Атырау, 23 желтоқсан 14:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Жылудың төлемақысы тағы көтеріле ме?

3 055 просмотра

  Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік департаменті жанындағы сараптау кеңесінің мүшелері  «Атырау жылу жүйелері» АҚ қызметін сынға алды.

СУ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ӘБДЕН ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН

Бұл әңгіме өткен аптаның ішінде Д.Нұрпейісова атындағы мәдениет сарайында өткен жұртшылық тыңдауында қозғалған еді. Тыңдау барысында жылу жүйелері кәсіпорынының үш жылдық тарифті көтеру және жылу энергиясын бөлу жөніндегі өтініші қаралды. Жылу берушілер тарифті үстіміздегі жылдың 1 қазанынан  бастап бір гигакалориясы үшін 1 181 теңгеден  5 079 теңгеге дейін, яғни, төрт еседен асатындай көлемде көтеруді ұсынды.

АО«АЖЖ» АҚпрезиденті Жанұзақ ӘБУЛҒАПАРОВ өз қызметтерін қымбаттауының себебін құрал-жабдықтарының қанағаттанарлықсыз жай-күйіне сілтеді. Жобалау институттарының сарапшылары кәсіпорында құрал-жабдықтар мен құбырлардың 17%-ы апатты жағдайда және  16%-ы жұмысқа жарамсыз, шұғыл ауыстыруды қажет ететіндігін куәландыратын актілерін алға тартып отыр. 

«Жылу электр орталығынан Авангардқа дейінгі М1 торапты жолын ауыстыру керек. Жылу орталығынан «Восток» қосынына дейінгі учаске 1968 жылдан, ал, «Востоктан» Авангардқа дейінгі учаске 1974 жылдан бері пайдаланылып келеді.   Жыл сайын торапты желінің 7 шақырымдық құбырын ауыстыру керек болса, бізге тек 1,7 шақырымын ғана ауыстыруға мүмкіндік туады, соның салдарынан жыл сайын тесіктер мен жарықтар пайда болып, тіпті, кейде жарылу орын алады. Ыстық сумен жабдықтаудың кварталішілік желілері құбырларының жағдайы дабыл қағарлықтай. Жылу желілерінің нормативті қызмет мерзімі 25 жылды құрайды. Алайда, ыстық су желілерінің құбырлары ең көп дегенде 4 жыл мерзімге дейін ғана шыдайды, бұл су құбырларындағы судың құрамындағы оттек пен тұзға байланысты болады. Осы себептер сондай-ақ, жылу ауыстырғыштардың да істен шығуын тездетеді, олардың нормативті ресурстарын бір жарым есеге дейін қысқартады.

Техникалық сараптаманың мәліметтері бойынша, 185 мың метр жылу оқшаулау немесе құбырдың ұзындығының жартысы талапқа сай күйде емес. Тариф оқшаулау жұмысының жөндеу шығындарын жабуға мүмкіндік бермейді, ал, ол өз кезегінде жылудың жоғалуына себепші болады. Өткен жылы ол 34,2% құрады, ал бұл нормадан 6,1% асып кетті».

«КӨПІР АСТЫНАН ТАҒЫ ДА ЕКІ ҚҰБЫР КЕРЕК»

Жылу жүйесі басшысының айтуынша, күрделі жөндеу шығындары тариф бекітілген соңғы жылдардан бері екі есеге өскен. Жаңа үш жылғы тарифте күрделі жөндеуге мынадай шығындар жоспарланған еді: 2012 жылы – 914,6 млн теңге,  2013 жылы – 1 085,5 млн теңге және 2014 жылы – 1 513,8 млн теңге.

Жанұзақ Әбулғапаров қазіргі қолданылып отырған тарифтің шығынды екендігіне қарамастан өз қарауындағы қызметкерлердің жылу жүйесінде бірде-бір ірі апаттарға жол бермегендігін атап өтті. «Бізді алаңдататын мәселе қарқынды дамып жатқан құрылысқа байланысты жылумен қамтамасыз ету болып табылады. Ең маңыздысы  – қаланың оң жақ жағалау бөлігін қамтамасыз ететін бірден-бір жылу «күретамыры» болып табылатын орталық көпір астында орналасқан құбырлардың өткізу қабілеттілігін арттыру болып отыр. Бұл жердегі жылу жүктемесі жыл сайын сағатына 10-нан аса гектокалорияны құрайды. Өткен жылы  бұл көрсеткіш сағатына 40 гектокалориядан асты. Осыған байланысты жаңа жылу жүйелері құрылысы мен жылу қосындарын және насос стансаларын   қайта жабдықтау қажеттілігі туындады. Жаңа құрылысқа ақшаның болмағандығы және болмайтындығынан жылу жүйелері кәсіпорыны 2007 жылдан бастап жаңа нысандарды қосуға техникалық рұқсат беруді тоқтатты. Бұл мәселені шешу үшін орталық автокөлік көпірінің тіреуіне диаметрі 426 мм болатын екі тұрбаны бұрынғы диаметрі 530 мм тұрбаға қатарластыра салу керек.

«2005 ЖЫЛЫ БЕРГЕНДЕ - ҚАЗІР ҚОЛ ЖАЙМАС ЕДІК»

Қала нысандарының жылумен жабдықталуын жақсарту үшін 2005 жылы жылу тораптарының жаңа учаскелерін дамыту және қайта жабдықтау үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасақталған болатын. Сол кезде жаңа жүйелердің құрылыс жұмыстары 17 млрд теңгеге бағаланған еді (2005 жылғы баға бойынша). Егер осы шара қолға алынып жасалғанда, біз тарифті көтеруді өтінбеген болар едік». Жөндеу жұмысынан басқа, жылу берушілер алынатын құрал-жабдықтар тізіміне жылуды көп жоғалтатын учаскелерді анықтау үшін қажетті құрал – тепловизорды, байланыссыз, инфрақызыл термометрді, сызаттарды іздейтін, тұрбадағы ақауды табатын құралдарды және басқа да құралдарды енгізді. «Құрал-саймандар» да керек. Алайда, оның бәрі миллиард тұрмайды ғой! 

САРАПТАМАШЫЛАРДЫҢ ӨЗІ «ЖАҒАЛАРЫН ҰСТАП ОТЫР»

«Атырау жылу жүйелері» басшысының баяндамасынан кейін  сөзді сараптама кеңесінің мүшесі Людмила ТИХОНОВА алды. Ол жылу энергиясын тұтыну үшін «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның төлемдерінің не үшін өсетіндігін түсіндіріп беруді сұрады. «Атырау жылу жүйелері» АҚ жоспарлы-экономика бөлімінің бастығы шығынның бұл бөлігінің нақты бір есептерге байланысты өсіп отырғандығын мойындады, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ да  жылу энергиясы үшін тарифті көтеруге өтініш беріп отыр.  Сараптама кеңесінің мүшесі  Наурызғали ӘБІЛХАЙРОВ кәіпорынның тарифтік саясатын сынауды талқыға салды: «Өткен жолы біз сіздерге тиісті жұмыстарды жүргізу үшін және келесі кезеңде тарифтің арзандауын, ал, қызмет көрсету сапасының жақсаруы үшін тарифті көтеруге рұқсат берген едік. Сіздердің тарифтеріңізді қанша көтергенмен, сіздер бәрібір шығынды күйде қалып отырсыздар. Сіздердің пайдаларыңыз қайда кетіп жатыр?». Сараптамашылардың сұрағына «Атырау жылу жүйелері» АҚ басшылары нақты жауаптарын берген жоқ.

Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік департаментінің  директоры Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА қатысушыларға жылу берушілер мен сараптамашылар арасындағы  айтыс департамент қабырғасында жалғасып жатқандығын хабарлады. Оның шешімімен баспасөзді мәлім ететін болды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

4 тамыз 2011, 21:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.