Атырау, 23 желтоқсан 14:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атыраулық 39 бала вагон-мейрамханадан уланды

4 217 просмотра

  Алматы облысының «Әльтаир» сауықтыру лагерінен қайтып келе жатқан біздің балаларымыздың бір тобы Алматы-Атырау пойызының мейрамханасында дайындалған тартылған еттен  уланып қалды.

Оларды осыдан дәл бір апта бұрын 28 шілдеде Алматы-Атырау пойызынан түсіріп алып, ішектің жұқпалы сырқаты бар деген күдікпен Қызылорда қаласындағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырды. Жаппай улану туралы хабар сол күні-ақ көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының Атырау бөлімшесіне жетті. Осы мекеменің санитарлық-эпидемиологиялық бөлімінің бастығы Рашида МҰҚАНОВАНЫҢ айтуынша, балаларды ауруханаға клиникалық: бастарының ауруы, айналуы, іштің ауруы, лоқсу белгілері бойынша жеткізген. Балалар жайғасқан бірінші вагонның жолсерігінің әңгімесіне қарағанда, балардың көңіл-күйлері Түркістан стансасынан өткеннен соң күрт нашарлай бастаған. «Алдын-ала алынған мәліметтер бойынша балалар №63769 вагон-мейрамханадан кешкі асқа тефтели жеген. Жұқпалы аурулар орын алған жерге мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының Қызылорда бөлімшесінің бригадасы келді. Бригада құрамында санитарлық дәрігерлер, эпидемиологтар, бактериологтар болды. Ішектің патогендік флорасына 20 шайма алынды, мейрамханада жұмыс жасайтын алты адам тексеруден өткізілді, патогендік флора үшін су сынамасы алынды».

Бізге бұл оқиғаға қатысты нақты мәліметті сауықтыру лагеріндегі демалысты қамтамасыз етуші «Камал тур» туристік компаниясының бас директоры Алира НАҒМЕТЖАНОВА әңгімелеп берді.

«28 шілде күні сағат 8-де балалар вагон-мейрамхандан кешкі астарын - тефтелиді картоп пюресімен жеді. Түнгі сағат 2-лер шамасында балалардың жағдайы нашарлай бастады. Олар құсып-лоқсып, іштері өтті. Олармен бірге келе жатқан дәрігер Шиелі стансасына «жедел жәрдем» шақыру үшін пойыз бастығына жолықты. «Жедел жәрдем» жеткенше, медицина қызметкері асқазанды шайып, активтендірілген көмір дәрісін берді.   Шиелі стансасында «жедел жәрдем» дәрігерлері құсуға қарсы екпелер салды. Екпеден кейін балалардың құсуы тоқтады, бірақ іштің өтуі қайталана берді. Біз қалаға жақын стансадан тағы да қайтадан «жедел жәрдем» шақыртпақшы болдық. Таңертең Белкөл стансасына 10 «Жедел жәрдем» машинасы, ТЖ және СЭС  қызметкерлері, телевидения келіп жетті. Олар онсыз да ауыр халдегі балалардан жауап ала бастады. Барлық 39 баланы заттарымен және олардың осы сапарына жауапты адамдарымен бірге жұқпалы аурулар ауруханасына алып кетті». 

Сол күні-ақ, біз Қызылорда қаласының жұқпалы аурулар ауруханасының балалар бөлімшесінің меңгерушісімен хабарластық. Оның телефон арқылы айтқаны мынау болды: «Балаларды ауруханаға таңертеңгі сағат 8.40-та әкелді. Тексеру барысында «тағам токсикоинфекциясы» (тамақтан улану) диагнозы қойылды. Қазір 21 баланың жағдайы орташа. Қалған 18-нің жағдайы жақсы. Балалардың іштері шайылып, капельницалар қойылды, барлық қажетті деген анализдер алынды. Өмірлеріне қауіп жоқ». Дүйсенбі, 1 тамыз күні біз дәрігермен қайта хабарластық. Ол балалардың үйлеріне шығарылғандығын хабарлады. «Бүгін таңертеңгі сағат 8-де барлық балалар ауруханадан шығарылды. Олардың жағдайы қанағаттанарлық. Анализдерінің қорытындысы бойынша 19 баладан ішек таяқшасы табылды. Стансада балалардың іштері шайылғандықтан нақты нәтижелер алынбай қалды».

Туристік компанияның бас директорының айтуынша, біздің топқа Алматы-Симферополь пойызына тіркейтін арнаулы вагон бөлген: «Біз балаларды ұшақпен алып келмекші болдық, алайда қолымызда тек олардың құжаттарының көшірмелері ғана еді. Әуе компаниялары құжаттардың түпнұсқаларын талап етті, сол себепті ұшақпен келе алмадық. Нәтижесінде бізге арнаулы вагон бөлді, оны СЭС қызметкерлері тексеріп, ол вагонмен басқа бөгде адамдардың жүруіне болмайтындығын ескертті. Біз де балалардың ешкіммен байланыспай, еркін келулеріне мүдделі болдық. Алайда, өкінішке қарай бізге барлық орынды сатып алу мүмкін болмады. 52 орынның 11-і басқа жолаушыларға сатылды. Балалардың жолда тамақтануына қатысты жұқпалы аурухананың диетолог маманы балаларға арнаулы ас мәзірін жазып берді». Сейсенбі, 2 тамыз күні сырқаттанған балалар ақыры үйлеріне жетті. Оларды перронда мазасызданған ата-аналарынан басқа қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау стансасының және көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының Атырау бөлімшесінің мамандары күтіп алды.

«Біз балаларды көзбен шолып, қарап шықтық. Жағдайлары қанағаттанарлық. Шағымдары болған жоқ,-дейді Р.Мұқанова. –Қалалық СЭС қызметкерлері ата-аналарға егер балаларының әлдебір шағымдары болса, тұратын мекен-жайлары бойынша емханаға хабарласуды ескертті».

Бізге жергілікті көліктегі мемлекеттік саниатрлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасында хабарлағандай, Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының зертханалық тексерулерінің қорытындылары бойынша, вагон-мейрамханада ішек таяқшасына жүргізілген шайма оның бар екендігін растады. Тефтели дайындалған тартылған етте ішек таяқшасының бактерия тобы анықталды. Бұдан басқа, тексеру нәтижелері бойынша мамандар тоңазытқыш құрал-жабдықтарының дұрыс жұмыс жасамай тұрғандығын да анықтаған.  

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген В. Истомин

4 тамыз 2011, 21:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.