Бірінші тапсырма - шағын және орта бизнеске қолдау көрсету. Бұл бағытты одан әрі дамыту үшін алдағы уақытта 100 млрд теңге бөлінуі тиіс.
Екінші тапсырма - проблемалық несиелер қорын 250 млрд теңге көлемінде қаржыландыру арқылы банк секторын сауықтыру.
Үшінші тапсырма экономикаға жаңа инвестиция тартуға көмектеседі, сондай-ақ, "Қорғас - Шығыс қақпасы", Атырау мен Тараздағы "Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі" сынды арнайы экономикалық аймақтардағы инфрақұрылым құрылысын аяқтауға септігін тигізеді.
Төртінші тапсырманы орындау арқылы ЭКСПО-2017 нысанының құрылысы аяқталмақ.
Бесінші тапсырма - Астана әуежайындағы жаңа терминал құрылысын жүзеге асырып, ұшу-қону жолағын қайта жөндеуден өткізу. Осы арқылы әуежай бір жылда 7,1 млн адам қабылдай алатын болады.
"Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізін аяқтауға алтыншы тапсырма ықпал етпек. Сонымен қатар, оның аясында Астана-Алматы, Астана-Өскемен, Астана-Ақтөбе-Атырау, Алматы-Өскемен, Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда және Атырау-Астрахань тас жолдары жоғары әлемдік стандарттарға сай етіп қайта жасалатын болады.
Жетінші тапсырма барлық арнайы экономикалық аймақтардағы инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Сонымен қатар, жаңа индустриалды аймақтар да салынатын болады.
Сегізінші тапсырма аясында "Екібастұз-Семей-Өскемен" және "Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы" бағыттарында жоғары вольтты электр беру желісі салынады.
Тоғызыншы тапсырма - барлық жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жұмыстарын жеделдету. Елдегі барлық ТКШ жүйесін жаңартуға 100 млрд теңге қарастырылмақ.
Бүгінгі таңдағы ең өзекті проблемалардың біріне айналған тұрғын үй мәселесі оныншы тапсырма аясында шешілуі тиіс. Халыққа әлеуметтік жалдамалы баспаналар беріледі. Ең төменгі пайызбен, делдалсыз берілетін үй несиесі оның нарықтағы құнын да төмендетпек.
Апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептердің де мәселесі алдағы бірнеше жылда шешіледі. Он бірінші тапсырма негізінде сондай-ақ, барлық балалар балабақшамен қамтылуы тиіс. Бұл проблеманы түбегейлі жою үшін Президент 70 млрд теңге бөлуді тапсырды.
Он екінші тапсырма негізінде елдегі алдыңғы қатарлы он ЖОО-ның материалдық-техникалық базасы жаңартылмақ.
Он үшінші тапсырманы орындау арқылы несиелік желімен берілетін 155 млрд теңгенің арқасында елдегі ШОБ-тың дамуы жаңа деңгейге көтеріледі. 2050 жылға қарай Қазақстан экономикасындағы ЖІӨ 50 пайызға өсуі тиіс.
Он төртінші тапсырма Елбасы Жолдауында айтылған барлық әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына қаржылық кепілдік береді. Ол үшін ұлттық қордан 2015-2017 жылдар аралығында жыл сайын 3 млрд доллардан бөлініп отырады.
Дереккөз: Baq.kz