Жануарлар атымен аталатын он екі жылдық мүшел есебі қытай күнтізбесі енгізілмей тұрып түркілерге де, тибеттіктерге де мәлім болған. Қой жылы мүшел есебінің сегізінші жылы. Ел аузында қой малы өсімтал болғандықтан ол жыл құтты болады деген әңгіме айтылады. Тағы біреулер қойдың қоңыр мінездің иесі болғандықтан жыл да жылы, тыныш болады деседі. Біз осы орайда ауыл қарттарынан өткен жылдарды есіне түсіруді өтіндік.
Ғалымжан НҰҒЫМАНОВ, «Жанбай» ШҚ төрағасы:
- Қазақ халқы қой жылын жайлы, ел молшылыққа кенелген кез деп ерекше бағалаған. Жерімізде алғашқы тың игеру кезінде 1966-67 жылдары елімізде өндірілген астықтың 16 млн тоннадан асуы, 1991 жылы еліміздің Тәуелсіздік алуы есімізде ерекше сақталып қалды. 1955 жылы шағын колхоздар бірігіп, халықтың ерні аққа тие бастады. 1967 жылы Индер ауданы Зеленый ауылында (қазіргі Көктоғай) ауыл шаруашылығын дамытуда ерекше көзге түсіп, алғаш рет атақты шопан Шәши Еділбаев Социалистік Еңбек Ері атанды. Сағынжан РАХИМОВ, «Ганюшкино егін өнімдері» ЖШС-нің директоры:
- Қой малының өте өсімтал мал. Қой малына қатысты қазақы әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ырым-сырымдар бекер емес. Қонақ келген күні мал төлдесе, киіт кигізіп, құрметпен шығарып салған. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген содан қалса керек. Мал сүтінің уызын сатпайды да, айырбастамайды да, себебі мұны ырымға жаман деп есептеген. Сыйлы қонақ келсе, қадірлі қонағына қойдың басын ұсынған. Бұл құрметтеу ғана емес, елдің ынтымағының белгісі.
Қой жүні кисе киім, төсесе төсек, төсеніш, көрпе, ал терісінен түрлі бұйымдар жасауға болады. Ағаш үйге де киіз жасағанда қой жүнінен жасаған.
«Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп тегін айтылмаса керек-ті. Мен бұл жыл табысты, жақсы жыл болады деп үміттенемін.
Мұхамбетолла ӘБІШЕВ, Құлсары қаласының тұрғыны, зейнеткер:
- Қой жылы біздің отбасымыз үшін жақсы жыл ретінде есте қалған. Аса қиындық көрмедік. Жаңа қой жылы да солай болады деп күтеміз. Қой деген жуас, айдағанға көнетін, сезімтал мал ғой. «Қой үстіне жұмыртқалаған кез» деп бекер айтпайды. Ал «Семіздікті ғана қой көтереді» деген мәтел де бар. Мен бұл сөздің астарында қанша бай болсаң да, асып-тасыма деген мағына жатыр деп есептеймін.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА