Батыс Қазақстанның тумасы, Оралдағы педагогика институтын «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген, қазақша еркін сөйлейтін Әмина Федоренко Түркияда оқып жатқан күйеуінің ұсынысымен 8 жыл бұрын Стамбулға көшіп барған. Ол әуежайдан түскенде жүк сөмкесінде кестеленген екі көрпеқабы мен домбырасы ғана болғанын есіне алады.
Қазір Әмина – Түркия, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Ресейдегі мұсылмандық сән ортасына аты таныла бастаған ерекше қолтаңбалы дизайнер. Шалғайдағы ауылда өсіп, мұсылмандықты қабылдаған 30 жастағы екі балалы этникалық орыс келіншек өзін «қазақпын» деп таныстырады. Тұрмысқа шыққасын қыз кезіндегі аты-жөнін өзгерткен Әминаның күйеуі – исламды қабылдаған тәжікстандық этникалық украин.
Қазақстанда тіл маманы һәм журналист ретінде жинаған жұмыс тәжірибесі дизайнердің кейін Түркияда бастаған бизнесіне аса қажетті болып шыққан. Бала кезден икемі болған тігіншілік пен дизайнерлік қабілетін жүзеге асыру кезінде өз киім үлгілерін өзі жарнамалайтын модель болуына да тура келген. Әмина Федоренко Азаттыққа Түркиядағы бәсекесі күшті мұсылманша сәндік киім саласында өз орнын қалай тапқаны туралы әңгімелеп берді.
Азаттық: – Не себепті Қазақстандағы филология мен журналистика саласынан кетіп, Түркиядағы бәсекесі күшті мұсылманша сән үлгісі ортасында жеке брэнд ашуға ұмтылдыңыз?
Әмина Федоренко: – Біріншіден, мұсылманша сән саласындағы бұл жобама қызығушылық танытқаныңызға рақмет айтам. Екіншіден, журналистиканы біржола тастаған жоқпын. Телеарнада жұмыс істеуді бала кезден арман еттім. Ғашық болған кәсібім, әлі айыққан жоқпын. Керісінше, осы телевидениеде мұсылман қыздар орамал таға жүріп жұмысын қалай сақтап қала алады деген ізденіс мені сән саласына жетектеп әкелді. Орамал тағудың алдыңа қойған мақсатыңа кедергі болмауын қаладым. Кез-келген пайдалы қызмет саласында, мемлекеттік, я қоғамдық ұйым болсын мұсылман қыздар өз қабілет-қарымын толық пайдалануы үшін зайырлы қоғамға көркі мен көркем мінезі сәйкес келіп оңайырақ интеграцияланғаны жөн деп ойлаймын.
Талабыма сай зайырлы ортаға интеграциялануға сеп болатын мұсылманша киім үлгісі шығар деп ұзақ күттім. Ондай ыңғайлы киім тапсам, өзім айналыспас едім. Таппағандықтан алғашқы қадам жасадым. Мен тігетін киімдер арқылы адамдардың мұсылман әйелдер туралы теріс стереотиптерден арылуын, ал қыздардың өздерінің мұсылман екенін мақтан тұтуын қалаймын. Осы сезімді өсіріп, бекіту үшін барымды саламын.
Дереккөз: Азаттық радиосы