Атырау, 23 желтоқсан 15:13
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Доссордағы Атымтай Жомарт

16 022 просмотра

Қазақ жеріндегі атымтай жомарттардың ізі әлі түгесіле қойған жоқ. Бұл жолғысы – Доссордан шықты.

Пайдасыз тұяқ қимылдамайтын замандағы мырзалықты көзіммен көргім келген. Сол үшін арнайы Доссорға бардым. Құлақпен есту бір басқа да, көзбен көру бір басқа ғой.

Доссорлық кәсіпкер Ержан СЕРІКБАЕВбизнесте көшбасшы болмаса да,  шалқып-тасып өмір сүрер табысы бар. Маңдай терін төгіп тапқан ақшасын басқалар шетелдегі виллаларға жұмсаса,  ол Доссорға тал егіп, оның қоқысын тазалаумен айналысып, мұғалім жалдап жүзден астам баланы шет тіліне тегін оқытып, алғашқы мұнай ұңғымасының айналасын демалыс саябағына айналдырғысы келіп жүр.

 

АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙ 

Ары- бері өтіп жүргенде ылғи көзге түсетін Доссорға кіре берісте Байбақты батыр мазарына арнап қойылған алып дулығаны көріп ауылдың ажарын ашу үшін жасаған жергілікті биліктің  әрекеті болар деп ойлайтын едім. Сөйтсем, әрі қақпа, әрі қасиетті  баба мазарына кіре беріс тұстың  көркін келтіріп тұрған ескерткіш міндетін атқаратын бұл ансамбльді  тер төгіп жасатушы да осы Ержан Серікбаев екен. Одан әрі жүз метрдей өткен соң кәдімгі жан-жағы қоршалып, ағаштары жайқалып өскен аумақты демалыс бағына келіп кіресіз. Оның ішіне кіріп серуен құрып, спортпен айналысуға мүмкіндік беретін қажетті құрал-жабдықтар бар.

- Мұның бәрін не үшін жасап жүрсіз? Атағыңызды шығару үшін бе? Әлде табысыңыз қалтаңызға сыймай бара ма?– деймін Ержанды сөзге тартып.

- Жәй, туып-өскен ауылыма жақсылық жасағым келді. Доссор Доссор болғалы биыл бір ғасыр. Мұндағы жұмыстар тек жекеменшік үйлер салудан немесе бар ғимараттарды сылап-сипаудан арыға бармайды, - деп қысқа қайырды ол.

Сөзінің жаны бар.Осыдан жүз жыл бұрын - 1911 жылы 29 сәуірде  Доссор кен орынындағы №3 ұңғымада  мұнай бұрқағы атқылаған еді. Осылайша Ембідегі  мұнай өндірісі бастау алады. Шалғайдағы Доссорға аса ірі ағылшын  акционерлік  мұнай компаниялары ағылды. Ембі мұнайы әлемдік биржада үлкен абыржу туғызып, алып мұнай қоры туралы  қауесет жалпақ жұртқа тарап кетті... Қазір бұл - тарих, тақырыбы бөлек әңгіме. Бірақ содан бері ширек ғасыр ішінде не өзгерді? Доссор неге қол жеткізді? Аянышты жауап- ештеме де өзгерген жоқ. Бір кездері  дүниені дүрліктірген Доссор 100 жыл өткен соң да ауыз суға зәру, топырағы бұрқыраған ауылдың тұрғындары екі қолға бір жұмысты аңсайды.  Кейіпкеріме оралайын.

- Ауылдың өркендемеуін тек үкіметтен көруге болмайды. Меніңше, адамдардың өздері өзгеруі керек. 2007 жылдары ауыл ішіне талдар ектім. Бірақ ол өспеді, өсуіне мүмкіндік берілмеді. Соңында  3-4 тал ғана қалды, қалғанын  ұрлап кетті, жұлып тастады, ауыл адамдары қоршалған шарбаққа малды кіргізіп қойды. Су  келу үшін жүргізген қоршалған тұрбалар  ұрланды. Бір сөзбен айтқанда, еңбек далаға кетті,-дейді Ержан Серікбаев.

Доссорлық Атымтай Жомарттың қазіргі ойға алып жүрген бір үлкен ісі бар. Ол бір кездері мұнай атқылаған сол тарихи №3 ұңғыма айналасына монумент орнатып, саябақ жасау.

Бірақ ол үлен қаражатты  керек етеді. Өйткені, бір кездері мұнай шыққан ұңғыма төңірегі сортаң. Оның айтуынша, оған бұл ой 2009 жылы облыстағы 7 ауданның ақсақалдарын жинап «Мұнайшы»  ақсақалдар алқасын ұйымдастырғанда келген көрінеді. Өкінішке орай, бұл ақсақалдар алқасына 50 шақты қария кіріп, құрылғанымен,  белсене жүргізген адам болмапты.

- Алдымен  ауылдың  қыстан қалған қоқысын тазарттық. Шынын айту керек, бұл іске ауылдастар құлшына  қосылды. Тұрмыстық қоқыстан өзге топырақ үйінділерін әлгі  №3 ұңғыма төңірегіне  әкеліп төктік. Ол жерді саябаққа айналдыру үшін әлі  топырақ төгілуі керек. Яғни ойым - ашық аспан астындағы Доссор тарихын жасау, - дейді кәсіпкер жігіт.

 

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫ МЕКТЕПТЕН ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕРЕК

-Елдің еліне деген жанашырлығын ояту үшін тәрбие мектептен басталуы керек деп ойлаймын, - деді ол. Қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын, оқытатын арнайы пән енгізілуі керек. Тек сонда ғана болашақ ұрпақтың көкірегінде патриоттық сезімді қалыптастыра аламыз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ол тіпті өзінің бұл ұсынысын іс жүзіне енгізу үшін Астанаға дейін барыпты. Талай зиялыларымен сөйлесіп, талай хаттар тиісті орындарға жөнелтілгенмен елең еткен ешкім болмаған.

- Мұхтар ШАХАНОВПЕН де кеңескенімде «е, қарағым ендігі ұлт өлді ғой» деген еді. Мен сол кезде ол кісінің сөзінің сырын терең түсінбегендеймін, - дейді.

Бірақ ол  ұлтжандылықтың түптің түбінде мектеп қабырғасынан қалыптасатындығына сенімді, осы іс бастау ала қалса өзінің үлес қосуға әзірлігін айтады.

Өзі бір кездері  тіпті бұл идеясына дем беріп көру үшін «Перзент» атты кітапша шығарып әйелдер босанатын үйге апарып тегін таратқан екен. Онда  бала тууына байланысты қазақтың сал-дәстүрі мен наным сенімдері, бесік жыры  енгізілген.

Сәния ТОЙКЕН

Суреттерді түсірген автор

Атымтай Жомарт — Шығыстың көптеген халықтары фольклорында кездесетін кейіпкер - Хатам-Тай, өзінің қайырымдылығы мен жомарттығына сай аты жайылған, халық жадында құрметпен әспеттелетін адам. 6 ғ-да өмір сүрген деген жорамал бар. Қазақ  тіліндегі нұсқаларда  Хатам-Тай-Атымтай деген атпен белгілі. Ол ерекше  мейірімді, қамқор, аса жомарт адам ретінде бейнеленеді.

28 шілде 2011, 01:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.