Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағында бизнесмендер прокуратура, тұтынушылар құқығын қорғау департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті және т.б. мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу өткізді.
БӨЛЕК ЖАУАПКЕРШІЛІК
Биылғы жыл тексеру мораторийінің арқасында, кәсіпкерлер үшін салыстырмалы түрде тыныш өтті. Осы уақыт ішінде президент тапсырмасымен бизнесті жүргізу үшін заңдар дерекқорын жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту шаралары алынуы тиіс болды.
– Көптеген министрліктер қайта ұйымдастырудан өтті. Кәсіпкерлік проблемасымен ұлттық экономика министрлігі айналысады. Оған экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің, өңірлік даму министрлігінің, табиғи монополияларды реттеу агенттігінің және басқа ведомоствалардың функциялары берілген. Мұның бәрі енді бір министрлікке шоғырландырылды, - деп атап өтті Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВА.
Ал кездесуге 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа ҚР Әкімшілік кодексі себеп болды. Кәсіпкерлік қызметке қатысты басты жаңалықтар туралы Одақ заңгері Валентина КЛИМЕНКО әңгімеледі.
– Көбінесе кәсіпкерлер өздерінде білікті заңды көмек алуға мүмкіндік болмағандығына қынжылыс білдіреді. Бүгінде жаңа кодекске сәйкес, егер сіздің заңгерге жүгінуге мүмкіндігіңіз болмаған болса, онда сіздің ісіңізді қарайтын лауазымды тұлғаға өтініш беруге құқылысыз. Содан соң сізге дайындалу үшін уақыт беруге тиіс, - деді В.Клименко. Ол кәсіпкерлердің тегін заңды кеңестерді Одақта да, «Даму» қорында да және кәсіпкерлер палатасынан да ала алатындарын айтып өтті.
Келесі жаңалық – жеке кәсіпкер қай уақытта, заңды тұлға қай уақытта әкімшілік жауапкершілікке ие болатын жағдайларға шектеу қойылатын болды. Бұрын айыппұл кәсіпорын қызметкеріне де, кәсіпорынға да салынып, нәтижесінде бизнесмендер қос шығынға ұшырайтын. Тағы бір маңызды жайт: бұрын Әкімшілік кодексінде еңбек туралы заңнаманың бұзылғандығы туралы жалпы бір норма болатын. Жаңа кодексте әрбір заң бұзушылық жеке-жеке жазылған және әкімшілік жауапкершілік құқық бұзушылықтың ауырлық дәрежесіне қарай өзгешеленеді.
Облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі бөлім бастығы Мәди МҰХСАНОВ әділет органдарының жұмыстарына қатысты өзгерістерді атап өтті. Бұрын департамент қызметкерлері үш бап бойынша: 128-бап («Өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өнеркәсiптiк үлгiлерге, селекциялық жетiстiктерге, интегралдық микросхемалар топологияларына құқықтарды бұзу»), 129-бап («Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу») және 145-бап («Бөтен тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, тауар шығарылған жердiң атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану») бойынша хаттамалар толтыратын. Ал 1 қаңтардан бастап әділет департаменті тек 145-баппен ғана айналысатын болады. Енді басқа екі бап бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
1 ҚАҢТАРҒА ДЕЙІН САТЫЛСЫН
Салық саласындағы едәуір өзгерістер.
– Салықтар бөліп шығарылатын бюджеттік жіктелімнің 208 кодынан (БЖК) қазір 89-ы қалды. БЖК тізімін www.salyk.gov.kzсайтынан білуге болады. Бұл салмақты сұрақ: егер жаңылыс басталса, төлемдер баратын жерге түспей, берешектер туындайды. Корпоративті табыс салығының жеті кодынан тек екеуі ғана қалды. Реквизиттер өзгерді, төлем тапсырмаларына біздің департаменттің жаңа атауын көрсету керек, - деп хабарлады Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының бастығы Батырбек ЮСУПОВ.
Жоспарлы тексеру, оның айтуынша, жүргізілмейтін болады. Ал жоспардан тыс тексеру тәуекелдік деңгейіне – кәсіпорынның салық жүктемесі коэффициентіне қарай жүргізілетін болады. Кәсіпорын неғұрлым көп салық төлесе, тәуекелдік соғұрлым төмен болады деп есептеледі.
– Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауға тиесілі нысандар жұмыстарын бастау үшін санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуға тиіс екенін білесіздер. Жыл бойына осы норманы шағын бизнес субъектілері үшін алып тастау мүмкіндігі талқыланды. Алайда бұл ұсыныстар заңды түрде құпталған жоқ, сондықтан бұл мәселе бұрынғы күйде қалады, - деді Департамент бастығының орынбасары Ерболат УАИСОВ.
Департамент өкілдері 1 қазаннан бастап Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сай келмейтін алкогольдік өнімдерді әкелу тоқтатылғанынын еске салды. Ал кәсіпкерлер көрсетілген мерзімге дейін әкелген өнімдерді биылғы жылдың аяғына дейін сатып үлгеруі керек. 1 қаңтардан бастап олар сөрелерде болмауы тиіс.
Зульфия ИСКАЛИЕВА