Атырау, 28 қараша 00:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Тұтынушылар тарифтердің ашық болғанын қалайды

1 470 просмотра

Астанада «Ашық тариф» қазақстандық коммуналдық қызметтер тұтынушылары қауымдастығының конференциясы өтті. Онда еліміздің 12 өңірінен келген өкілдерінің үкімет пен мәжіліске тариф қалыптастыру мәселелері бойынша ұсыныстары жинақталды.

Конференцияны Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен «Орталық Азия Даму Институты» қоғамдық қоры ұйымдастырды. ТМРА деректеріне сәйкес, 2009 жылдан 2013 жылға дейін елдегі халық пен кәсіпорындардан «ТКШ-ны 2020 жылға дейін жаңғырту бағдарламасына» сәйкес инвестициялық үстемақы ретінде бұрын жоспарланған 452,4 млрд теңгенің орнына 737 млрд теңге жиналған. Дегенмен, желілер мен жабдықтардың тозу деңгейі мүлдем азаймады деуге болады, әлі сол 70% шамасында. Сонымен қатар, «2010-2015 жылдарға арналған электр қуатын дамыту бағдарламасы» аясында 2009 жылдан бастап енгізілген«шектеулі» тарифтер арқылы тұрғындар мен кәсіпорындардан 661,2 млрд теңге жинау жоспарлануда.

Конференцияға тек парламент мүшелері ғана емес, сондай-ақ, қазақстандық электр қуаты қауымдастығы сияқты салалық ұйымдар өкілдері қатысты. Осы қауымдастықтың төрағасы Шаймерден ОРАЗАЛИНОВ ТМРА-ның электр желілік компаниялар арасында тарифтерді реттеуде қолданатын салыстырмалы анализ (бенчмаркинг) әдістемесін қатты сынады. Оның айтуынша, «Әр өңірлік электр желілері компанияларының өз тарихи желілер конфигурациясы мен тұтынушылары бар және осы компаниялар арасында бәсекелестік жоқ, болуы да мүмкін емес». Қауымдастықтың бағалауынша, өңірлердегі электрмен қамту ұйымдары арасында нақты бәсекелестіктің жоқтығы жағдайында бенчмарк ретінде «электр желілік активтерге үлестік шығындар» бабын қолдану дұрыс емес, ал, ТМРА-ның «Х-фактор» деп аталатын есептеу рәсімі ашық емес және бұл компания мен қоғам тарапынан сенімсіздік тудырады. Бұл уәждермен «Ашық тариф» қауымдастығы да келіседі: осы екі ұйым бірлесе отырып, үкіметке тариф қалыптастыру және ағымдағы және күрделі жөндеудің жылдық сметаларына келісім беру қызметтерін энергетика министрлігіне беріп, ТМРА осы тарифтердің сақталуына бақылау жасауды қалдыру керек деп ұсыныс жасады.

Ш. Оразалиновтың пікірінше, қазір елде «энергокомпанияның жағдайы неғұрлым нашар болса, соғұрлым оның тарифті көтеруге құқы басым» деген парадоксалды жағдай туындады, және өзінің техникалық-экономикалық көрсеткіштерін жақсарту үшін субъектіні ынталандыру құралдары жоқ.

Ол ассоциацияның атынан бүгінгі күні үкімет пен парламентте энергетиктердің еліміздегі барлық РЭК үшін салыстырмалы талдау әдісін алып тастап, оның орнына тарифтің пайда болуын ынталандыратын әдісін әзірлеу және тәулік аймақтары бойынша дифференциалды тарифтерді алып тастау секілді бастамаларын көтеріп келетінін жасырмады.

10 желтоқсанда парламенттің төменгі палатасына заңнамалық актілерге табиғи монополиялар мен реттелетін нарық мәселелері бойынша өзгертулерді қарастыру енгізілді. ТКШ мен энергетикадағы реформаларды ынталандыру шараларының бірі ретінде парламент спикері Қабиболла ЖАҚЫПОВ босатылған қаржының инфрақұрылымды модернизациялауға бағытталуы үшін монополистерге салық каникулдарын беру туралы ұсыныс енгізді.

Тараптардың талқылаулары мен дәлелдеріне қарағанда, бұл саладағы шамадан тыс реформалар енді ғана қолға алынуда.  

Жасұлан КӨЖЕКОВ, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.

Cуретті түсірген автор

11 желтоқсан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.