2006 жылы атыраулық биолог ғалымдар Еділбай қой тұқымының «Аққарабас»деп аталатын жаңа түрін тіркеді.
ХАЛЫҚ СЕЛЕКЦИЯСЫНЫҢ ӨНІМІ
Бұл тұқым туралы бізге еңбек ардагері, Оңтүстік Батыс мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Атырау филиалының ғылыми қызметкері, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Елемес АБДОШЕВ әңгімелеп берді. Ол өз әңгімесін барлық Еділбай тұқымының тарихынан бастады.
Әлемдегі етті ең көп беретін қой тәжіктің гиссар қойы болып есептеледі, оның қошқары 130 келіге дейін ет бере алады. Алайда, Абдошевтің айтуынша, Батыс Қазақстан облысындағы Фурманов асыл тұқымды қой зауытында Еділбай қойлары он пұтқа жуық салмақ жинаған.
- Еділбай тұқымы – халық селекциясының өнімі. Оны Батыс Қазақстан облысының Казталов, Бөкей ордасы, Жәнібек ауданы тұрғындары 1870-1890 жылдары енгізген. Бұл қойлардың алғашқы иелері Байбақты руының малшылары деп есептеледі. Ғалымдардың пікірінше, осы руда ғана бұл қой тұқымының отарлары көп болған.
Еділбай қойлары жергілікті қатал климатқа – аязды қыс пен ыстық жазға өте төзімді болған. Мұндай қойдың құйрығы бір пұтқа дейін жететін. Жинаған осы майы жұт кезінде қойды аштықтан аман алып қалатын. Тебінетін, яғни, қар астынан азық табатын жануарлар қысқа шөп дайындауды қажет етпейтін, яғни, қойды қорада ұстамайтын.
Еділбай қозылары - тез өсетін төл. Ол анасының емізуінен айырған төрт айлық жасында 43 келіге дейін тартты. Ал басқа қойлардың қозылары осы жаста 25 келіге де жетпейтін. Жас қозының еті қашан да бағалы, сондықтан да Еділбай тұқымды қой өсіру табысты бизнеске айналды. Қазір осы жастағы қозы Атырау мал базарында 15 мың теңге тұрады, яғни, бұл ақшаны қойшылар көп шығынданбастан ала алады.
Абдошевтің айтуынша, Еділбай қойлары өздерінің осы басымдықтарының арқасында Қазақстанда ең кең таралған тұқымға айналды. Қылшық жүнді қойлардың осы түрінің кең таралуына 60-жылдары ауылшаруашылық ғылымдарының докторлары Мүслим Ермеков, Фаиз Мұхамедғалиев, Қилыбай Медеубеков және Қазақстан ауыл шаруашылығы академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Абдулғазиз ЖАНДЕРКИН үлкен септігін тигізді. Ол Еділбай қойларының генін етке жіберілетін қой шаруашылығындағы асылдандыру бірлігі деп есептеді, оны кез келген басқа қой тұқымдарымен шағылыстырса, жоғары өнімді тұқым береді.
Қазір Қазақстанда 18 миллионға жуық қой болса, солардың 80%-ы ет өндірісіне кетеді. Мұндай жағдай биязы жүн мен қаракөлге деген сұраныстың азаюы мен қой етіне сұраныстың артуына байланысты пайда болды. Ғалымдардың пікірінше, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін Еділбай қойлары мен Қазақстың ақбас тұқымды ірі қарасы отандық басты брендке айнала алады.
ҮСТІ ҚАРА, АСТЫ АҚ
Еділбай қойлары негізінен қара, жирен, қоңыр қара түсті болады. Кеңес уақытында жүнді өңдеу кезінде бояғыштарды қолданғанда жүн өзінің басты қасиеттері – тығыздығын, мықтылығын, созылғыштығын жоғалтады деп есептелді. Сондықтан да 1984 жылы ауыл шаруашылығы министрлігі қойдың ақ қылшық жүнін сатып алу бағасын 40%-ға көтеру туралы бұйрық шығарды.
Махамбет тәжірибе станциясының базасында академик Қ. Медеубековтың жетекшілігімен Еділбай тұқымды ақ және ашық сұр қойларды өсіру бойынша селекция жүргізілді. Бір сөзбен айтқанда, барлық қара, жирен, құла қойларды ақ қойлармен шағылыстырды.
1993 жылы Махамбет ауданындағы тәжірибе станциясы жойылды. Алайда жұмыс тоқтатылған жоқ.
- 1995 жылғы қазан айында мен Балқұдық кеңшарынан облыстық мал шаруашылығы ҒЗИ-ге жұмыс ауыстырдым. Институт директоры биология ғылымдарының кандидаты Шайдолла КАРИМОВ болды. Оның диссертациясының тақырыбы ақ және ашық сұр түсті еділбай тұқымды қой жасау болды. Оған ақ қой селекциясымен шұғылдануды жалғастыру жөнінде телеграмма келді. Біз Харес БЕЛЯШЕВ және зоотехник, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Сабыржан СҰЛТАНОВ басқаратын Құрманғазы ауданындағы «Құрманғазы» өндірістік кооперативімен селекция үшін қой беріп тұруға келісімге келдік. Сонымен қатар, біз Құрманғазы және Махамбет ауданының шаруашылықтарынан өзімізге қажетті ақ түсті қойлар сатып алдық.
Ақ қойларды басқа түстілермен шағылыстырғанда туған қозыларда күтпеген жерден қара дақ пайда болды. Бұл дақты кетіру үшін біз көп жұмыс атқардық. Кейіннен басында қара дағы бар қозыларды тірі қалдыруды шештік. Баста бәрібір жүн аз, сондықтан да оны қырқымайды. Осылайша болашақ Аққарабас тұқымының алғашқы түрлері пайда болды,- дейді Е. Абдошев.
Оның айтуынша, «Құрманғазы» шаруашылығы ғалымдарға әншейін көмектескен.
- Бізге селекция жасауға рұқсат бергені үшін оларға үлкен адами алғысымызды айтамыз. Олар бізге бір отар қой берді, біз оларды екеу қылдық. 2006 жылы бізде 3 мыңға жуық ақ қарабас қой болды. Олардан біз екі түр алдық: «Айбас» - етке өткізуге арналған, «Нарын» - жүн өндірісіне бағытталған. Сол жылы ҚР ауыл шаруашылығы және Әділет министрліктерінен алынған жануарларды апробациялауға комиссия келді. Нәтижесінде комиссия бізге патент берді. Ғылыми жұмыс қой өсіру институтының бөлім меңгерушісі Камел Қанапиннің жетекшілігімен жүрді. Еділбай тұқымды қойлардың жаңа түрінің авторлары болып Е.Абдошев, Х.Беляшев, Қосыбек Ырзағалиев, С.Сұлтанов және Айтжан Иманғалиев тіркелді.
Қазіргі уақытта «Аққарабас» қойларын «Құрманғазы атындағы ӨК» асыл тұқым зауытында және Атырау облысының басқа да шаруа қожалықтарында өсіреді. Соңғы кездері асыл тұқымды малды Ресейден келіп, сатып алу белең алды. Абдошевтің айтуынша, екі жыл бұрын Қалмақияда ақ қойлардың жаңа тұқымын таныстырды, суретіне қарасақ, бұл - біздің «Аққарабас».
Бүгінде ғалым Е. Абдошев Еділбай тұқымдылардың жаңа түрі – қара түсті қоймен жұмыс жасап жатыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Е.Абдошев