Атырау, 11 желтоқсан 11:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

«Қанты азайған қарбыз дәмсіз болады»

9 423 просмотра

Бұл менің емес өз ісінің кәсіби шеберінің  тұжырымы. Бұндай ой түйіндеуге оның көлденең тартар  салдары жеткілікті екен.

Махамбет ауданындағы Ақжайық ауылында орналасқан «Дастан» шаруа қожалығында қарбыз биыл да ерте пісіпті. Әдеттегідей. Бірақ дәмі тіл үйіреді. «Дастан» шаруа қожалығының иесі Қоныс  ЕРМАНОВ  ел аузындағы «қызарту үшін химикат егеді» деген қауесетті де жоққа шығарады. «Қарбыздың дәмсіз болатыны – сақталу мерзімі өтіп кеткендіктен деп есептейді. Себебі, КамАЗ автокөліктері қарбызды алыс жолдан жеткізем дегенше екі апта уақыты кетеді. Әрі жол бойында қарбыз соғылып келетіндіктен де сапасын жоғалтады» деп түсіндіреді ол.

 

БАҒБАНННЫҢ МӘУЕЛІ БАҚШАСЫНДА

Былтыр бұл шаруа қожалығы  500 тоннаға дейін қарбыз өсіріп шығарған. Биыл қанша болатыны әзірге белгісіз дейді шаруа. Қарбыздар бес алаңға бөліп, 23 гектар жерге егіліпті. Қожалықта қарбыздан бөлек қауын, қияр, қызанақ, баклажан, бұрыш, орамжапырақ, сәбіз өсіріледі. Сонымен бірге 2 гектар жерді алып жатқан бау-бақша да жуырда бой көтерген. Қазір онда алма, алмұрт, өрік, шие ағаштары бар. Қоныс ағаны алаңдатып отырған – кәдімгі қояндар. Олар бақшаға жаудай тиетін көрінеді. Жеміс-жидектерді қорғау үшін қорған болар тор салмақшы. Бақша салу үшін қожалық иесі үкіметтен лизинг, субсидия секілді ештеңе алмаған. Егін өспей қалса, қарызды қайтара алмаймын ба деп сақтаныпты. Шаруа Қоныс Ерманов бәрін өз еңбегімен салып алуға тырысып баққан. Келер жылы ол тамшылатып суару әдісіне түгелдей көшуді көздеп отыр. Әзірге сынақ ретінде баклажан, бұрыш отырғызылған жерге тамшылатып суару әдісін қолдана бастады. Бұл әдісті де өз қолымен жасап алып отыр. Жылыжайларды да солай, өз еңбегімен тұрғызған. Қоныс Ермановтың негізгі мамандығы - құрылысшы. Содан да ол бәрін қолдан келгенше, өзі тұрғызды.

-Тамшылатып суару әдісі өте керемет екен. Суың да, жерің де үнем. Дәнді дақылдардың да бұрынғыдан жақсы өсіп келетіні байқалады,- дейді шаруа. 

Жылыжай демекші, қожалықтың еншісінде бірнеше жылыжай орналасқан. Солардың ішінде тұқымдық жылыжайға тоқталамыз.

Қожалық иесінің айтуынша, жалпы облыстағы баклажан, бұрыштан бөлек, дәнді дақылдардың тұқымдары Голландиянікі. Ол астында жылыту жүйесі бар тұқымдық жылыжайда дәнді дақылдардың 300 000 түптерін дайындайды. Жылыжайда сәл бой көтерген түптерді жерге отырғыза бастайды.

Оның айтуынша, жалпы қарбызды тұқымнан егу оңтайлы екен. Бейнеті аз. Ең оңай әдіс. Су берсеңіз болғаны, өзінен өзі өсіп шығады. Ал көшеттен отырғызудың қиындығы көп, үнемі баптап, жіті бақылап отыруың керек дейді шаруа. Бұл азапты жұмыстың бәрі – дәнді дақылдарды ерте пісіру үшін қажет екен.

Бір кемшілігі – күн ысып кеткенде, қарбыздар тез пісіп кетіп, теруге үлгертпей, сатылып та үлгермей, шығынға батыратыны.

 

ШАРУА АЙТҚАН ҚҰПИЯ

«АЖ» тілшісімен әңгіме барысында қожалық иесі Қоныс Ерманов қарбыздарға қатысты тағы бір құпияны ашты.  Кейбіреулер қарбыздың салмағын ауырлату үшін оны бірнеше күн сусыз ұстап, тек сатардың алдында суарады. Бұл  қожалықтар арасында «астрахандық», «жергілікті кореялық әдіс» деген атауға ие. Ал ондай әдісті біз қолданудан аулақпыз дейді  шаруа.

- Себебі, су құйған соң қарбыздың қанты азайып кетеді де, құнарлығын жоғалтады. Біздің қарбыздарымыз жеңіл болып тұрады. Ақшадан ұтылсақ та, клиенттен айырылғымыз келмейді. «Дастанның» қарбызы тәтті деп ертесіне іздеп келіп тұратындар көп. Оларды алдай алмаймыз, - дейді шаруа Ерманов.

 «Ақ Жайық» ауылынан қалаға қарай қарбыз тасудың өзі бір азап. Шаруа басқа қожалықтардың өнімдерін сатуға шығару жағы қиындау, бізде ол жолға қойылған деп отыр. Алайда, айналасын Жайық өзені қоршап жатқан ауылдан қалаға қарай келу үшін бірнеше КаМАЗ тиелген қарбызды өзен жағасына келіп бір түсіріп, оларды қайықтарға тиеп, өзеннің келесі бетіне шығып, қайықтағы қарбыздарды келесі КаМАЗ-ға тиеу – қара күшті ғана емес, үлкен жігерді, асқан төзімділікті талап етеді. Қожалыққа жұмысқа жалданған жас жігіттер бірде тулап, бірде тұнып жататын өзенді жұмыла кетіп, екі ағаш қайыққа қарбыз, қауындарды орамжапырақ секілді қапшыққа салып емес, әрбіреуін соғып алмай, бір-бірден орналастыра отырып КаМАЗ-ға тиейді де, қалаға қарай жүреді. Күніне осылай бірнеше рет қайталанады. Таңның атысынан кештің батысына дейін қожалық тірлігі үздіксіз жалғасып отырады.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

28 шілде 2011, 02:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.