Атырау, 28 қараша 00:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«АЖ»-ның жаңажылдық номинациялары

3 519 просмотра

Бала кезімізде үлкендердің «уақыт зуылдап жатыр» деген сөздеріне түсінбейтінбіз: балалар үшін ол өтіп болмайтын. Міне, енді сол уақыт шырмауында отырмын: кезінде жазғы каникулымыз өте ұзақ, ал, оқу жылы бітпестей көрінетін, алайда қазір сынаптай сырғып жатқан жылдарды ұстай алар емеспін. 2014 жыл мен үшін жай ғана «зу етіп» өте шыққан жоқ, аспандағы жұлдыздай ағып өтті, тілек айтуға да үлгере алмай қалғандаймын. Міне, өткен жылдың ізіндей болған бір жылдық газет нөмірлерінің тігіндісі: адамдар, олардың қорқынышы, қайғысы, жетістіктері, наразылық, көз жастары мен күміс күлкілері... Жақсыдан бастайық.

Жыл отбасы

Шартты түрде болса да, белгіленген сыйақылары болмаса да, осындай номинацияларды таратқан жанға жағымды, алайда, ең бастысы, осындай жаны жайсаң адамдардың арамызда өмір сүріп жатқанын білу тіптен керемет: Индер ауданы Есбол ауылында тұратын ерлі-зайыпты Асылбек ХАСАНОВ пен Қалы ҒҰМАРОВАЛАР (суретте - балаларымен) өздерінің жалғыз қыздары Айнамкөзбен бірге тату-тәтті тұрып жатты, алайда оларға шынайы бақытқа жетуге бір нәрсе жетпейтіндей сезілетін. Тағдыр белгі беріп, отбасы Айжан, Альфия және Азат атты үш асыранды баламен толықты. Балалар өсіп, жан-жаққа кетті. Баласыз үй – қу мазар дегендей, ата-аналар тағы да елегізе бастады. Әрі қарай не болғаны айтпаса да түсінікті – енді жетім қалған Бәтима Қалының қойнына тығылса, тоғызыншы сыныпта оқитын Ерасыл ата-анасының шаруашылығына көмектесіп жүр. Жақсы.

 

Жыл меценаты

Біз сәбилерге ешқандай қайтарымсыз қамқорлық жасап, барлығын беруге тырысамыз, алайда, олар да өз тарапынан жақсылықтар жасап, Нұрасыл АМАНДЫҚ (суретте) сияқты үлкендерге де үлгі көрсете алады. Екінші сынып оқушысы өзінің жазғы каникулда жинаған аз-мұз ақшасын ауыр науқас балаларға қолдау көрсететін «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігіне берді. Нұрасылдың және басқа да Атырау тұрғындарының арқасында мамыр айында БЦС, аутизм, Даун синдромымен ауыратын ерекше балаларға арналған керемет мереке өтті. Үлкен сүйіспеншілік пен қамқорлықты қажет ететін осындай балаларға арналған орталық туралы Нұрасыл біздің газетімізден біліпті, әжесі оқып берген. Ол көп ойланбастан әжесіне осы мерекеге алып баруын өтініп, орталыққа бар байлығын сыйға тартқан. Нұрасыл, мейірімге толы жүрегің өмірлік жолбасшың болсын!

 

Жыл адамы

Біз Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВТІ өткен жылғы номинациялар тізіміне қосқан едік. Алайда, Ерланның тәжірибесінен егер алған бетіңнен қайтпасаң, бір суға екі рет түсуге болатынын көруге болады. Өзі қамқорлық жасайтын балаларына керек болса, тағы да үшінші рет түседі. Бұл жүкті Ерлан мойнына өз еркімен артты. Одан ешкім өтінген жоқ, парызы немесе міндеті деп айтайын десең, айналасында мұндай ауруға шалдыққан адамдар жоқ. Ол бір күні өзінің көмегі керек екенін түсінді. Көмек оларға тек мерекелер мен демалыс күндері ғана емес, күн сайын керек, «бұл туралы ертең ойлануға» уақыт жоқ. Ерлан канистерапиядан бастады, яғни, БЦС ауруына шалдыққан балаларды ақылды да мейірімді иттері арқылы емдеді, ал, биыл осы балалар мен олардың ата-аналарының бұрын қолы жетпеген жалпы білім беретін орта мектеп ашуға қолы жетті. Не орынжайы жоқ, не қомақты қаржысы да жоқ ол соңғы жылдары барлық есіктерді қағып шықты, кейбірі ашылды. Оның орталығы баспанаға ие болып, ерекше балалар хат танып, математиканы оқуға мүмкіндік алды. Өз балаларының кесапат ауруынан, қоршаған ортаның (көбіне туыстарының) жүрексіздігінен зығыр болған ата-аналарда «Маленькая страна» пайда болғаннан бері үміт оты жанғандай. Олар жылдар бойы БЦС-пен кескілесе соғысып жүр, олар бұл соғыста жеңіске жетпейтін де шығар, балалар желмен жарысып жүгіріп, «Әрқашан күн сөнбесін!» деп ән сала қоймас, алайда, сүйікті баласының кейде жымиғаны, әлсіз аяғының әр жаңа қадамы олар үшін сыйлық болмақ. Олардың осы қуаныштарын Ерлан риясыз бөлісіп жүр.

 

Жыл сыйлығы

Кез келген нағыз атыраулықтың жүрегіне жағымды тосынсыйды Ақтау қаласынан келген жігіттер жасады. Олар біздің туған қаламыз туралы үш минуттық «Я люблю Атырау/Атырау – сүйікті қалам» атты бейнебаян жасапты. «Экспедиция +362» деп аталатын маңғыстаулық жас жігіттерден құрылған топ екі жылдан бері ел аралап, өлкелерді суретке түсіріп, бейнебаян жасап жүр. Басында бұлар Маңғыстау аумағында ғана түсірілім жасаған, кейіннен географияны кеңейтуді шешіпті. Атырауға экспедиция Қала күні қарсаңында келіпті, мультикоптермен үш күн түсіріп, екі сағат монтаждап жасаған үш минуттық бейнебаяндары өз қаласын сүйетін атыраулықтардың ықыласына бөленді. Шағын бейнебаянның авторлары шедевр жасамағанмен, ізгі ниеттерімен жүректі жаулады.

 

Жыл жұбы

Бұл тойда шарап ішкендердің екі көзі төрт болды ма екен? Бір-бірінен айнымайтын екі қалыңдық пен екі күйеу жігіттің үйлену тойы көпшіліктің назарын аудартты. Егіздер күнде, тіпті, жыл сайын үйленіп жатқан жоқ қой.

Жас жұбайлар той күніндей бақытты екен:

- Бізде бәрі жақсы! – деп телефоннан саңқылдап жауап берді Настя.

- Әзірге баламыз жоқ, жоспарламаған да едік.

Алайда, шыны керек, қандай балалар дүниеге әкеледі екен деген қызығушылығымыз бар: Егіз бе, үшем бе? Әлде бір бала ма? Оны білу үшін әлі күте тұруға тура келеді.

 

Жыл «Үсенові»

№2 қалалық соттың бұрынғы хатшысы Алтынгүл МАЕВАҒА осы бір дүбәра номинацияны ең ерекше сот жазасы бұйыртты. 2 шілдеде 23 жастағы А. Маева «Шевроле Каптива» көлігімен Махамбет – Сатыбалдиев көшелері қиылысында ЖКО жасап, салдарынан жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан 45 жастағы әйел қаза болды. Төрт баланың анасы «жедел жәрдем» көлігі ішінде көз жұмды. Бір жағдайларда біреуге аса қатал, басқа жағдайда өте мейірімді болатын заңды түсіндірудің ерекше бір қабілеті арқасында №2 қалалық соттың судьясы Бақтыгүл ДҮЙСЕБАЛИЕВА бұрынғы әріптесі Маеваны бір жылға шартты түрде жазалады. Бұл үш ЖКО жасаған қыздың тумысынан басына жазылған бағы ма, әлде соттағы жақын туысының қамқорлығы ма – белгісіз. Алайда, бұл факт жергілікті Фемиданың ержүректігін көрсетті – біздің судьялар өз адамдарын далаға тастамайды.

 

Жыл шарасы

Бұл - әрине, Өңіраралық шекаралас мемлекеттердің форумы. Жылдың жартысынан астамында облыс осыған дайындалды, республикалық бюджеттен ақша миллиардтап құйылды, оны игеру үшін жұмыстар күні-түні жүрді. Қала әуежайдан Сәтпаев көшесіне дейін кең жолақты көлік жолына, жаңа АХАЖ-ға ие болды (ескісі кімге жақпай қалғаны белгісіз), облыстық әкімдік пен ІІД автопарктері қымбат көліктермен толықтырылды, анда миллион, мында жарты миллиард, ұсақ-түйектер – әйтеуір дегенде, игердік-ау қаржыны... Форум екі күн болып, картадағы шағын нүктеге жоғары лауазымды талай адамдар жиналып, тым әсершіл адамдардың таңдайын қаққызды: Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары, ондаған министр, губернаторлар мен әкімдер, елшілер, үлкен корпорациялардың, газеттер мен параходтардың иелері... Тойдың боладысы мен тойдың өзі лауазымды адамдар үшін бірқалыпты, еш жанжалсыз, тыныш өтті, ал осы атышулы шарадан соң келесі күні қала өзінің күнделікті өмірін жалғастырды.

 

Жыл өкініші

Сапасыз құбырларды ауыстыруға байланысты Қашағанда мұнай өндіру мерзімін кері шегеру Қазақстан үшін өте қымбатқа шықпақ. Сарапшылардың есептеуінше, ел күн сайын 3 миллион доллар жоғалтады. Бір жылда бұл шығындар 1 миллиард доллардан асуы мүмкін, ал, бұл ел ЖІӨ-нің 0,5%-ын құрайды. Алдымен бір, содан екі жылға шегеріп, кейіннен 2017 жыл туралы тікелей болмаса да айтылған мәлімдемелер мен  президент НАЗАРБАЕВТЫҢ өз көңілін «Еуразия» жобасын әзірлеуге аударуы ғасыр жобасының болашағына бұлт үйірілгенінен хабар береді. Біреулер мұны Қазақстан үшін тиімсіз Өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) мен жоғары шенді жекеленген тұлғалардың тоғышарлығынан пайда болған келеңсіздік деп атады. Жобаға салынған инвестиция 50 млрд доллардан асты, ӨБК-ге сәйкес, инвесторлар мұны өндіріс есебінен жаба алады, келісімде, сондай-ақ, барлық шығындарды инфляция бойынша толық индексациялау арқылы 100 пайыз өтеу қарастырылған, тек осыдан кейін ғана Қазақстан кірістердің бір бөлігін ала бастайды. Алайда, сол жарқын күнге бүгінгі қазақстандықтар жете ме – мәселе осында.

 

Жыл аксессуары

Сөздікті ақтарайық: «Аксессуар (французша accessoire, латынша accessorius — «қосалқы») белгілі бір заттың міндетті емес қосалқы бөлігі дегенді білдіреді». Сыртқы келбеттің кез келген ұсақ бөлшектерінің бірі ретінде сағат өзінің иесі туралы көп нәрсе – оның қоғамдағы орны, кірісі, стильдік сезімі және сұлулық танымы туралы айта алады...

Біздің құны 20 млн теңге, пластик гүлдері бар қалалық сағатымыз не туралы үнсіз айқайлап тұр екен. Үлкен ақшаға мардымсыз нәрсе алу – қалалық ландшафтың әлемдік сәніндегі жаңа тренді деп жатыр ма екен? Әлде мұндай таңдау мәңгілікке болмаса да, үлкен құрметке лайықты қалалықтардың бетіне түкіргенмен бірдей дей ме екен? Осы міндетті емес нысандарға олардың өз салықтары есебінен ақша төлеп отырғанын да ұмытпаған жөн.

 

Жыл соты

23 қаңтарда «Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ ҰҚТ» ісі бойынша сот басталып, жылға жақын уақытқа созылды. Іс бойынша жаза 14 қарашада жарияланды. Іс көптеген сипаттары жағынан ерекше болды: айыпталушы орындығына облыс пен қаланың бірінші басшылары мен белгілі кәсіпкерлері, жалпы саны 22 адам отырды. Қылмыстық іс материалдары жеті жүз томнан асып, жазаның өзі 1 500-ден аса беттен (10 том), сот отырысының хаттамасы 200-ден аса томнан құралды. Жазаның тек резолятивтік бөлімін процеске төрағалық еткен судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВА тоқтамастан 7 сағат оқыды. Шығарылған жазаның жалпы мерзімі 120 жылды құраса, мемлекет пайдасына өндіруге шығарылған шығынның жиынтық сомасы 80,9 млрд теңге деп белгіленді. Барлық жағынан осы ерекше істің соңғы нүктесі әлі қойылған жоқ – сотталушылар апелляция берді. Ал, бұл істегі басты тұлғалар – экс-әкім Рысқалиев пен ол отставкаға кеткен бойда шетелге қашып кеткен әріптестері мен туысқандарына қатысты қылмыстық істе жаңа тарау жазылуы мүмкін: желтоқсанда Атырау қаласына 2013 жылы қарашада Мәскеуде ұсталған қашқындардың бірі Олег ПАВЛИЧЕНКО экстрадицияланды.

 

Жыл апаты

19 сәуір күні сағат 17.55-те Қызылқоға ауданында «Алматы - Атырау» жолаушылар пойызының 13 вагоны рельстен шығып кетіп, жетеуі жанына құлады. Пойыз құрамында 586 жолаушы және 26 жолсерік болған.

«Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиевтің айтуынша, 1961 жылы туған жолаушы әйел басынан және бетінен үлкен жарақат алған». Бұл Роза КИМ еді. Апат салдарынан оның беті қатты жарақаттанды (жоғары ернінен бастап мұрнының сол жақ бөлігін қоса алып, бір жақ беті түгел кесілді), сол жақ қасы жарылып, кеңсірігі кесіліп, мұрыны сынды, 6 тісін жоғалтты.

Біз Розамен хабарластық. Ол сынған тістерінің орнына имплант салу процесін бастапты, келесі жылы жасалады деп жоспарланған бірнеше пластикалық отаға дайындалып жатыр екен, бұл кезеңді тістерді қалпына келтірмей бастауға болмайды. Сақтандыру компаниясы оған апаттан кейін жатқан клиникасының шығындары үшін (тек расталған шығын түбіртектері мен чектері бойынша) 355 мың теңге және оған тағайындалған мүгедектік (ІІІ топ) бойынша 300 мың теңге сома төлепті.

- Көліктік шығындарды төлеуден бас тартты, - деді телефон арқылы қызы Ангелина АН. – Мен анамның жалақысы мөлшерінде жоғалтқан табысын төлетуге қол жеткіземін, өйткені, ол апаттан кейін жұмыс жасаған жоқ (естеріңізге салсақ, сол бақытсыз пойызбен Роза вахтаға келе жатқан, ол Прорва кен орнында дәрігер болып жұмыс жасайтын),алайда ҚТЖ бас тартып отыр. Ол жазылғанның өзінде мүгедектігіне байланысты тек жұмыс берушінің қалауымен ғана жұмыс жасай алады, бір жағынан оған ауыр жұмыс жасауға болмайды, ал оның жұмысы оңай емес.

Тістері мен бетін емдеу курстарын сақтандыру компаниясы төлеуге сөз берді, алайда тек жүргізілген, құжаттармен расталған фактілер бойынша қаржы бөледі. Бірақ әлі бәрі сөз жүзінде, ешқандай ресми келісім жасалған жоқ.

- Алайда бізге осыдан кейін ешқандай басқа өтемақы жөнінде, соның ішінде моральдық шығындарды өтеу туралы талап қоймайсыздар деп ауызша ескертті, - дейді Ангелина.– Алайда бұған қол жеткізуге тура келді: мен «Қазақстан темір жолы» АҚ және «Жолаушылар тасымалы» АҚ президентіне хат жаздым, ешқандай жауап болмады, содан кейін президент аппаратына және көлік прокуратурасына жаздым, олар ақыры бірдеңе тапты-ау. Прокуратура сол жерден белгілі бір заңбұзушылықтар тауыпты.

...Кінәлі екі жол қызметкері болып шықты. Қызылқоға аудандық соты жазаны жариялады. Тергеу органдарының айыптау қорытындысына сәйкес, жол учаскесін ауыстыру жұмыстары кезінде қажетті температуралық режим сақталмаған. Келесі күні рельстер сәуір айындағы +24 градусқа қызып, жанына майысып кеткен.

Тепловоз машинисі мұны байқап, төтенше тежегішті басқан. Кездейсоқ тежеу салдарынан вагондар құлаған. Жолшылар бір жыл шартты түрде жаза алды.

 

Жыл парасы

Электр қуаты тарифін бір киловатт-сағаты 80 тиынға көтеру үшін, тергеу болжамдарына сәйкес, «Атырау Жарық» энергетикалық компаниясы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат ОСПАНОВҚА 300 мың доллар пара берген. ТМРА басшысын 1 шілдеде қаржы полициясында жауап алғаннан кейін пара алды деген айыппен қамауға алды.

Онымен бірге сотталушы орындығына лауазымды тұлғаға аса ірі мөлшерде пара берді деп айыпталған Алматы қаласының тұрғыны Арман АҚТАЙ да отырды. Іс сотта қаралып жатыр. Прокурордың айтуынша, Ақтай Атырауда электр қуаты тарифін көтеру туралы монополияға қарсы ведомствоға бірнеше рет ұсыныс жасаған «Атырау Жарық» АҚ мүддесін қорғаған. «Атырау Жарық» АҚ президенті Айвар РАХМАНОВТЫҢ тұлғасында осы адамды танымаймыз, пара беру фактісі бойынша ештеңе білмейміз деп ат-тонын ала қашты.

Міне, «АЖ» бетін кері ақтарып отырып, кері өмір сүргендей болдым. 2015 жыл бізге қандай қызықтар дайындап отыр екен?

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

25 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.