Айта кетейік, Сенат «Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының жарғысын ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.
Қазақстан 1995 жылдан бері Ислам ынтымақтастығы ұйымының мүшесі болып табылады. «2011 жылы 28 маусымда Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің сессиясында Президент Н. Назарбаев Ұйым шеңберінде азық-түлік бойынша өзара көмек туралы бастама жасады. Азық-түлік ресурстарын экспорттайтын мемлекет ретінде мұндай Ұйымның штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыру ұсынылған еді. Бұл бастаманың аясында Қазақстанның ұсынысы Ислам ынтымақтастығы ұйымының барлық мүше мемлекеттері тарапынан қолдау тапты», - деді құжат бойынша баяндаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.
Министрдің айтуынша, 2012 жылдың қараша айында Джибутида өткен ИЫҰ кеңесінің сессиясында Астанада жаңа органды құру және оның жарғысын әзірлеу турал шешім қабылданған. Ал Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының жарғысы 2013 жылдың 10 желтоқсанында Конакриде он тоғыз мемлекеттің өкілдерімен қабылданған.
«Болжанып отырған халық санының артуы, урбанизация және азық-түлікті тұтыну дағдыларының өзгеруі себепті азық-түлік қауіпсіздігінің өзектілігі әлі де арта түсетінін әлемдегі жағдай әлі де көрсетіп отыр. БҰҰ жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметтеріне сәйкес, 2050 жылға қарай Жер шарындағы халық саны 9 млрд адамнан асады деп болжанады. Ал халық санының артуы негізінен дамушы елдерге, соның ішінде ИЫҰ мүше елдерге тиесілі», - дейді А. Мамытбеков.
Оның айтуынша, Ұйымның штаб-пәтерін өзінде қабылдай отырып, Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымының аясындағы азық-түлік қауіпсіздігі үйлестіруші рөлін өзіне алады.
Тұтастай алғанда, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының негізгі мақсаттарының бірі мүше мемлекеттерге ауыл шаруашылығын, азық-түлік қауіпсіздігін тиімді дамытудың, шөлейттенуден, орман алқаптарының азаюынан, топырақтың эрозиясы мен сортаңдануынан туындаған проблемаларды шешудің жолын ұсыну болып табылады. Бұдан бөлек, қажетті шұғыл және гуманитарлық көмекті айқындау, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігінің резервтерін құру көзделеді.
Дереккөз: ҚазАқпарат