Атырау, 11 желтоқсан 14:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Жемқорлық қай батпақта мекендейді?

2 750 просмотра

Алматы қаласында қазақстандық Үкіметтік емес ұйымдар (оның ішінде атыраулық), мемлекеттік құрылымдар, сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың қатысуымен «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлық: Қауіптіліктегі қауіпсіздік!» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың арасында Еуропалық парламенттің депутаты Марек МИГАЛЬСКИЙДІҢ болуы оның мәнін аша түскендей болды.

 - Сыбайлас жемқорлық пен демократия бір-біріне қарама-қайшы ұғым, - деп мәлімдеді еуропалық депутат.

Дұрыс қой. Оған кімнің дауы бар... Біздің үкіметтік емес ұйым мүшелері де мінбеге көтерілді.

«Демос» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан ҚИЗАТОВАНЫҢ пікірінше, жемқорлықпен күрестегі бірінші кезектегі міндет біздің елімізге  адам құқықтары жөніндегі Страсбург сотының юрисдикциясын автоматты түрде тарататын Еуропа Кеңесіне Қазақстанның кіруі болып табылады.

- Сөзсіз, саясаттандырылған сот процестері бойынша әділ шешімге қол жеткізу біздің сотта мүмкін болған жоқ және болмайды да. Бірақ жаңа өзгерістердің Қазақстан азаматтарына септігі тиюі де мүмкін. Әрине, егер олардың өздері істерін Страсбургке дейін жеткізуге табанды болса ғана. Және бұл мүмкіндік аз-мұз пұл үшін кез-келген заңсыз шешімді «бейнелеуге» дайын судьялардың тәбетіне шектеу салған болар еді.    

Ал «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс БОҚАЕВ мұнай өндіруші компаниялардың ашықтығы жөнінде және жекелей алғанда фирма аралық қарыздар, яғни, еншілес компаниялардың сыртқы міндеттері туралы мәселе көтерді. 

- ҚР сыртқы жиынтық қарызының көлемі 52 миллиард долларды құрайды. Бұл кең көлемді сыбайлас жемқорлық «батпағы»,-дейді М.Боқаев. Ол «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ның  «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының облигацияларын 1,5 миллиард долларға сатып алуын мысалға алды:

- Демек, ҚМГ ҰК 1,5 миллиард долларға қарыз алады, ал, еншілес  компаниясы - «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бұл қарыздарды өтейді. Бұл «Ромпетрол» компаниясындағы ҚМГ ҰК-ның проблемалық активін қолдау үшін жасалғандығы белгілі. Қалай болғанда да қомақты ақша «Самұрық қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына  және ҚМГ ҰК басшылықтарының қателіктерін түзетуге кетті деп сенімді түрде айтуға болады. Осыны біле тұра, соңғы кездері жиі бой көтеріп отырған мұнайшылардың ереуілдерін негізсіз деп қалай айтуға болады?

Сәния ТОЙКЕН

11 тамыз 2011, 16:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.