Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының мәліметтеріне сәйкес, 1 маусымдағы жағдай бойынша Атырау облысында шамамен 3 мың жұмыссыз адам тіркелген екен. Әрине, нақты цифр, бұдан әлдеқайда көп, көпшілігі жұмысты еңбек биржасына бармай-ақ, өз беттерінше іздейді. Жұмыс іздеу барысындағы кездесетін кедергілер және олардан қалай құтылуға болатындығын бізге рекрутингтік агенттікте Александра Вакурова өзінің жұмыс тәжірибесімен бөлісе отырып, әңгімеледі.
БІРІНШІ ТҰЗАҚ: ТӨЛЕ ДЕ КҮТ
– Мұндай күнәға өздерін рекрутингтік компания деп есептейтін көптеген агенттіктер барып отыр. Адамдар оларға өздеріне жұмыс тауып береді деген үмітпен түйіндемелерін әкеліп тастайды. Бастапқыда жұмыс іздеушіге агенттіктің қызметі үшін ақы төлеуді ұсынады. Оның көлемі 500-ден 5000 теңгеге дейін болуы мүмкін және ол онымен шектеліп те қалмайды,-дейді Александра. – Жұмыс іздеуші адам ақшасын береді, оның түйіндемесін дерекқорға енгізеді және жұмыс беруші табылған бойда бірден қоңырау шалуға уәделерін береді. Күткенде ұзақ күтуге тура келеді, кейде, тіпті, қоңырау шалынбастан қалады. Ал, осыған бола өз талабыңызды қойып, себебін білуге тырыссаңыз, сіздің кандидатураңыз жұмыс берушілерді қызықтырмады деген жауап аласыз. Олардың бос жұмыс орындарын іздеген-іздемегендерін тексеруге мүмкіндік те жоқ.
Осындай кадрлық агенттіктерге жүгінген адамға кедергілерге ұрынбас үшін келісім-шартпен мұқият танысып алу керек.
– Келісім-шартта екі тараптың құқықтары мен міндеттерінен басқа төлемақының қандай мөлшерде төленетіндігі және жұмысқа орналастыру мәселесін агенттік қандай мерзімде шешеді, сол туралы түсіндіріліп кетуі тиіс,-дейді Александра. – Ал, бастысы- келісім-шартта көрсетілген міндеттер орындалмаған жағдайда рекрутингтік компания ақшаны қайтаруға міндетті деген тармақ болуы керек. Егер келісім-шарт атүсті жасалған болса немесе сізге ешқандай шартты ұсынбаған болса, онда ол адамдарға сенуге және оларға ақша төлеуге бола ма деген ойға келуіңіз керек.
ЕКІНШІ ТҰЗАҚ: БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ТІЗІМІН САТЫП АЛ
Адамдарды алдауға тырысатын арсыз рекрутингтік компаниялар туралы әңгімемізді жалғастыралық. Олардың кейбірі түйіндемені қабылдай отырып, жұмыс іздеушіге бос жұмыс орындарының тізімін ақылы түрде ұсынады. Жұмыс іздеп табан тоздырған адам үшін жұмыс берушілердің тізімінен артық не бар?!
- Өз ісіне адал емес рекрутер баршаның қолданылуында жүрген бос жұмыс орындарының тізімін интернеттен алады да бере салады. Сондықтан да газеттегі хабарландырулар мен интернеттегі жарнамаларды өз көзімен шолып шыққан жөн!
ҮШІНШІ ТҰЗАҚ: АЛДЫМЕН ІСКЕРЛІГІҢДІ КӨРСЕТ
Көптеген компаниялар сенгіш мамандарды тегін пайдаланудан қашпайды. Көбіне бұл қармаққа жұмыс тәжірибесі жоқ, кез-келген жұмысқа араласып кетуді армандаған жоғары оқу орындарының түлектері ілігіп қап жатады.
- Алайда, кейде, жұмыс таба алмай жүрген тәжірибелі деген мамандардың өздері де ұрынып қалады. Есепшілер, аудармашылар, жүйе әкімшілері, дизайнерлер, қаржыгерлер мен экономистер, міне, олардың барлығы қулықтың құрбандары бола алады, - деп ескертеді Александра. – Жұмыс берушімен болған әңгімелесуден кейін, ол жұмысқа алатын адамын тексеріп көргісі келеді де, мәселен, есепшіге әлдебір есепті тапсырса, аудармашыға мәтінді аударуды, заңгерге келісім-шарт жасауды, жүйе маманына желілер жұмысын реттеуді, экономистке компанияның даму жобасын дайындауды тапсырады. Жұмыс орындалды, жұмыс іздеушіге хабарласуға уәде береді, одан әрі ол ұзақ тыныштыққа ұласады. Жұмыс берушінің қандай да бір тексеру жүргізуге құқығының жоқ екендігін білу керек. Бұл мақсат үшін біздің заңнамаларымызда бір айдан үш айға дейінгі сынақ мерзімі қарастырылған және оның міндетті түрде ақысы төленеді.
ТӨРТІНШІ ТҰЗАҚ: ҮЙДЕН АТҚАРЫЛАТЫН ЖҰМЫС
Алдап соғудың мұндай түрі қазір Интернетте жиі кездеседі.
-Адамға айтарлықтай ақы төленетін жұмыс ұсынады, мәселен, мәтінді теру, жан-жаққа хат жолдау. Ол үшін оның бәріне компьютер мен Интернет керек. Барлығы жаман емес секілді. Бірақ, ол жұмыстарды егер сіз электронды есепшотқа ақша салғанда ғана ұсынатын болады. Соның нәтижесінде кейде ақша түскеннен кейін «жұмыс беруші» жоғалады немесе олардың салған салымдарының пайызына уәде етіп, тағы да бір ақымақтарды іздестіреді. Дегенмен, үйде жасалатын жұмыстан түбегейлі қашуға болмас, Интернетте фрилансерлер үшін ұсыныстары бар барынша тексерілген сайттар жоқ емес. Солар арқылы атқарылған жұмыстар үшін соңында ақша алуға болады.
БЕСІНШІ ТҰЗАҚ: ЖЕЛІЛІК МАРКЕТИНГ
Бұл жерде желілік маркетинг болды және бола бермек деп айтқың келеді. Қазір олар өздеріне жаңа адамдарды қосып алу үшін газеттерге қызметкерлер штатының көбейгендігі, жалақының өскендігі туралы хабарландырулар береді. Қармаққа іліккен адам, кеңсеге келіп, компанияның таңдаулы деген өнімдері және сол жердегі адамдардың тауып отырған керемет табысы туралы лекцияны тыңдауға мәжбүр болады.
- Әрине, қазір желілік маркетинг құрығына іліне қоятын адамдар саны осыдан он бес жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда өте аз. Бірақ, олар өкінішке қарай, әлі бар,-дейді Александра. – Оларға тауар сатып алуды ұсынады. Олар оны сата ала ма, алмай ма, мәселе, сонда.
АЛТЫНШЫ ТҰЗАҚ: «ЖОҒАРЫ ТАБЫСТЫ БИЗНЕС»
Құлпынайды тікелей пәтерде өсіруге және одан ай сайын кем дегенде 30 мың теңге табуға болады. Дәл осындай технологиямен саңырауқұлақтан да пайда табуға мүмкіндік бар. Ол үшін декаративті плиталар жасап көр. Алайда, оның бәрі бір ғана шарт бойынша – сіз технологияны және қажетті материалдарды сатып алғанда ғана жүзеге асады. Айталық қарапайым ғана бағамен, яғни, бір мың долларға.
– Алайда, құлпынайдың өнімі сіздің барлық шығыныңызды жабатындығына, ал, декаративті плита тұтынушылардың сұранысына ие болатындығына кепілдікті ешкім де бермейді. – Уәделерге сенім арта беруге болмайды, дегенмен, шынымен де сол іспен айналысқыңыз келсе, ондай технологияларды Интернеттен іздеп көріңіз. Бәлкім, сіз үлкен табыс әкелетін бизнестің құпиясын тегін ашып аларсыз?! Дегенмен, сынап көру үшін қажетті материалдардың біразын ғана сатып алуыңызға да болады ғой!? Қысқасы, баршаңызға мұқият және сақ болыңыздар дегім келеді.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Жұмысқа орналасу барысында Сізді мынадай жағдайларда алдай алады, егер:
• Жұмыс берушіге сіздің түйіндемеңіз қажет болмаса.
• Телефонмен сөйлесу барысында немесе электронды пошта арқылы хат жазған кезде сізден біліміңіз бен жұмыс тәжірибеңіз туралы сұрамаса немесе соған қарамастан кездесу күнін белгілесе.
• Сізге жұмысқа кіргенге дейін оқу немесе тауар үшін әлдебір төлемақы жүргізу қажет болса.
•Сізге көрсетілген мамандық бойынша ұсынылатын еңбекақыдан бір жарым- екі есе жоғары еңбекақы ұсынса.
• Сізге еңбек шартын жасамастан аз еңбекақыға жұмыс істеуге тура келсе.
Арамза рекрутингтік компаниялардың құрбандары «бастан құлақ садақа» деп, үндеместен одан әрі жұмыс іздестіруді жалғастыра береді. Бірақ, ондай жағдайда құзырлы органдарға шағымданған жандар да болды. Мәселен, өткен жылғы елді шулатқан «Самғау» рекрутингтік агенттігінің алданған клиенттеріне қатысты жағдайды алайық. Қомақты ақшаға ірі мұнай компанияларына жұмысқа орналастыруды уәде еткен олардың қызметінің гонорары 50 мың теңгеден басталды. Осы «Самғау» арқылы жұмысқа орналаспақшы болған тоғыз жұмыссыз агенттіктен 830 мың теңгені өндіріп алу үшін сотқа шағымдануға мәжбүр болды. Осы тоғыздың айтуынша, «Самғаудан» кем дегенде екі жүздей адам зардап шеккен.