗ, екіншісі – мал тасу үшін Газель. Біздің өз үйіміз, әрқайсымыздың өз бөлмеміз болады. Ауылға жол тартылып, мына жерге ерлер мен әйелдерге арналған монша, бөлек дәретхана салынады. Үйде жылқымыз болады, сосын анам маған туған күніме бота тарту етеді».

Содан кейін ол маған жазда қойды жалғыз баққанын, малды қалай семіртуге болатынын айтты. Сондай-ақ, қазақтың мақал-мәтелдерін айтып, ақыл да үйретті: «Ішің ауырса, аузыңды тый, көзің ауырса, қолыңды тый», «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, Тоқ бала аш болам деп ойламайды». Игілікте айфон мен айпад болса, оның бойында армандау, оқу, сурет салу сияқты қажеттіліктер қалар ма екен, қайдам?!

 

ОБАЛЫ ТҮСІНЕ КІРІП ЖҮР ЕКЕН

Желтоқсандағы Обалыға емес, Аққыстауға барған осы сапарымда Бибігүлдің қыздары күйеуге шығып, немерелері бар екенін естідім. Кіші балалары мектепке барыпты.

Жергілікті әкімдік аудан орталығынан баспана тауып беріпті, барақ болса да, өз жарығы мен жылуы бар.

Ауылым (Қырға арнау)
Ауылым менің асыр салып ойнаған,
Өзіңде өтті барлық қызық шақтарым.
Сағындым сені, құм шекердей сары далам,
Сағынышымды тек өзіңе ақтарам.

Есімде әлі құйыныңмен талай жарысқам,
Ұмытам ба балдай тәтті бал кезді?
Қол бұлғайсың маған қазір алыстан,
Бал дәурен-ай, шіркін, менің сол кезім.

Жаз болса, оранасың жасыл шалғынға,
Кешкі самал, таңғы шапақ тамаша.
Қыр басында ойнаймыз біз шағылға,
Айналдың-ау қазір, жерім, сағымға.

Болдым саған, ауылым, алаң
Өзіңнен кеткен мен бір балаң
Жетем саған, бауырыңа бас
Қарсы ал мені, асыл далам.

(Бұл өлеңді Бибігүлдің үлкен қызы Тәтті 7-сыныпта оқып жүргенде жазыпты).

Алайда Бибігүл Обалыдағы ескі үйін тастамаған.

«Менің нағыз үйім сол жерде, - дейді ол. – Обалымен қоштасу оңай болып тұрған жоқ, жазда сол жерде мал бағамын, осылайша нан тауып жүрген жайым бар, алайда балалар үшін ондаған шақырым жерден мектепке қатынау қиын. Мұнда, аудан орталығында, әрине ыңғайлы, мектеп қасымызда, жарық пен жылу бар, алайда жаным қырға тартып тұрады. Мына өмірге үйренісе алар емеспін.

Мұнда біз суға бара жатсақ та, есікті кілттейміз, есік қақса, «Бұл кім?» деп сұрақ қоямыз. Ал Обалыда біреу есік қақса (айтпақшы, онда есік мүлдем кілттенбейтін), құшақ жая қарсы алып, әр қонаққа қуанатын едік, ал, мұнда сақ бола бастадық».

Үстел үстіне жеңіл-желпі тамақтарын қойып жүріп, ол әңгімесін жалғастырды:

«Ол жақта бәрі тап-таза, еркін демаласың, ал мұнда басқан жерің - қоқыс. Анам байғұс тірі кезінде лас су төгілген жерді баспаңдар, ондай жерде жын-пері болады, ауру әкеледі деп отыратын».

Жалпы, анасы Сәбила мен әкесі Сайфолланың бейнелері әрқашан да араларында жүргендей. Бибігүл оларды үнемі еске алып, ата-анасын балаларына үлгі етіп отырады. «Анам былай үйреткен еді... Әкем былай деген еді...» - деп қайталап отырады балаларына Бибігүл. Анасының осы шексіз махаббатынан нәр алып өскен балалар ұялы телефондары, айпадтары немесе қымбат киімдері жоқ екендеріне еш қораштанбайды. Бір таңғаларлығы, осы жұпынылау тұратын отбасында ешкім анау жетпейді, мынау жетпейді деп шағымданбайды. Кішкентай Игіліктің өзі де өмірге философиялық тұрғыда қарайды: «Бір күні мен көп ақша жинап, өзіме ноутбук сатып аламын», - деп армандайды да, бірер уақыттан кейін бар жинаған азын-шоғын ақшасын анасына сүт пен май алуға береді.

Бибігүл өз балаларын еркелетіп, мейірімге толы атаулармен атайды: Бибігүлдің үлкен қызы Тәтті – Жүрек, екінші қызы Аймеңді – Айым, Перизат – Күнім, Анар – Гүлім, Рахат – Жаным, ал, Игілік – Жан. Мен өз әріптестерімнің атынан оларды шын жүректен құттықтаймын.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

Суретті түсірген автор

31 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.