Атырау, 23 желтоқсан 14:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Қош бол, Даша!

6 057 просмотра

  Газетіміздің осы саны жарыққа шыққан кезде шығыс-еуропалық асыл тұқымды Даша есімді қызметтік овчарка ендігі тірі қалмайды. Ол әріптесінің әрі досының өз қолымен салған ажалды екпесінен кейін тып-тыныш қана мәңгі ұйқыға кетті. Қартайған қаһарман иттер осылай көз жұмады екен. Ал әзірге...

…Салпаң құлақ, қабырғалары ырсиған арық күшікті кинолог Горпарктегі колхоз базарынан сөзуар дағыстандық сатып тұрған кезде байқап қалыпты. Жүресінен отыра қалған ол сатушының сөзін құлағына ілмей, күшіктің ерекше көк көздеріне үңіле қарады. Оң жаққа қарай жасалған күрт қимыл күшік үшін күтпеген жай болады. Ол сол сәт басын бұра қалып, елең ете түсті. Кинолог мақұлдаған сыңаймен: «салем, батырым...» деп мырс етті. Күшік еркелей құйрығын бұлғаңдата жөнелді. Олар осылай достасып кеткен еді.

 

“ҰШАТЫН” ИТ

Дашаның қожайыны әрі әріптесі Жора Дошахов. Иттің керемет қабілеті ІІД-нің бүкіл кинологиялық қызметін қайран қалдырып, мақтанышына айналды. Ерке де, аңғарымпаз күшік қай нәрсені де қағып алатын. Даша жаттығу залында ұшып жүретін деуге болады. Шапшаңдығы мен аңғарымпаздығы тұрғысында көпті көрген, тәжірибелі Пегас, Эльза және Рэм секілді иттерден кем түспейтін.

Иттің иіс сезгіштік қасиетін тексерген жаттықтырушылар бөлменің жоғарғы бұрышына әдейілеп есірткі салынған пакетті іліп қойыпты. Бөлмеге құйындатып кірген Даша бір сәт қалт ете тұра қалған да, бөлменің төбесіне секірген. Сол сәтте азуының сақ еткен дыбысы естілген де, жерге мысық секілді төрт тағандап түскен ол қожайынының қолына пакетті ұстата салған. Қайран қалған кинологтар Дашаға үш метр биіктікті, содан соң үш жарым метр, төрт метр биіктікті бағындыруды ұсынады. Бірақ сынақты тоқтатуға тура келген. Дегенмен ешкім де Дашаның одан да биікке секіре алатынына күмәнданбаған еді. Алайда иттің аяғының сынып немесе жарақат алып қалуы әбден мүмкін еді. Мұндай иттерді қатерге тігуге болмайды екен.

Кинологиялық қызметтің барлық иттері секілді Даша үшін де тамақ құйылған табақ пен ойнақ салып, серуендеу маңызды емес. Оның өміріндегі басты нәрсе – жұмысы. Олардың кез-келгені үшін бұл ең маңызды нәрсе. Кинологтар торлы орынға жақындаған кезде құйрықтарын бұлғаңдата, көздері от шашқан иттер қуана шәуілдей жөнеледі екен. Иттердің көздері жанқиярлыққа, қаһармандыққа, батылдыққа және өздерінің ең үздік екенін дәлелдегісі келетін ынтызарлыққа толы болатын көрінеді. 

Даша үлкен марапаттарға ие болған емес. Тіпті оны иелену үшін  конкурстарға да қатыспаған. Ол тек жұмыс істеген. Оны өз қолдарымен атып тастағасы келетін есірткі сатушылар жеткілікті шығар.

ЕТТІҢ ИІСІН ЕЛЕҢ ҚЫЛМАДЫ

Құлсарыдағы жеке үй. Жедел ақпарат бойынша, үйде есірткі жасырылған. Иттің бүкіл бұлшық еті тартылған адырнадай шиыршық атты. Даша сабырсыздана қыңсылады. Сезімтал танауына түрлі иістердің ішінен қожайынының таныс иісі, сол жақтағы адамнан кешегі күні ішкен арақтың күлімсі иісі, будкадан басын шығарып, жан-жағына көз тастаған арлан иттің жұпар иісі, мал қораның иісі... келіп жатты. Ол өзіне етене таныс болар-болмас иісті де сезді. Міне, енді басталды. Есіктен кіре бергенде пісіп жатқан еттің дәмді иісі мұрын жарып бара жатты. Жайнап тұрған жаюлы дастарханды айналып өткен Даша бұрышқа мұқият жиналған көрпелерге қарай жүгіре жөнелді. Сол көрпелердің түбінде ең алдымен табуға тиісті нәрсесі жасырылған екен.

«Мен еттің әсерінен ит иісті аңғармай қалар деп ойлап едім», - деп мойындапты кейін үш жылға сотталатын есірткі саудасымен айналысушы. Тергеу барысында ол өзіне тінту жүргізілетінін алдын ала білгендігі, бірақ заттай айғақтарды алысырақ жасырып, итті еттің иісімен алдарқатам деп ойлағандығы анықталады.

 

ҮЗДІК МАРАПАТ – ЖЫЛЫ АЛАҚАН

Дашаны өз ісінің білгірі ретінде көрсеткен тағы бір қызықты жағдай Индерде орын алады. Қарапайым үй. Ол үйде есірткі сақталған деген жедел ақпарат расталмағандай болады. Даша қожайынына жалбарынған түрменен қыңсылап, қабырғаны тырнай бастағанда кинолог итке бір нәрсе болған ғой деп ойлапты. Итті тыныштандырмақ болған бүкіл әрекеті зая кетеді. Ашынған ит қабырғаны тырналауды қойып, басын жарға ұра бастаған. Арасында күйінішпен үріп қояды екен. Сол кезде үй қожайыны өзін-өзі ұстай алмай, қалшылдай бастап, өңі қуқыл тартып кетеді. Бір-біріне көз тастаған кинологтар мен полицейлер біртүрлі көрінген қабырғаны миллиметрлеп зерттей бастайды. Кенеттен тұтас боп көрінген қабырға жаймен ғана есік секілді оң жаққа қарай қозғала бастайды. Сөйтсе, еден іргесіне көзге көрінбейтін роликтер жасырылған екен. Құпия орыннан марихуана мен атылатын қару нығыздалып салынған төрт қапшық табылған. Сегіз жылға сотталатын қылмыскер итті жер-жебіріне жетіп қарғаған шығар... Ал Даша масайрап кетті, үздік жұмысы үшін қожайыны күлімсіреп, оның шұнақ құлағын мейірлене қасыған еді. Бұл ол үшін жер бетіндегі ең керемет марапат еді.

ӨЛІМ АУЗЫНДА

Есірткіні іздеуге маманданған иттердің өзі нашақорларға айналған деген аңыз бар. Кинологтар растап отырғандай, бұл бос сөз екен. Олардың мақсаты итке қажетті нәрсені іздеуге үйрету. Алайда жануардан нашақор шығару – барып тұрған сандырақ көрінеді. Алайда бір күні Даша есірткінің көп мөлшерінен өліп қала жаздапты.

Бұл 2004 жылы болған оқиға еді. Есірткі болуы мүмкін деген ақпарат бойынша Атыраудағы пәтерлердің бірін тексеру кезінде Даша өзі іздеген иісті иіскеп сезеді. Ол ашық оралған героин жасырылған жаймаға тұмсығын сұғып, оны тісімен шығарып алады. Сол кезде ұнтақ тікелей иттің аузына төгіліп кетеді. Бірнеше секундтан кейін төбет қалшылдап, аузынан көбік ағып, көздері аларып кетеді. Кинолог итін көтеріп алып, жүгіріп машинасына апарады. Көліктерімен штабқа қарай құйындата жөнеліп, демсіз қалған итті штаттық ветеринардың қолына тапсырады. Сол күні түнді қожайыны жануардың жанында өткізеді. Ешкім де иттің қатерлі ұнтақты қаншалықты жеп қойғанын дәл білмейді, бірақ ақырына дейін күресуге бел буады. Сөйтіп, Даша тірі қалады.

КІР ЖУҒЫШ ҰНТАҚТАҒЫ ЕСІРТКІ

Есірткі тасымалдаушылар өз жүктерін діттеген жерлеріне жеткізгенше не нәрсені ойлап таппайды дейсіз. Иттерді иіскеу қабілетінен айыру үшін тасымалдаушылар сөмкелеріне сарымсақ, жуа жағып, бұрыш сеуіп, керосин құяды екен. Есірткі жасырылған жерлер де қайран қалмасыңа қоймайды. Сегіз жыл даңқпен қызмет еткен ақылды ит есірткіні қай жерден болса да іздеп табады екен. Мәселен, машина креслосының бас тіреуіші. Апиын сіңірілген дәкені поролонның өзегіне жасырған жағдай да болды. Көбінесе есірткіні төстартқышқа, ішке орап алып тасиды, кір жуатын ұнтаққа араластырады... Бір күні Атыраудың вокзал тұйығына кір жуатын ұнтақтар партиясы әкелінген. Кір жуатын химия лық тиелген үлкен вагонды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Орамалар скотчпен оралып, үлкен шкафтың мөлшеріндей тай-тай болып байланған. Полицейлер мен кинологтар вагонға келген кезде тоқтамастан түшкіре бастайды. Ал Даша тұншықтыратын иіске қарамастан бұл жерде есірткі жасырылғандығына күмән келтірмейді. Орамаларды бірінен соң бірін полицейлер жерге төге бастайды. Екі жүзінші орамаға келгенде полицейлер ит жаққа қарай күмәнмен көз тастайды. Бірақ Даша өз-өзіне сенімді түрде, үріп қояды. Ақыры осы тау боп үйілген ұнтақтың арасынан есірткі де табылыпты.

ДАША ТЫНЫШ ҰЙҚЫҒА КЕТТІ. АЛ БІЗ?

…Үш жылдан бері Даша жұмысқа баруды қойыпты. Оның торының жанындағы жас, қуатты, батыл, жігерлі иттер абалап үріп қояды. Бір кездері Даша да сондай болатын. 

- Оған печенье беруіме бола ма? – деп сұрадым кинологтан.

- Ала қойса, - деп күмән білдірді ол. – Байқап көріңіз.

Мен оған печеньені ұсындым. Даша сол сәт оны жалап алды да асфальтқа түкіріп тастады. Ұсынған печеньені алмауға әдептілігі жібермей, ал жеуге тәрбиесі жол бермеді.

- Оны маған беріңізші... – деп жануарды құтқармақ боп, тағы да әрекеттеніп көрдім. Бірақ тағы да «болмайды» деген қатаң жауап алдым.

Келесі күні Дашаны «ұйықтатып» тастады.

Нұсқаунама бойынша, кинологиялық қызметтің иті басқа қожайынға берілмеуі керек. Сегіз жыл қызмет еткеннен кейін есептен шығарылатын иттермен дәрі егіп, қош айтысады екен. Төрт аяқты қаһармандар туралы бүкіл іс қызметтің мұрағатында сақталады. Кинологтарда бүкіл иттерге ескерткіш қою туралы жоспар бар екен. Бәлкім ескерткіш үшін прототип жалқы құлақты Даша болуы мүмкін.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген В.Истомин

 

Материалды дайындауда көмек көрсеткендері үшін облыстық ІІД кинологиялық қызметінің бастығы Серік АЙТБАЕВҚА, аға инспектор-кинолог Михаил КОЛУЗАНОВҚА және кіші инспектор-кинолог Жора ДОШАХОВҚА алғыс білдіреміз.

 

Дашаның екі «әріптесімен» төбелесіп, сол жақ құлағынан айырылғанына көп уақыт болды. Адамдар секілді иттер арасында да ұрыс-керіс, тіпті төбелес те орын алып жатады. Сол күні Даша екі бірдей төбетке тойтарыс берген еді. Кинологтар оларды айырып алғанымен, Даша құлақсыз қалды.

28 шілде 2011, 21:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.