Атырау, 23 желтоқсан 15:10
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Көкте қалқыған кептерлер

17 653 просмотра

Үш нәрсеге: судың қалай ағып жатқанын, оттың қалай жанғанын және басқалардың қалай жұмыс жасап жүргенін шексіз қарауға болады деседі. Ал Бақтияр Балықбаев өз асырандыларының қалай ұшқандығын шексіз сүйсініп бақылай алады. Кептерлерді өсіру, өзі мойындағандай, ермек емес, нағыз дерт екен. Бақтиярдың үйінің шатырында өзбектердің «жауынгер» деп аталатын сирек тұқымды кептерлері мекен етеді.

НАҒЫЗ ЖАУЫНГЕРДІ ҰРЫСТА СЫНА

Бақтияр – он бес жылдық өтілі бар кептер өсіруші әуесқой.

– Кептерлерге деген махаббатым бала кезден оянды. Мені бұл құстар арбап алатын. Ал көршімнен өзбектің «бойный» деп аталатын тұқымды кептерін көргенде, осы құсты ұнатып қалдым. – Қазір тек осы тұқымның кептерлерін ғана өсіремін. Мен үшін ол ең ғажап құс.

Өзбектің «жауынгер» кептерлері – тәкаппар, мүсінді, мықты және өмірге төзімді, еске сақтау қабілеті жақсы құс. Бұл кептерлер тұмсығының көлемімен, кекілінің ауқымдылығымен және табанының қауырсындалған болуымен ерекшеленеді. Жылтыр басты, мұрнында кекілі бар, тұлымды және қос кекілді, ұзын тұмсықты, орташа тұмсықты және қысқа тұмсықты деген түрлері бар. Қауырсындарының түсі де әртүрлі: ақ, қызыл, қара, мәрмәр реңді, күлгін, шұбар және т.б. Әрбіреуінің өзбек тіліндегі баламалы атаулары бар.

– Мәселен, кофе түстес кептер – майля, сарысы – новаты, ашық сұр түс – уды, төсі қызыл ағы – капкан, қызылы – руян. Маған ең ұнайтыны – жук, - деп көрсетті Бақтияр қара кептерді көрсетіп.

– Атырауда мұндай кептерді «жиганчик» деп те атайды. Ол кептершілер арасында ерекше бағаланады. Шайырлы-қара қауырсындардың арасында бір түйір ағының болмауы маңызды. Бұл стандарт міні боп саналады. Ал егер кептер тұқымның барлық стандартына сай келетін болса, онда оның құны бір жұбы үшін миллион теңгеге дейін бағалануы мүмкін.

«Жауынгер» кептерлері өзгеше, әдемі ұша алатындығы үшін жоғары бағаланады. Ұшу және қону кезінде, сондай-ақ, самғау кезінде бұл кептерлер басымен төңкеріліп, қанаттарын қатты қағады (ұрысқа шығу деген осы). Бұл құстардың ұшу кезіндегі ойындары әдемілігі мен күрделілігі бойынша ерекше боп келеді. Соның ішіндегі ең кереметі – бағана ойыны. Яғни, көлбей ұшып бара жатқанда күрт жоғары қарай биіктікке көтеріліп 10-15 рет аударылып-төңкеріледі.

– Әсіресе бұл ойын қону кезінде сондай әдемі болады. Кептер ауада аударылып-төңкеріліп ұшып жүріп, қайтадан қонуға әрекет етуінің өзі бір сағатқа, кейде одан да ұзаққа созылады, - деп шабыттана әңгімелейді Бақтияр. – Бағана боп ұшар алдында баспалдақтың басқыштарымен көтеріліп бара жатқандай аяқтарын созып, қозғалтатын кептерлер де бар. Бұл «есу» деп аталады. Жалпы «жауынгер» кептерлердің ұшуы шебер ойыншы болу үшін, оларды көп жаттықтыру керек. Жақсы жаттыққан құстар әуеде 8-9 сағат ойнауы мүмкін.

КЕПТЕРЛЕРДІҢ АДАЛДЫҒЫ

Бақтияр Атырауға Шымкенттен осы көктемде көшіп келген. Ол жаққа кептерлерді қалдырып кетудің мүмкіндігі болмапты.

– Бұл құстарды көп жылдардан бері білемін. Кептерлер өте адал мақұлық. Сондықтан оларды тастап кете алмадым, өзіммен бірге алып келдім, - дейді Бақтияр. – Кептерлер тек бір-бірлеріне ғана емес, өз қожайыны мен үйіне бауыр басып қалады дегенді сырттай естіп жүрген жоқпын. Бұл Шымкентте болған жағдай еді. Бір күні пошталық кептерді танысыма берген едім. Бір жарым жылдан кейін сол кептер үйге қайтып оралды. Адамдар кептерлерді сатып аларда оған көп ақша төлейді ғой, ал құстардың өзінің бұрынғы қожайынына қайта оралатын кездері болады. Мұндай жағдайда кептер жаңа қожайынына қайтарылады немесе сатып алушыға ақшасын қайтып береді.

– Атырауда да осындай жағдай орын алды. Кептерлерді аспанға ұшырып жібергенмін. Олар біраз ойнақтап, қалықтады да үйге қайта оралды. Ал біреуі жоғалып кетті. Дәлірек айтқанда, жаңа, бейтаныс ортада абдырап қалған болуы керек. Бәлкім, жаңа үйге үйренбеген шығар. Шымкенттегі үйді іздеп, адасып кеткен болар, - дейді Бақтиярдың бауыры Бағдат. Ол да бұл құсты ерекше жақсы көреді екен.

Ал аналық пен аталық кептерлердің бір-біріне деген адалдығы – мүлдем басқа хикая.

МАХАББАТ ПЕН КЕПТЕРЛЕР

– Кептерлердің махаббаты ғұмырлық болады деген сөз рас. Өзіне ұрғашы жұбын таңдаған аталық кептер ешқашан басқа кептерге көз салмайды. Аналық кептер де солай, басқа аталықтарға көз сүзбейді, - дейді Бақтияр.

Қазір Бақтиярдың кептер ұстайтын жерінде «жауынгер» кептерлердің сегіз түрі бар. Олардың ішінде өзбек кептері, бакулық және кавказдық түрлері де бар.

– Маған бәрінен бұрын қысқа тұмсықты және орташа тұмсықты кептерлер ұнайды, - дейді Бақтияр. – Рас, қысқа тұмсықтыларда бір проблема бар. Өзінің кішкентай тұмсығымен олар балапандарын қоректендіре алмайды. Сондықтан қулыққа барамыз. Қысқа тұмсықтылардың балапандары аштан өлмес үшін, орташа тұмсықты немесе пошталық кептерлерге қысқа тұмсықты кептерлердің жұмыртқаларын басуға салып қоямыз. Олар жұмыртқадан балапан басып шығарып, сөйтіп бөгде балапандарды қоректендіреді, өз балапанынан да, бөгде балапандардан да ешқашан бас тартпайды. Айтпақшы, аталық кептер мен аналық кептер жұмыртқаларын кезекпен: аталық күндіз, аналық кептер түнде басады. Жұмыртқадан шыққан балапандардың жынысын анықтау да мүмкін емес. Бұл құстар есейіп, гүрлей бастағанда ғана түсінікті болады. Ұрғашы кептер сирек және нәзік дыбыспен гүрлейді. Аталық кептер жиі және қатты дыбыспен гүрлейді.

Қыста еркек кептер мен ұрғашы кептерді түрлі орындарға орналастырып, бөледі. Олар тіпті бір-бірінің дауыстарын естімеуі керек. Ұзақ уақыт көріспеген кезде олар бір-бірін қатты сағынады.

- Бұл олар жақсы жұмыртқалау үшін жасалады. Егер оларды айырмаса, онда аналық кептерлер жұмыртқалауды доғарады, - деп түсіндірді Бағдат.

ҮЛКЕН ҚҰМАРЛЫҚ

– Менде «жиганчик» деп аталатын, қап-қара, бірде-бір ақ қауырсыны жоқ, сымбатты да әсем аталық кептер бар. Оған өзіне лайық ұрғашы кептерді таңдау керек. Мен қаладағы кептер өсіретін адамдарды аралай бастадым. Егер бұл жерден таппасам, басқа қалаларға барамын. Бір ұрғашы кептерді тапқандай болғанмын, бірақ оның қауырсындарының арасында бір ғана ақ қауырсын болды. Ал бұл мін боп табылады. Әрі қарай іздей бердім. Сирек кездесетін кептер үшін аз ақша сұрамайтынын өзіңіз де түсінесіз. Жақсы аналық кептер үшін кептерші мың доллар да, бес мың доллар да бере алады. Осы іске берілген және бұл құстарды қатты ұнататын адамдар мені түсінер.

Аналық кептер сатып алынса, енді оны аталық кептермен қосу ғана қалады. Бұл үшін жұпты бір торға әдейілеп орналастырады. Олар бір-біріне бір көргеннен ғашық болады немесе «көндіге келе үйлесер» немесе «зорлықпен сүйкімді бола алмайсың» дегендей, бәрі де сәтіне қарай жалғасады. Егер кептерлер жұп болуды мүлдем қаламаса, онда ештеңе де жасай алмайсың. Аталық кептерге басқа аналықты іздеуге тура келеді. Ал жұп құрала қалса, балапандар пайда болады, жүрегің де қуанышқа толады. Міне, бақытты сезіну деген осы!

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

28 шілде 2011, 02:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.