Атырау, 24 сәуір 01:32
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

"Канал құрылысы экологияға зиянын тигізеді"

5 434 просмотра

Каспий итбалығы. Фото: abirvalg.netКаспий итбалығы. Фото: abirvalg.netБүгін, 26 қарашада Атырауда  «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі нысандар үшін жүктер тасымалдау бағыты. Көлік кірме жолдары бар жағалау ғимараттары мен құрылыстар» жобасының Қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі «ТеңізСервис» ЖШС-нің қоғамдық тыңдауы өтеді.

 

ҮШЕУДІҢ БІРЕУІ

Ал белгілі болғандай, осы компанияның алдыңғы – айлақтық құрылғылары бар теңіз каналын салу жобасы экологтардың салмақты қарсылықтарына қарамастан  мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған болатын. «АЖ» қорытындыны Атырау облыстық экология департаменті емес, облыстық әкімдіктің бөлімшесі – табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бергенін анықтады.

Естеріңізге салсақ, әңгіме теңіз каналының құрылысы туралы болып отыр. Ол бойынша «Теңізшевройл» ЖШС-нің Үшінші буынды зауытының құрылысына арналған дайын модульдер Теңіз кенішіне Ақтау айлағы арқылы теңіз кемелерімен жеткізілетін болады. Ол үшін Солтүстік Каспийдің оңтүстік-шығыс бағытындағы теңіз түбімен ұзындығы 55 шақырым және тереңдігі 5 метрге дейін болатын кеме жүру каналын қазып, Прорва маңындағы теңіз жағасына жүктерді тиеу/түсіруге арналған айлақтық кешен және суға батқан жағалау аймағына жалпы қолданыстағы жолдарға дейін 10-20 шақырым бөгет салу жоспарланған. Жоба құны 2013 жылы 600-700 млн доллар құраған еді.

«ТеңізСервис» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұлттық компаниясының еншілес құрылымы (48,99 пайыз).

Қалған бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі, олардың арасында Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ аты аталады. Сондай-ақ, 2007-2010 жылдары «ТеңізСервис» ЖШС-іне Теңіз бен Қашағандағы ККЖ секілді ірі жобалардағы қазақстандық қамту мәселелеріне жетекшілік ететін қазіргі ҚР энергетикасының вице-министрі Мағзом МЫРЗАҒАЛИЕВ символикалық түрде басшылық етті. ЖШС корпоративтік сайттағы ақпараттарға сәйкес, жағалау инфрақұрылымын құру және пайдалану жөніндегі Каспий теңізінің қазақстандық секторын мемлекеттік игеру бағдарламасы шеңберінде жобаларды жүзеге асырады. Дәл осы компания кезінде мұнай төгінділеріне Солтүстік-Каспий әрекет ету базасын салған болатын. Оның Солтүстік Каспийдің қорықтық бөлігіне салынуына жергілікті экологтар табандап қарсылық білдірген болатын. Олардың дұрыстығын кейінірек «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ бас директорының кеңесшісі Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ жанама түрде мойындап, өзінің орналасуы тұрғысында база қысқы уақытта мүлде пайдасыз деп мәлімдеді.

Теңіз каналына оралсақ: бастапқыда жоба тек Теңіз кенішіне арналды. Алайда кейіннен «ТеңізСервис» ЖШС өкілдері каналды «Қашаған», «КМОК», «Сәтпаев», «Жамбыл», «Оңтүстік» және т.б. құрлықтағы және теңіздегі кеніштерін игеріп жатқан компаниялар пайдаланатын болады деп мәлімдеді. Яғни, ықтимал серіктестер  - ТШО, NCOC және «ҚазМұна       йГаз» ҰК АҚ-на кіретін компаниялар.

Жүктерді жеткізудің осы бағыты (ЖЖБ) ТШО ұсынған Солтүстік (Жайық өзені арқылы), Оңтүстік (Ақтау айлағынан Теңізге дейін құрлықпен) және теңіз каналының өзі (ең қымбат тұратын нұсқа) болатын үш бағыттың бірі болды. Алайда, ол «Теңізшевройлдан» гөрі, бекіре тұқымдастар мен итбалықтар санын мүлдем азайту тұрғысында Каспий маңы тұрғындары үшін қымбатқа түсетін секілді.

 

БЕКІРЕЛЕРДІҢ ТІРШІЛІГІНЕН АРТЫҚ ПА?

Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы кезінде осы жоба бойынша теріс қорытынды берген еді.

- Біз бірнеше ай бойы «ТеңізСервиспен» қатынасхаттар жүргіздік. Олар ұсынған жоба бойынша каналдың ұзындығы 55 шақырым, ені 66 метрді құрайды. Топырақты алып тастағаннан кейін каналдың екі бүйірінде әрқайсысының ені 250 метрден және су деңгейінен биіктігі 1-1,5 м болатын үйінділер түзілетін болады, - дейді Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бас маманы Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ. - Өз тарапымыздан біз оларға Каспийдің терең сулы бөлігіне үйінді топырақтарын шығаруды ұсындық. Алайда «ТеңізСервис» мұны экономикалық тұрғыда тиімсіз деп қарсылық білдірді. Бұдан басқа, мен оларға теңіз каналының трассасы бекіре тұқымдастар мен итбалықтардың қыстайтын жерлеріне жүретін жолдарына кесе-көлденең жатырғанын жаздым. Оған кеме қатынасы тұрақты емес, уақытша сипатта екенін – модульдер тиелген кемелер айына бір рет келетінін, жануарлар өту үшін құрылысшылар өтпелі тұрбалар қарастырылатындығы туралы жауап келді. Біз бұл нұсқаны қабыл алмадық. Сол кезде олар топырақты желі бойына тұтастай емес, аралықпен аралдар секілді төгуді ұсынды. Алайда бұл проблеманы шешпейді. Бізде Қашағанда аралдар жеткілікті. Бұдан басқа, кеме өту кезінде бұл аралықтар қайтадан лайланып, бітеле бастайды. Жыл сайын су түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет болады. Жалпы экологияға каналды салу кезеңінде зиян тигізіледі: фитопланктон толықтай қырылып, балық үшін азық болатын су түбіндегі организмдер жойылады. Каналдың екі бүйіріндегі бүкіл тіршілік атаулы да топырақ үйіндісінің астында қалып, осылайша зардап шегеді. Мен «ТеңізСервиске» құрылыстан бір мәрте шегетін зиянды емес, каналдың Каспийге тұрақты әсерін есептеуді ұсындым. Ақтауда арнайы халықаралық теңіз айлағы тұрғанда, оларға осы жерден тағы бір айлақ салудың қажеті қанша деп сұрадым. Модульдарды сол жерден түсіріп, Теңізге дейін жол бойымен апарыңдар дедім. Маған мұның қымбатқа шығатынын айтты. Сонда жол салғаннан гөрі, бекіре тұқымдастарды қырып тастаған тиімдірек болғаны ғой!

ҚРЭкологиялық кодексінің 262-бабының 13-тармағының негізінде «суда жүзетін және су маңдарындағы құстардың ұя салатын орындарын бұзуға, сондай-ақ бекіре балықтарының уылдырық шашу орындарына баруына кедергі орнатуға тыйым салынады». ҚР «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңына және ҚР «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» заңына сәйкес, мен «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі нысандар үшін жүктер тасымалдау бағыты. Солтүстік Каспий теңіз каналының айлақтық құрылыстары»жобасын мақұлдау мүмкін емес деп есептеп, жүктерді Ақтау теңіз айлағы арқылы тасымалдауды жүзеге асыруға кеңес бердім. Менің білуімше, экология департаментінде «ТеңізСервиске» осындай сараптама  қорытындысын берді. Алайда соңғы рет мен олардың қолдарынан табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын көрдім. Осыған байланысты менде мынадай сұрақ туындады: облыстық мекеме халықаралық маңыздағы су айдынының тағдырын шешуге құқылы ма?

 

«ТАЛАПТАР ОРЫНДАЛМАДЫ»

Біздің қолымызға облыстық экология департаментінің «ТеңізСервис» ЖШС-не, «Виттевеен+Бос Каспиан» ЖШС-не және «ЦДЗ и ГИС “Терра”» ЖШС-не жолдаған, 19.03.2013 жылғы «Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Жүктерді тасымалдау бағыты» жобасына арналған техникалық-экономикалық негіздемеге «Қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау» жобасы бойынша ұсыныстар мен ескертулер» құжаты түсті. Онда, атап айтқанда, келесі ескертулер жазылған:

«Бұл жобаны Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қарап шықты. Ол жерде теңіз биоқорларына теріс әсері болуына (бағалы балық түрлері мен итбалықтардың көшу жолдарына нұқсан келтіруге) және теңіздің терең сулы бөлігіне топырақ үйіндісін төгуден бас тартылғанына байланысты мақұлданбады. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының келісімін ұсыну керек».

Сонымен қатар, Экология департаменті ҚР Экологиялық кодексінің 41-бабына сүйене отырып, жобада «аумақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мүдделері сақталған нысанның орналасу орнының негіздемесін ұсыну талап етілді, алайда бұл талап жобада қарастырылмаған және орындалмаған» деп көрсетіпті.

Өз ұсыныстары мен ескертулерін департамент сол кездегі Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне (қазіргі Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті) жолдады.

Көрініп тұрғандай, жергілікті деңгейдегі бірде-бір құзырлы органдар кезінде осы жоба бойынша оң қорытынды бермеген. Алайда, «ТеңізСервис» бұған еш қиналмағанға ұқсайды. Уақыт өткеннен кейін ЖШС басшыларының бірі бейресми әңгіме барысында теріс қорытынды берілгеніне қарамастан жобаның Астанада мақұлданғанын айтып мақтанған еді.

 

ЕКІНШІ САНАТТАҒЫ ҚОРЫТЫНДЫ

Алайда табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан оң қорытынды алу қалай мүмкін болды? Бұл сұраққа жауап – біздің қолымыздағы тағы бір құжатта бар. Бірақ алдымен Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес бүкіл нысандар қауіптіліктің бірнеше топтары мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет белгілейтін тиісті санаттарға бөлінетінін еске салайық.

Каспий теңізінің қорықтық аймағына мұнай компаниясының мүддесіне қызмет көрсету үшін Каспийдің қорықтық аймағынан қазбақ болып отырған теңіз каналы 1-санатқа және қауіптіліктің осындай тобына жатқызылуы тиіс екендігі тіпті қарапайым адамға да түсінікті. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы ҚР Энергетика министрлігінің аймақтық бөлімшесі ретінде облыстық экология департаменті жүргізуі тиіс.

Алайда Атырау облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Өмірзақ ЗИНУЛЛИНДЕ басқаша пікір қалыптасқан. 01.04.2014 жылғы өз қорытындысында ол жобаға талдау жасап, санитарлық ережелердің талаптарына сай деп танып, оны 2-санатқа жатқызды. Құжаттан үзінді келтірейік:

«2012 жылдың 17 қаңтарында №93 ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Өндірістік мақсаттағы ғимараттарға қойылатын санитарилық-эпидемиологиялық талаптарда» теңізде жұмыс жасау кезінде санитарлық-қорғау аймақтары белгіленбеген. Бұл құрылысшылардың далалық лагерлері жұмыс істеген кезеңге қатысты. Олай болса, жұмыстардың осы түрлерін сыныпталмайтын қызмет түрлеріне жатқызуға болады (ҚР Экологиялық кодексінің 40-бабының, 1-1 тармағы). 71-бапқа сәйкес (2-1-тармақ) өндірістік объектілердің санитариялық сыныпталуына сәйкес сыныпталмайтын қызмет түрлері маңыздылығы және бағалау толықтығы бойынша ІІ санатқа жатады».

Осы қорытындының негізінде теңіз каналының құрылыс жобасы облыстық әкімдіктің бөлімшесінде – табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында қарастырылып, оң қорытынды шығарылған.

 

ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚ

Ал, «ТеңізСервис» ЖШС-нің бизнес-жоспарына сәйкес, болашақта жүктерді тасымалдау және басқа мақсаттар үшін бағытты жаңарту және кеңейту мүмкін болады. Мәселен:

- теңіздегі Солтүстік Каспийді игеруді қолдау базасы;

- теңіздегі және құрлықтағы кеніштерді игеру үшін түрлі жүктерді тиеу-түсіру және сақтау;

- болашақта ықтимал дамыту үшін мұнайды және қайталама өнімдерді экспорттау терминалы ретінде.

Соған қарағанда, бекіре тұқымдастар мен итбалықтардың Каспийдің осы аймағында тіршілік ету мүмкіндігі қалмайтын секілді.

«Теңізшевройл» ЖШС-де де, «ТеңізСервис» ЖШС-де де үлесі бар отандық «ҚазМұнайГаздың» ұстанымы жұмбақ күйде қалып отыр. Неліктен қазақстандық тарап анағұрлым арзан және анағұрлым қауіпсіз Оңтүстік бағытты – Ақтаудан Теңізге дейін модульдерді тасымалдау үшін сапалы әрі кең жол салуды қолқаламаған? Бұл жоба бойынша бәрі де: ТШО да, қазақстандықтар да ұтар еді. Бірақ мемлекет билігіндегілердің өз себептері бар екені анық.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

26 қараша 2014, 16:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.