Атырау, 27 желтоқсан 08:01
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Немерелері майдангер атасының қабірін интернеттен тапты

4 198 просмотра

Соғыста хабар-ошарсыз кеткен Бақтыгерей ЖАҚЫПОВТЫ ұрпағы сандаған жылдар бойы іздеумен болды. Қайда, қалай қаза болғанын білмесе де үмітін үзген жоқ. Атырау қаласындағы Бақтыгереевтердің отбасында соғыста  қаза тапқан аталары жайлы әруақытта ерекше ілтипатпен еске алатын.

Бақтыгерей Жақыпов Атырау облысының Мақат ауданынан соғысқа аттанды. Ол туралы отбасы мұрағатында  қалған естелік сурет жоқ. Бірақ, бар білетіндері қатардағы жауынгер Бақтыгерей Жақыповтың соңғы қызмет еткен орыны - атқыштар бригадасының 11 - отряды.

Ол соғысқа  аттанғанда артында үйелмелі-сүйелмелі 4 баласы және  жасы  әлі 30-ға да келмеген жас жары  қалған еді. Аз уақыттан соң жұбайы Жібек Жақыпованың қолына   майданнан қара қағаз емес, «ұшты - күйлі жоғалды» деген хабар келеді. Жас келіншек тірі болуы да мүмкін ғой деген үміттің демімен балаларын аяққа тұрғызу үшін еңбектенуден танбайды.

Үлкен ұлы Қуаныштың  ұзақ жылдарға созылған табанды хат жазулары зая кетпеді. Оған 1963 жылы СССР  Қорғаныс министрлігінің Совет армиясының жоғалған сержанттары мен солдаттарын тіркеу бөлімінен «Атқыштар бригадасының 11 - отрядының қатардағы жауынгері 1896 ж.т. Бақтыгерей Жақыпов 1943 жылы 25 қаңтарда Социалистік Отан үшін болған ұрыста қаза болған және Ленинград облысының территориясында жерленген. Бөлім басқа мәліметтер бере алмайды» деген хабар келеді. Өкінішке орай, жасалған сілтеме жалпы болғандықтан іздеп табу мүмкін болған жоқ. Тағдырдың жазуы болар, әке қабірін таба алмай, Қуаныш Бақтыгереевтің өзі де дүниеден озады. Енді  аталарын іздеуді немерелері қолға алады. 

- Бала кезімнен әжемнің атам жайлы естелігін, оның өзінің соғыс жылдарындағы тылдағы еткен еңбегі жайлы естіп  өстім. Бірақ оның әңгімелерінің соңы ылғи да ағыл-тегіл жылаумен аяқталатын, - деп әңгімелейді Айнагүл ҚУАНЫШЕВА. – Ол оның қай жерде жатқанын ешкім білмейді, оған ешкім құран бағыштамайды деп егілетін. Әжем сол беті тұрмыс құрмады, төрт баланы өзі аяқтандырды, немерелерін бақты. 84 жасында көзі жұмылғанша ерінің қабірін таба алмағанын айтумен кетті. Туған әкем де атамды таба алмай көз жұмды. Осының бәрі мені қалайда атамның бейітін табуға ұмтылуға мәжбүр етті.

Сөйтіп  Интернетті сүзгілеу басталған. Нәтиже де ұзақ күттірген жоқ. Ол www.kirovsk-reg.ru/vopros  сайтынан Мгинск ауданындағы №6 жұмысшы поселкесіндегі  жерленген солдаттар сүйегінің Синявино-1 поселкесіндегі бауырластар зиратына  қайта жерленгені туралы ақпарды табады.      

- Киров әскери комиссариатына жолдаған хатымызға атамыз Бақтыгерей Жақыповтың есімі 2011 жылғы 9 мамырдағы мемориалдық тақтайшаға мәңгі жазылатыны туралы жауап алдық.  Оны іздеуде менің  курстасым Анар ГАСЫМОВТЫҢ баға жетпес еңбегі үшін айтар алғысым шексіз,-дейді Айнагүл Қуанышева.

Осылайша, ойда жоқта соғыста құрбан болған аталарын  тапқан Бақтыгеревтер отбасы  шілденің аяғында  Санкт-Петербург қаласының 45 шақырым қашықтықтағы Синявино селосындағы бейіті басына барып тағзым етіп келген еді. Беймәлім қалада оларға жол сілтеп, атыраулық солдаттың қабіріне жетуде Айдар  ХУСНУЛЛИННІҢ де көмегі зор болыпты.

- Ендігі ойымыз  атамыздың қалай  қаза болғанын анықтау. Бұл мәліметтер РФ Орталық мұрағатында бар екеніне сенімдіміз. Осы мәліметтірді іздестіруге қолғабыс жасауын өтініп, облыс әкімі Б.РЫСҚАЛИЕВТІҢ блогына да жаздық. Әзірге жауап болмай тұр, бірақ біз үмітімізді үзбейміз, - дейді Бақтыгерей Жақыповтың тағы бір немересі Қайрат Бақтыгереев (суретте оң жақта).

Сәния ТОЙКЕН

18 тамыз 2011, 00:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.