Таяуда өткен НКОК-тың Қашағандағы құбырларды ауыстыру жөніндегі қоғамдық тыңдауында («Қашаған: жаңа үміт, ескі үрей»)НКОК басқарушы директоры Стефан де МАЙЕ осы жобаға қатысатын компанияларды атамады.
Ал, бейресми ақпарат бойынша, жобаға бұрынғы бас мердігер – итальяндық «Сайпем» компаниясы тартылмақ. Ол құбырдың теңіз бөлігімен айналысады, ал құрлық бөлігі қосалқы мердігерге – итальяндық «Бонатти» фирмасына беріледі. «Сайпемнің» 43 пайыз үлесі (16,8 пайыз акциясы) Солтүстік Каспий жобасындағы акционерлердің бірі - итальяндық ENI мұнай-газ компаниясына тиесілі. Алайда, біздің дереккөздеріміз растағандай, «Сайпемнің» қайтадан шақырылу себебі оның ENI-ге тиесілі болғандығында емес - «Сайпемнің» теңізде тұрба жүргізуге арналған маманданған флоты бар. Ал қазіргі жағдайда консорциумның басқа мердігерлерді іздеуге уақыты жоқ.
2006 жылы «Қашаған жобасының теңіз магистралды құбыры» жобасы бойынша жұмыстар үшін «Сайпем» компаниясы «Каспий верфіне» тұрба жүргізетін «Castro-12» баржасын жеткізді. Бұдан басқа, итальяндықтарда траншеялық құбыр жүргізетін «TRB» баржасы бар. Ал өткен жылдың тамызында Каспийге «Теңіз және мұнай-газ жобалары» тобы Saipem SpA тапсырысы бойынша жасалған «Ер-Сай1» құбыр жүргізу баржасы жеткізілді. Оны жасауға 35 млн доллар жұмсалды.
Құрлықтағы жұмыс көлемінің «Бонаттиге» берілуі тендердің басқа қатысушылары үшін күтпеген жағдай болды. Бұл жерде, біздің дереккөздеріміздің хабарлауынша, мүлдем басқа факторлар рөл атқарған.
Мәселе мынада, үш жыл бұрын Аджип ҚКО сол кезде Солтүстік-Каспий жобасының операторы болған кезде, 2011 жылдың мамырында «Болашақ» зауытының аумағына көп көлемде отынның төгілуіне жол бергені үшін «Бонаттиді» «қара тізімге» алған еді. Сол кезде Аджип «Бонаттиден» ластанған аумақты тазартуды талап етті. Алайда «Бонатти» бұрынғы тапсырыс берушісінің тарапынан қойылған талапты орындамады. Ал Атырау облыстық экология департаменті Аджип ҚКО-ға осы төгінді үшін ірі айыппұл салды. Аджип өз кезегінде орындалған жұмыстар үшін «Бонаттидің» төлемдерін «тоқтатып» тастады. Нәтижесінде «Бонатти» өзінің қосалқы мердігер компанияларына қарыз болып қалды.
ENI-дің еншілес компаниясы «Аджип» «Бонаттиді» «қара тізімге» қойғаннан кейін олардың ENI-ге 15 млн доллар көлеміндегі қаржылық талаптары пайда болды. Бонатти талаптарын кері алу үшін ENI тұрбаны ауыстыру жобасына дәл осы компанияны тартуды ұйғарды. Бұл өзінше «өзара есептесу» болатын. Ал түрлі «комиссиялық алым», соның ішінде ENI менеджменті үшін көп ақша керек болғандықтан, «Бонатти» компаниясы 170 млн долларға баға ұсынысын берді. Алайда құбырдың құрлық бөлігіндегі жұмыстардың нақты бағасы 100 млн доллардан аспайды» , - деп бөліседі бізбен бұдан хабардар дереккөздер. Олардың айтуларынша, Стефан де Майе – Солтүстік-Каспий жобасының басқа акционері – американдық Ексон Мобилдің өкілі – «ENI» мен «Бонаттидің» мұндай әрекеттерінен «шошыпты».
Біз НКОК-қа құбырларды ауыстыратын мердігер ретінде «Бонаттидің» таңдалу ықтималдығына қатысты түсінік беру өтінішімен ресми сауал жолдаған едік. Алайда консорциум шығындар мөлшері мен жеткізушілер туралы ақпараттың «құпиялылығын» желеуретіп, бұл сұрақтарға түсінік бермеді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА