Атырау, 28 қараша 01:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Шартты бірлік болмайды

2 556 просмотра

24  желтоқсанда үкімет пен ҚР Ұлттық банкі 2015 жылға экономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы бірлескен мәлімдеме жасады.

Оның кейбір ережелерін бізге ҚР Ұлттық банк Атырау филиалының бас маман-экономисі Ақтоты ТӘЖЕНОВА түсіндірді.

Қазақстан экономикасының дамуына ықпал еткен теріс факторлар туралы:

Украина төңірегіндегі оқиғаларға байланысты әлемде экономикалық өсу жалпы баяулады және геосаяси тұрақсыздық ұлғайды. Осының нәтижесінде, сондай-ақ, АҚШ-та тақтатас мұнайын өндірудің ұлғаюы аясында Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасы 2014 жылғы маусымның соңындағы бір баррель үшін 155 доллардан 2014 жылғы 22 желтоқсанда бір баррель үшін 63 долларға дейін төмендеді.

2014 жылғы қаңтар-қазанда ҚР сыртқы сауда айналымы 2013 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 8,3%-ға қысқарды. Мұнай мен негізгі металдардың әлемдік бағаларының төмендеуіне байланысты тауарлар экспорты 4,9%-ға төмендеді. Машина мен жабдықтар, химия өнімдері және азық-түлік тауарлары импортының азаюы есебінен тауарлар импорты 14,5 %-ға азайды.

Үкімет пен ҚР Ұлттық Банкі саясатының негізгі мақсаттары 2015 жылы макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтау, сондай-ақ, экономикалық өсуді қамтамасыз ету және қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болады.

Теңгедегі жинақтар туралы:

Ақша-несие саясатында орта мерзімді кезеңде инфляциялық таргеттеуге көшу үшін негіз қалыптастырылады. Инфляциялық таргеттеу теңгедегі жинақтардың нақты кірістілігін арттыруға және күтілетін инфляцияны төмендетуге мүмкіндік береді. Мұнда теңгенің айырбас бағамының күрт ауытқуларына жол берілмейді. Валюта нарығында алыпсатарлықты шектеу бойынша шаралар қабылданады. 2015 жылы Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп, қолма-қол шетелдік валюта нарығында айырбас пункттерінің қызметіне қойылатын талаптарды арттыру бөлігінде заңнамаға өзгерістер енгізеді.

Банк секторын сауықтыру туралы:

Бұл жерде 2015 жылы қаржы жүйесін реттеу саясатының негізгі басым бағыттары экономикада ұлттық валютаның рөлін арттыру және банктердің теңгелік өтімділігінің өсуін ынталандыру болып табылады. Салымшыларға кепілдік берілетін «Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-ның төлейтін сомасы 5 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейін ұлғайтылады;

халықтың доллардағы кепілдік берілетін депозиттері бойынша ұсыным берілетін сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғары мөлшері жылдық 4%-дан 3%-ға дейін төмендетіледі; тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағаларын шартты бірліктермен белгілеуге тыйым салынады.

Банктердің теңгедегі өтімділігін өсіруді ынталандыру мақсатында пруденциалдық реттеудің жекелеген нормаларын уақытша төмендету мүмкіндігі қарастырылады, коммерциялық банктердегі өтімділіктің тапшылығына жол бермеу үшін оларға теңгедегі өтімділік беріледі.

Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА

31 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.