Қазақстанда Эбола дерті әзірге байқалмайды. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Аты жаман ауру батысты жайлағалы еліміздегі тексеру бекеттері бақылауды күшейтті. Шекаралардағы барлық өткізу аумақтарында санитарлық-карантиндік тексеріс жүргізілуде. Ондағы санитарлық эпидемияға қарсы шаралар кешені бұл індеттің елімізге кіруіне жол бермейді,-дейді мамандар. Жалпы, шекараның өткізу бекеттерінде 2 миллионнан астам адам тексерілген. Инфекциялық аурулар, оның ішінде Эбола вирусын жұқтырған адам болған жоқ.
Әлиақпар Мәтішев, Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы
- Шекаралық бекеттен өтіп жатқанда біз оның паспортынан қарап, қай елден келгендігін тексереміз. Егер Батыс Африка елдерінен келгендер болса, аты-жөнін жазып, бізде болған уақыттың бәрін анықтап, бақылауға аламыз.
Сырттан келетіндерді өткізу бекеттерінде орналасқан арнайы аппараттар арқылы тексереді. Тексеру құралдары жолаушының дене қызуын бірден анықтайды. Мұндай жабдықтар еліміздің барлық шекара бекеттерінде бар. Еліміздің бас санитарлық дәрігері, ауруға қатысты қандай да бір қауіп төне қалса, біздің медициналық мекемелеріміз вирусты жұқтырған адамды дереу анықтап, оқшаулауға дайын,-дейді.
Жандарбек Бекшин, ҚР бас санитарлық дәрігер
- Эбола вирусы ауа жолымен таралмайды. Бірақ, ең қауіптісі – түшкіру, жөтелу. Неге десеңіз, тамшы сілекеймен вирус таралуы мүмкін. Ең бірінші, осыдан сақтану керек.
Қауіпті безгек мұхит асып, Америкаға жетті. Еуропада да дүрбелең басталды. Елімізбен тікелей әуе кеңістігі арқылы қатынайтын бұл елдерден келетін жолаушыларға да талап күшеймек.
Дереккөз: Baq.kz