ҚР энергетика вице-министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН және ҚР әділет министрлігінің орынбасары Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ ТШО қызметкерлерімен ҚР президентінің жолдауын талқылау үшін кездесу өткізді.
Кездесуге Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ пен ТШО бас директоры Тим МИЛЛЕР қатысты. Осыған дейін АМӨЗ және «Қазтрансойл» қызметкерлерімен де осындай кездесулер өткен еді.
Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, Батыс Қазақстанның энерго жүйесін елдің бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосу бойынша жоба әзірленуде, магистралды электр тарату желілерін салу жоспарлануда, 2020-25 жылдарға электр желілерін дамытудың түрлі сценарийлері қарастырылып жатыр. Мәселен, Орал-Атырау-Құлсары-Теңіз бағытында екінші 220 киловольт әуе желісі торабын салу, сондай-ақ, Атырауда 900 киловольт жоғары кернеулі әуе желісі құрылысы.
Қарабалин ел экономикасындағы мұнай өндіру саласының айрықша рөлін атап өтті. Оның айтуынша, елдегі ЖІӨ-нің 25%-ға жуығын, шетелдік тікелей инвестициялардың үштен біріне жуығын, Ұлттық қорға түсетін қаржының 99%-ын және Қазақстанның экспорттық әлеуетінің 70%-ын мұнай және газ секторы қалыптастырады.
- Қазір біз 15 ірі дәлелденген мұнай қоры иелерінің және газ қоры бойынша алғашқы 20 елдің қатарына ендік. Соңғы 20 жылда мұнай өндірісі 3 есе өсіп, жылына 80 млн тоннаны құрады. 2023 жылға қарай оның деңгейі жылына 100 млн тонна болады деп болжануда.
Қарабалин атап өткендей, АМӨЗ-ді модернизациялағаннан кейін өңдеудің жалпы көлемі 5,5 млн тонна мұнайға жетеді, ал бұл жыл сайын 1 млн 750 мың тонна бензин, 1 млн 640 мың тонна дизельдік отын және 244 мың тонна авиакеросин шығаруға мүмкіндік береді.
- Сондай-ақ, Шымкент және Павлодар зауыттарында да жаңа кешендер салу жүргізілуде, модернизациялау бойынша барлық жұмыстар 2016 жылдың аяғына қарай жүзеге асырылады. Яғни, 2017 жылдан бастап біз өзімізді ЖЖМ-мен толық қамтамасыз ете аламыз, өнімдер К-4 және К-5 әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келеді.
Технологиялық саясатты белсендіру туралы айта келіп, Қарабалин бүгінде Қазақстанда мұнай алу коэффициенті 30-35%-ды құрайды, ал бұл кейбір елдерде 50%-дан асып отыр:
- Біз болашақта осы белесті бағындыруымыз керек.
Бақытжан Әбдірайым мүлікті жариялау мәселелері бойынша кейбір нәрселерге түсінік беріп кетті.
- Мүлік пен капиталды жариялау кампаниясы – бұл ең алдымен қарапайым адамдарға берілген мүмкіндік. Мүлікті тіркеуден өткізу үшін түрлі мемлекеттік органдардан ұзақ та беймаза рәсімдерден өту керектігі құпия емес. Мұның барлығы күн емес, айларға созылады. Мүлікті заңдастыру акциясы осы мәселені шұғыл да тез шешуге көмектеседі.
Әбдрайымның айтуынша, мүлікті тек жеке тұлғалар ғана емес, заңды тұлғалар да заңдастыра алады.
Президент жолдауындағы басты мәселелердің бірі – транспорт-көлік инфрақұрылымын дамытуға келсек, біздің өңірде Астана-Ақтөбе-Атырау және Атырау-Астрахан автокөлік магистралі салынбақ. Біздің облыс бойынша бұл мақсаттар бюджеті әлі бекіген жоқ.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА