Қазан айының аяғында «Астана EXPO-2017» Ұлттық компаниясы өңірлік журналистер мен блогерлер үшін баспасөз турын ұйымдастырды.
ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
EXPO көрмелері қатысушы елдердің техникалық жетістіктерін, сондай-ақ, дүние жүзі халықтарының дәстүрлері мен мәдениетін көрсетуге арналған ашық алаң болып табылады. Олар екі түрге бөлінеді: Дүниежүзілік әмбебап көрмелер – олар әр бес жыл сайын өткізіледі және жарты жылға созылады. Астанада өтетіндегідей Халықаралық мамандандырылған көрмелер үш айға созылады және қандай да болмасын арнайы тақырыпқа арналады. Алғашқы дүниежүзілік көрме 1851 жылы Лондонда өтті, ондағы басты көрнекі орын темір мен шыныдан салынған Хрусталь сарайы болды. Көрменің өткізілуіне орай осындай монументальды ғимаратты салу дәстүрге айналды. Мұндай нысандардың бірі 1889 жылы көрмеге орай салынған аты әйгілі Париждегі Эйфель мұнарасы болып табылады.
Дәстүр бойынша EXPO көрмелерінде алғашқы қыздыру лампасы мен балмұздаққа арналған вафли стаканнан бастап, «Зингер» тігін машинасы мен алғашқы теледидарға дейінгі бүкіл техникалық жаңалықтар таныстырылды.
Дегенмен, әрі қарай Дүниежүзілік көрмелерде мәдениет пен өнерге байланысты тақырыптар да басты мәселеге айналып отырды. Парижде 1937 жылы Дүниежүзілік көрмеде Пикассо жұртшылыққа әйгілі «Герника» картинасын таныстырды. Сол Парижде 1925 жылы Дүниежүзілік декоративті өнер көрмесінің шеңберінде өткен этнографиялық концертінде кеңестік Қазақстанның әншісі Әміре ҚАШАУБАЕВ қазақтың «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Жалғыз арша», «Үш дос» және т.б. халық әндерін орындап, күміс алқа тағып келген болатын. Оның орындаған әндері сол кездегі заманауи фонограф түрлерінің біріне жазылып алынған.
Бүгінгі тақырыпқа оралсақ: адамзат алдында тұрған жаһандық проблемалар көрмелер үшін жаңа тақырыптарды анықтайды. Алдағы уақытта Астанада өтетін көрменің басты тақырыбы – «Болашақтың энергиясы».
«БІЗДІҢ ПАВИЛЬОН ҮЗДІК БОЛАДЫ»
Көрме 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтеді. Ол астананың басты көлік күре жолында: Қабанбай батыр даңғылы мен Орынбор көшесінде шығыс пен батысқа қарай, ішкі айналма Хусейн бен Талал көшесінде солтүстікке қарай, Тұрар Рысқұлов көшесінде оңтүстікке қарай орналасады. Павильонның жалпы алаңы 174 гектарды құрайды. EXPO-2017 сәулет идеясының авторы – американдық Adrian Smith + Gordon Gill Architecture сәулет бюросы. ЕХРО қалашығының аумағында көрме аймағы, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, жабық қала, мейманханалар мен басқалар орналасады. Ұйымдастырушылар уәде етіп отырғандай, 3D көрінісі мен телевизиялық бейнеленуді көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей материалмен әрленген сфера түріндегі қазақстандық павильон ең әсерлісі болмақ. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының қызатын шағы 2015 жылға тура келеді. Ал, 2016 жылдың желтоқсанында жұмыстар аяқталмақ. Содан соң 2017 жылдың басында қатысушы елдер өз павильондарын монтаждап, орналастыра бастайды. Астананың инфрақұрылымына келер болсақ, жаңа теміржол вокзалы салынып, әуежай қайта жарақталатын болады және т.б.
КІМ КЕЛЕДІ?
Көрмеге қатысушылар үшін салық салудың жеңілдік режимі қолданылатын болады. Атап айтқанда, өз павильондарын салу, орнату және бұзу мақсатында алынған тауарларға ҚҚС өтелмек. Шетелдік қызметкердің кірістері жеке табыс салығынан, корпоративті табыс салығынан, жер салығынан және мүлік салығынан босатылады.
«“Астана EXPO-2017” ҰК» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Айгүл МҮКЕЙДІҢ (суретте) айтуынша, көрме форматы берілген тақырып шеңберінде оған ірі корпорацияның да, жеке өнертапқыштардың да қатысуын топшылайды. Ол үшін ел өңірлерінде іріктеу комиссиялары құрылатын болады. Халықаралық іріктеу комиссиясы жыл аяғына дейін құрылады.
Бүгінде «Парасат» ғылыми-технологиялық холдинг байқаулар ұйымдастырады. Осындай байқауларды ұлттық компанияның өзі де өткізеді. Мәселен, Start up байқауын зауыттағы гидроқондырғы жобасын ұсынған 70 жастағы астаналық Майлыбаев жеңіп алды. Алынған грантқа ол өз жобасын бітіруге мүмкіндік алды.
«“Астана ЭКСПО-2017” ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Талғат ЕРМЕГИЯЕВТЫҢ айтуынша, келушілер үшін кіру билетінің құны бүгінде 28 еуро деп белгіленген. Ұжымдық өтінімдер болған жағдайда және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жеңілдіктер жүйесі жасалуда. Естеріңізге салсақ, ұйымдастырушылар көрме кезінде 2 млн-нан астам келуші болады деп күтуде. Болжам бойынша, оның 85 пайызы ҚР азаматтары болмақ.
Көрме кезінде бағаны көтеріп жібермеу туралы Астана мейманханаларымен меморандумдар әзірленуде. ЕХРО-қалашық аумағында қатысушылар үшін бес жұлдызды мейманхана мен 1 300 пәтерлік тұрғын үй қоры салынатын болады. Баспана «жасыл» технология бойынша салынбақ. Әрі қарай, Айгүл Мүкейдің айтуынша, оны өткізудің екі нұсқасы бар – жеке тұлғаларға сату немесе «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша бөлу (сату). «Тиісті үкімет шешімі болатын шығар», - деді Мүкей.
АСТАНАНЫҢ ЖАЛҒАСЫ
Ең өзекті мәселе – көрме әзірлігіне жұмсалатын қаржының ақталуы. Бұдан бұрын Талғат Ермегияев растағандай, көрмені өткізу құны – $3 миллиард. Жергілікті құрылыс салушылар - BI Group холдингі, «Базис-А» корпорациясы, «СредАзЭлектроМонтаж» компаниясы өздерінің 500 млн доллардан астам қаржыларын салады. Олар кешеннің тұрғын үй және коммерциялық аймақтарын, ойын-сауық және бизнес орталықтарын, көліктерге қызмет көрсету және сату орталықтарын салатын болады. Баспасөз конференциясы барысында Ермегияев бүгінгі күні басқа инвесторлармен келісімдер жасалмағанын, келіссөздердің келесі жылы жалғасатынын айтты. Өтелімділікке келер болсақ: ұйымдастырушылар ЕХРО-қалашықтың Астананың табиғи жалғасы болып табылатынын және жобаның көрмеден кейінгі кезеңде (post-us) оның алаңдарын пайдалану есебімен жасалғанын әлденеше рет атап өтті.
– Біз Астананы дамыту жоспарланған жерге салатын боламыз. Қаланы жетілдіретін жерлерге жолдар саламыз, инженерлік желілер жүргіземіз. Бұл, біріншіден. Екіншіден, ЕХРО – бүкіл әлемнің көз алдында Қазақстанның имиджі үшін жұмыс жасайтын алғашқы халықаралық жоба. Үшіншіден, бұл - еліміздегі туризмді белсенді дамытуға нақты мүмкіндік беру, - деп комментарий берді Ермегияев.
ЕХРО-қалашықтың аумағында көрме аяқталғаннан кейін Ғылыми-техникалық парк шеңберінде оқу зертханасын немесе дәріс залдарын, жоғарғы технологиялар музейін, мәдениет және өнер кешенін және т.б. орналастыру жоспарлануда.
ШАНХАЙДАҒЫДАЙ БОЛМАЙДЫ
Өтелімділік тәжірибесі әр елде әртүрлі. Мәселен, Ганноверде 2000 жылы 40 млн адамға жобаланған көрмеге 18 млн адам келіп, түрлі бағалаулар бойынша зиян 1,2-ден 1,5 млрд еуроға дейінгі мөлшерді құрады. Ал, әрі қарай бірлі-жарым павильондар үшін қолданылды. 2008 жылы Испаниядағы Сарагосте көрмелердің бір бөлігі пайдаланылмай қалды.
Жақсы мысалдардың арасынан Жапонияны (Айти префектурасы) айтуға болады. Ол жерде 2005 жылы ұйымдастырушылар 51 млн доллар таза табыс алды, оған қоса көрменің корпоративтік серіктестері 152 млн долларды инвестициялады. Шанхайдағы EXPO-2010 ұйымдастырушыларға12 млрд доллар табыс әкелді. Бір жарым миллиардтай халқы бар Қытаймен салыстырудың орынды болуы неғайбыл. Астанада ЕХРО-ға салынған қаржы ішінара – 283 млн еуро мөлшерінде қайтарылады деп күтіп отыр. Оның 147,5 млн еуросы демеушілерден, 82,3 млн доллары билеттерді сатудан, 10,4 млн еуро қызмет көрсетуден және т.б. түспек.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор
Саясаттанушы Айдос САРЫМНЫҢ ЕХРО өткізудің мақсаттылығы туралы пікірі:
– Қазақстандағы ОБСЕ саммитінде қандай тарихи құжат қабылданғаны кімнің есінде? Ешкімнің. Есесіне содан соң Қазақстанда жаңа туған 26 сәбиге Саммитхан есімі берілді. ЕХРО-ға қатысты да солай болады деп ойлаймын. Бұл - имидждік жобалар. Қауіп төнген кезде тырсия қалатын кесірткелер бар ғой. Біз де өзімізді көрсеткіміз келіп солай жасап отырмыз. ЕХРО-2017-ге шетелден көп адам келеді деп ойламаймын. Дегенмен, астанада инфрақұрылымдық мәселелер шешілер болса, қонақүйлер желісі пайда болса, ішкі туризм жанданса, жаман болмас еді.