Атырау, 27 қараша 21:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Ақтөбе де Жайықты ластап жатыр

3 400 просмотра

Атырауда Жайық-Каспий облысаралық су шаруашылығы инспекциясының бассейндік кеңесінің отырысы өтті.

Инспекция бастығының орынбасары Ғалидолла АЗИДУЛЛИННІҢ хабарлауынша, кеңес отырысында «Ақбұлақ» АҚ-ның (Ақтөбе қаласының су каналы) тазартылмаған кәріздік сарқындылары тасталатын Жайық өзенінің тармағы – Елек өзенінің ластану мәселелері қаралған. 

- «Ақбұлақ» негізінен Елекке су тасқыны кезінде сарқындыларды төгеді. Біз сарқындыларды тазарту деңгейін «шартты тазадан» «нормативті тазаға дейін» жеткізу жөнінде мәселе қоямыз. Бүгінде жер жүзінде сарқынды суларды ауыз су сапасына дейін тазартатын технологиялар бар. Елек өзенінің ластануы жұқпалы аурулар тұрғысынан тек Қазақстан халқы үшін ғана емес, Ресей үшін де қолайсыз. Өйткені Елек – трансшекаралық өзен, - дейді Ғ.Азидуллин.– Біз «Ақбұлақ» басшылығының ұсыныстарын тыңдағымыз келген, бірақ олар отырысқа келмеді.

Сонымен қатар, қазіргі кеңесте Қарабатандағы өнеркәсіптік аймақты сумен қамту мәселесі қаралды. Су бұл жерге «ҚазТрансОйл» АҚ-ның «Астрахан-Маңғышлақ» құбыры арқылы келеді. Аймақтағы кәсіпорындар саны күн сайын көбеюде, су тұтыну да артып жатыр. «ҚазТрансОйл» АҚ өкілі кәсіпорынның суға сұранысы бүгінде ішінара жабылатындығын түсіндірді. Болашақта Қиғаш өзенінен су алуды көбейту жоспарланған. Ол үшін құбыр мен сорғы стансасын қайта жарақтау керек. Бүгінде Қиғаштан тұрбаға тәулігіне 90 мың текше метр су тартып алынады. Таяу бес жылда бұл көлем үштен екі есеге көбейетін болады. Айтпақшы, биыл жаз ортасында Қиғашта су деңгейі күрт төмендеп кетті. Су инспекциясының қызметкерлері ресейлік әріптестерімен келіссөздер жүргізіп, олардан Волгоград су қоймасынан су жіберуді секундына 300 текше метрге көбейтуді өтінді. Осылайша, құрманғазылықтар үшін проблема жойылды.

Ғ. Азидуллин Жайық өзенінің тайыздануына қатысты «АЖ» сұрақтарына жауап берді:

- Соңғы жылдары облыс тұрғындары Жайық өзенінің тайыздануына Ириклинск су қоймасынан өзенге су жібермейді деп, ресейлік сушыларды жаңсақ айыптап жүр. Бірақ бұл олай емес. Биыл тасқын ағыны қалыпты болды. Соңғы жылдары Ириклинск су қоймасынан Жайық сағасына судың түсу жылдамдығы секундына 15-тен 30 текше метрге дейін көбейді. Ал биыл бұл көлем тағы екі есеге – секундына 60 текше метрге дейін көбейді. Оған қоса Сақмар өзенінің орташа жылдық ағындылығы секундына шамамен140 текше метрді құрайды. Менің ойымша, біздің өзеніміз Каспий теңізінің су деңгейі төмендеп, өзен суы төменге қарай тез ағып кететіндіктен тайызданып жатыр.

Каспийдегі су деңгейі біресе көтеріліп, біресе төмен түсіп, өзгеріп отырады. Ғалымдар бүгінде болжам жасауға іркіледі, өйткені қатаң мерзімділік жоқ. Өзгеру себебін олар Каспийдің Дүниежүзілік мұхиттан бөлінгендігімен байланыстырады. Сондықтан оның деңгейі теңіз бассейніндегі климаттық жағдайлардың өзгеруіне өте сезімтал келеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

4 желтоқсан 2014, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.