Конференцияның үзілісі кезінде «Ашық тариф» қауымдастығы президиумының төрағасы Петр СВОИК «Ақ Жайық» газетіне сұхбат берді.
«ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ КЕРЕК»
- Петр Владимирович, конференция барысында сіз 2009 жылы «тарифті инвестициямен ауыстыру» саясатының енгізілуіне және осыған байланысты коммуналдық төлемдердің өсуіне қарамастан халықтың негізгі «коммуналдық» шығындары әлі алда деп айттыңыз. Бұл тұжырымға келуіңізде қандай негізге сүйендіңіз?
- Жай ғана энергетиктер мен ТКШ-ның 2020 және 2030 жылдарға дейінгі салалық даму бағдарламаларындағы сандарды алайық: онда жарияланған қажетті қаражаттардың көлемі қазір жиналғаннан едәуір көп. Энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салаларға шынымен ақша салу керек. Алайда, басты мәселе осы қаражатты қайдан алуда болып отыр. Өйткені, халық пен кіші және орта бизнестің төлемқабілеттілігі жойылды демегенмен, осыған жақын. Алайда, ақша табылғанның өзінде де олардың тиімді жұмыс жасауына қол жеткізу керек. Шектеулі тарифтерді енгізу тәжірибесі мұның тиімділігі шамалы екенін көрсетуде.
- Иә, сіз бүгін 2009 жылдан бері 1700 мегаваттан аса жаңа қуаттар бұрыннан бар станцияларды жөндеп және жаңғырту жолымен ғана алынды деп айттыңыз. Сіз осы қаражаттарды игеру тиімділігіне сенесіз бе?
- Егер индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәлімдемелеріндегі есептік қаржы құралдарын 1770 Мватт жаңа қуаттар көлеміне бөлсек, орта есеппен бір белгіленген киловатқа 2800 доллар шығады. ал, киловатты «нөлден» жасау 1200-1250 доллар тұрады. Егер американдық немесе еуропалық нормативтерге сенбесеңіздер, қазақстандық Балқаш ЖЭС жобасын алып, болашақ станцияның қуатын оның құнына ЖЭЕ-ге сәйкес бөліңіз. Әр жаңа киловатт үшін 1800 доллардың шамасында болады.
- Қуат көзін шығаратын нысандарды жөндеу мен жаңғырту құны логистика мен басқа да өзіндік факторларға байланысты өзгермей ме?
-Талан-таражға салудың да өз тәртібі бар дегендей, ол жерде жұмыс көп болды, алайда, бұл жаңа станцияны «нөлден бастап» салу емес қой! Ескі нысандардан көп қалған жоқ, 2015 жылға дейін шектеулі тарифтердің есебінен 3300 мегаватт қуат салынады, олар белгілі бір уақытқа дейін жетуі керек, алайда әрі қарай Қазақстанда энергетикалық нысандарды ешкім жөндемейді де, кері салмайды да. Жаңа нысандар құрылысын бастау керек.
- Мүмкін, бұл жағдайда дұрысы осы шығар?
-Мүмкін дұрыс та шығар, алайда бұл тек инвестициялық қана емес, «инвестициялық-құрылыс» киловаты болмақ. Яғни, қазақстандық экономика мен халыққа тек қолданғаны үшін ғана төлеп қоймай, жаңа нысан құрылыстарына инвестицияны қайтарады, ал, бұл құнның басқа тәртібі.
«БЕНЧМАРКИНГТІ ҚОЛАНУ АҚЫМАҚТЫҚ БОЛДЫ»
- Сіз тариф қалыптастыруда қолданылатын жаңа құралдар туралы айттыңыз. Мәселен, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап бенчмаркинг енгізілді, алайда осы жүйенің негізін құрайтын Х-факторды қалыптастырудың көлеңкелігі туралы көп әңгіме болып жүр. Бұл субъективті факторлардың тудырғаны ма, әлде бенчмаркинг бізге қолайсыз құрал ма?
- Бұл өзгеге ұқсаушылықты өте ақылды шешім деп айта алмаймын. 2000 жылдардың басында, экономика өрлеп келе жатқан кезеңде көптеген салаларда әлемдік озық әдістерді белсенді пайдалу басталды. Міне, біз сол кездерден бастап Еуропада табиғи монополияларға қатысты қолданылатын салыстырмалы анализ әдісін өзімізге алдық. Мұндай жағдайларда, біріншіден, тек заңнамалар ғана емес, менталитет те сәйкес келе бермейді. Бізде басқаша қалыптасқан. Яғни, егер еуропалық энергетик тапқан табысынан өзін де, өндірісті дамытуды да ұмытпайтын болса, бізде тап-таза болғанша игеріледі. Екіншіден, кейбір шетелден алғандарымыз сәтсіз болды. Мысалы, Еуропада қолданылатын бенчмаркинг басқа, сәйкес келмейтін ортаға енгізілді. Венгрия немесе басқа жерде жұмыс жасағанмен, бізде, энергетикалық нарықтары оқшауланған Қазақстанда мұндай сызбаны қолдану – дөрекілігім үшін кешіріңіздер, ақымақтық қой. Басты аргумент: егер қандай да бір электрмен қамту компаниясы елдегі тарифтер бойынша бас адамға ақша беріп, ал, ол адам осы ақша үшін белгілі бір тарифті бекітетін болса, бұл жағдайда осы адам емес, жалпы жүйе жаман, яғни, жұмыс жасамайды.
- Ал, сіз не ұсынасыз? Қалайша нормативтік емес шығындарды азайтып, жиналған қаржыларды пайдалану тиімділігін арттыруға болады?
- Бұл оңай. Бірінші тармақ – бұл нормалау. Белгілі бір тұрғыда бұл да бенчмаркинг. Мәселен, сіздің «Атырау Жарық» нормативтік трансформация, колонна шығындарына, бос жүріс, реактивті қуаттылық шығындарына ие. Бұлар аса дербес шығындар, электр жүйелерінің нақты конфигурациясына, тіпті өңірлік ерекшеліктерге байланысты болады. Мұның бәрін нақты кәсіпорынмен нормалау керек және оны бір мәрте жасау қажет. Бұл - білікті төрт маман үшін екі апталық жұмыс. Осы нормативпен тарифтік сметаны құрады. Келесі тармақ – аудит. Мен, айталық, сол Венгрияда қандай екенін білмеймін, бірақ Қазақстанда монополистік компаниялардың қызмет нәтижелері тексерілуі тиіс. Әйтпесе, ешқандай реттеу болмайды. Демек, тұрақты тәуелсіз аудит болуы тиіс. Дегенмен, сол «Атырау Жарыққа» барлық көрсеткіштер бойынша аудит жүргізудің қажеті жоқ. Оны нормативтік көрсеткіштерді орындау тұрғысында тексеру керек, бұл да өте үлкен жұмыс емес. Бірақ ол қызметтің толық көрінісін береді, демек, бұл дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігі деген сөз.
«ҮШІНШІ ТАРАП ҚАЖЕТ»
Бірақ мынадай сұрақ бар: шынымен де ақымақ болып қалмау үшін «Атырау Жарықты» ынталандыратын, олар тиімділікті арттырып, келесіде төменгі тарифке ие болып қалмас үшін шешімді қалай қабылдауға болады? Бұл жерде де оп-оңай. Егер олар бекітілген нормативтерді орындаса, онда бірден тарифке енгізілген еңбекақы қорын алады. Өйткені, электриктерге олар кәсіпорыннан қашпас үшін жақсы ақша төлеу керек. Егер олар тиімділікті жақсартса, онда бүкіл үнемделген қаржыны оларға беру керек. Мұнда, егер сіздер біз бекіткен көрсеткіштерді жақсартсаңыздар, онда біз сіздерге бекіткен және сіздің инфрақұрылым ахуалына нақты сәйкес келетін нормативтерді, мәселен, бес жылда бір рет қайта қараймыз. Біз оларды қисынды мерзімде қайта қараймыз, жақсарту жағына қарай тағы қор қалдырамыз. Айталық, егер компания реактивті қуаттылық өтемақысын ол қымбат болғандықтан пайдаланбаған болса, онда жақсы, келесі бес жылда осы жаққа қарай қозғалыңыздар, деп келісім жасауға болады
Бірақ бұл модель егер процесс ашық болса жүзеге асады, бұл тек үшінші тараптың қатысуымен ғана қамтамасыз етіледі. Қазіргі жағдайда реттеуші мен монополист бар болғанда, нақты ахуалды білу қолжетімді емес. Оны тек суреттеуге ғана болады. Реттеуші «біз білеміз, бізде барлық анықтамалар бар» дейді, бірақ бұл «бейнеленген» білім. Осы білімді нақты ететін үшінші тарап керек.
- Сіз үшінші тарап ретінде кімді көріп отырсыз?
- Бәсекелес ортада емес, бизнес ортасында кәсіби нормалау мен аудит құру керек. Өйткені, бұл салада ешқандай бәсекелестік туралы әңгіме болуы да мүмкін емес (Атырауда мұны ұғынатын 10 адам табылса жақсы). Яғни, монополиске қарсы аудитор-монополист құрылуы тиіс. Байқау бойынша жалдау керек, бұл топқа міндетті түрде тұтынушылар тарапынан өкілдер енгізу керек. Әрине, бұл процесс те сыбайластыққа ұласады, біз өзімізді жақсы білеміз. Бірақ бәрібір сыбайластық жасау анағұрлым төмен болып, қандай да бір электрмен қамтушы компания реттеушімен жекпе-жекте қалып, шартты түрдегі Оспановқа тікелей шығатынына қарағанда, бұл сызба анағұрлым тиімді болады.
«ТҰРҒЫНДАР ЕСЕБІНЕН КӨТЕРУ МІНДЕТТІ ЕМЕС»
- Сіз бүгін ТМРА-ға бірнеше артық функциялардың жүктелгенін айттыңыз...
- ТМРА-ның өзі артық. Егер салалық министрлік бар болса, онда тарифтермен сол айналысуы тиіс. Бұл әбден орынды. Тариф реттеушіні салалық реттеу жоқ жерде құру керек. Мәселен, ол ТКШ-де жоқ. Тарифтің тек пайдалану ғана емес, даму да екенін естен шығармайық. Тариф пайдалану және даму функциясы ретінде саланың ажырамас бөлігі болып табылады, оны ол жерден бөліп алуға болмайды. Егер сен даму үшін жауап бермей, тарифті бөлек реттесең, бұл ақымақтық болады.
- Сіз, айталық, венгрлер мен қазақтар арасындағы менталитет айырмашылығы туралы айттыңыз...
- Дегенмен, екеуі де қыпшақтар (күлді).
- Жалпы, солай. Бірақ бізде ғаламтор пайдаланушылардың 90 пайыз комментарийі негативке құрылған. Монополияларға, ТКШ-ға да қатысты қалыптасқан осындай сенімсіздік қайдан пайда болған және оны қалай өзгертуге болады?
- Мен жауабын беріп өттім. Ашықтық керек. Қатысушылар өз мәселелерін тәуекелге салып шешетін болса, онда «оңбаған монополистер талан-таражға салып, тойынған» деген реакция пайда болады. Монополистер өз трансформаторларының шіріп, сымдарының кернеуді көтермейтінін айтса, бәлкім, шын да шығар, бірақ «олар бәрібір ұрлайды».
Ал, енді, қайда және қандай шығындар бар екенін білетін және тариф мынадай болуы тиіс, ал, ол қазіргіден жоғары болады деп айтатын тәуелсіз мамандар бар деп елестетіп көріңіз. Әрине, бұл абыржытады. Бірақ мұны сырт маман тексеріп, құптады ғой. Аудиттен кейін бір жылдан соң сол маман «міне, осы жерде сонда да ұрлап жатыр, ал мына жерге қаржы салу керек» деп анықтай алады. Сенімді дереккөзден түсетін ақпарат болуы тиіс.
Жалпы, тарифтерді көтеру керек, бірақ қаражатты тек халықтан алу міндетті емес. Бәлкім, энергетика компаниясына несие алып, зейнетақы қорларының қаржыларын тартып, Ұлттық қордың бір бөлігін осы жерге бұру үшін үкіметке жүгінуі керек шығар. Өйткені, шынымен де бірдеңе жасау керек. Бұл жерде бастысы – жалпы принциптерді тұжырымдап, оларды баршаға жеткізу қажет.
- Сұхбатыңызға рахмет.
Жасұлан КӨЖЕКОВ, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.
Суретті түсірген автор