Атырау, 23 желтоқсан 14:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Метрология улы заттармен күресті

2 582 просмотра

Жаз басталғалы құрамында улы элементтер мөлшері тым көп өнімдерді сату фактілері облыс көлемінде анықталған жоқ.

Бұл туралы бізге метрология және техникалық реттеу комитеті облыстық департаментінің басшысы Лес БАЙМҰҚАШЕВ мәлімдеді. Өткен апта ішінде  республикалық БАҚ арқылы Комитеттің аумақтық департаменттері анықтаған кейбір заң бұзушылықтар туралы ақпараттар жарияланды. Мәселен, Ақмола облысында қалбырдағы «Пригожино» сиыр еті қосылған арпа жармасында  (дайындаушы – Ресейлік «Курганский мясокомбинат» ООО) қалайы мөлшері тым жоғары болған. Шығыс Қазақстан облысында «Урга» ЖШС көтерме-сауда фирмасы ауыр металдар тұзы, атап айтқанда, сусындағы күшән мөлшері норма бойынша 0,5 мг/кг болудың орнына 1,2 мг/кг құрайтын «Целебный дар» (өндіруші- Ресейдің ООО «Лектра-СЭТ») шай сусынын сатқан. Ал, Қостанай облысында құрамында кадмий бар «Потеха», Павлодар облысында – қорғасын мөлшері көп «Semki» шекілдеуіктері сатылған. Алматыда нитрат мөлшері тым көп өзбек қарбыздары саттыққа шығарылған. Бұдан басқа, тұтынушылар денсаулығы үшін қауіпті деген басқа да жарамдылық мерзімдері өтіп кеткен немесе жарамсыз күйдегі азық-түліктер дүкен сөрелерінен табылған. “Веселый молочник” деген сары майдан ішек таяқшасын тапқан, ал, қырғыздардың қаймағы мен сүзбесінде ашытқылардың басымдығы анықталған. Сондай-ақ, Ресейден келген қалбырдағы сиыр және шошқа еттері, уылдырық, шұжық пен сүт өнімдері де нормаға сай болмаған. Қытай ойыншықтарының 287 партиясы денсаулыққа зиянды болып анықталған. Департамент қызметкерлері  жанар-жағар май «патшаларының» бензинді араластыру фактілерін анықтады.

Атырау облысы бұл тұрғыда қауіпсіз арал секілді көрінгенімен, тұтынушылардың шағымы қалай дегенмен де табылып қалады. «Біздің департаменттің қызметкерлері бес бағыт бойынша нарық мониторингін жүргізеді: мұнай өнімдері, құрылыс материалдары, балалар ойыншығы, азық-түлік өнімдері, парфюмерлік және косметикалық өнімдер»,-дейді Л.Баймұқашев. –Біздің облысымызда түрлі сараптама жүргізетін 36 аккредитивті зертханалар бар. Оларда тек балалар ойыншығы ғана тексерілмейді. Барлық зертханалар жеке меншік иелігінде, сондықтан да барлық зерттеулер ақылы түрде жүргізіледі. Ал, біздерге сол төлемдер үшін қаржы бөлінеді. Мамыр айынан шілдеге дейін біздер бірнеше рет қатарынан медициналық материалдарға (мақта, дәке, қолғаптар, лейкопластыр және т.б.), түрлі азық-түлік өнімдеріне (тұшпара, сүт және сүт өнімдері, ірімшік, шұжық, шай, шырындар, оның ішінде балаларға арналған қалбырланған өнімдер, джемдер), құрылыс материалдары (шпаклепка, цемент) және басқаларын тексеруден өткіздік. Еліміздің басқа аймақтарындағы улы элементтер табылған аталмыш өнімдерге де тексеру жүргізетін боламыз».

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 тамыз 2011, 15:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.