АСТАНА. ҚазАқпарат- Әлемдік өркениеттің көш керуені талай ғасырдың жылнамасын жылжытып бүгінге жеткен уақытында, есеп алаңында әр ұлт өздерінің ортақ адамзат мәдениетіне қосқан жаңалығын мақтанышпен айтып жарнамалауға кірісті.
Ал Түркі немесе қазақ ғалымдарының соңғы зерттеу еңбектерінде жазылғандай, біздің де бұл көштің бел ортасынан ешқашанда қалып көрмегенімізді, адамзат құндылықтары есептелетін өрелі мәдениеттің біразын батыс жұртына біз сыйлағанымызды көлденең тартып жүрміз. Қысқасы біз кімнен кем болған едік дейміз енді.
Тәуелсіздік таңы атқан алғашқы күндерден бастап ұлтымыздың асыл жауһарларын алдымен өзіміз танып, білуімізге тура келді. Осы үрдіспен талай дүниеміз түгенделді. Тарихымыз жаңаша қалыппен хатталып, ұмыт болған салт-дәстүріміз толығып, түрленді. Әрине, халық қазынасы мол, оны қаза түссе ғана аршылады. Сол дәстүрлі мәдениеттің ашылмаған қырларының бірі - қазақ халқының дәстүрлі медицинасы.
Қазақ медицинасы - қазақ емшілігі немесе қазақ шипагерлігі деп аталып келеді. Қоғамда «халық емшілігі» десе үрке қарайтын, оны бақсы, балгер, көріпкел деп қабылдайтын көзқарас бүгінде сақталып отыр. Ал, анығында халық шипагерлігі осы заманғы медицина қалптасқанға дейін, ғасырлар бойы ұлтымыздың өсіп-өнуіне өзіндік ықпалын тигізіп келді. Сүйте тұра осы уақыттарға дейін толық тарихы жазылмаған, зерттеліп, бір ізділенбеген ұлттық мәдениеттің қабырғалы, маңызды бір саласы халықтың осы емшілік өнері.
Елбасының Қазақстан халқына арналған дәстүрлі жолдауларында ел азаматтарының денсаулық сапасын көтеруді басты мақсат етіп алға қойып отыратыны белгілі. Осы мақсатқа жету үшін түрлі ауқымды шараларды жолға қою қажет. Сол қадамдардың бірі ретінде қазақ медицинасын алға ілгерлету ісін қолға алған орынды болар еді. Ұлттың денсаулық сапасын көтерудің тура жолы, сол ұлттың ұзақ сыннан өткен ұлттық медицинасын дамытып, пайдалану. Оны ғылыми айналымға түсіріп, қазіргі медицина саласының жетістіктерімен үйлестіріп, толықтырып, жетілдіре түссек берері мол болмақ.
Әлемдік өркениетте денсаулықты сақтау жөніндегі көптеген мәліметтер бізге Шығыстың, Мысырдың, Қытайдың, Гректің, Тибеттің, Израильдің, Ливанның ежелгі қолжазбалары (папирустар) арқылы жетті. Ежелгі кездің Гиппократ, Аристотель, Ибн Сина (Авиценна), Корнелий Цельс, Әл-Фараби сияқты ғалым-философтары денсаулық сақтаудың тәсілдерін зерттеген. Былайша айтқанда өз халқының дәстүрлі медицинасын жолға қойған әлем таныған елдер мен ежелгі медициналық құнды еңбектер жазып, тарихта атын қалдырған тұлғалар осылар. Деседе, дүниедегі барша халықтар өзіне тән дәстүрлі халық емшілігін шама-шарқынша дамытып, сақтап отырған. Солардың ішінде қазақтың дәстүрлі медицинасы да бар. Бүгінге жеткен тарихи деректер мен халық арасындағы дәстүрлі өнерді, ұрпақтар сабақтастығын үзбей жалғап, бойына дарытқан емшілеріміздің иланымды, жүйелі, ғылыми емдік әдіс-тәсілдеріне қарап қазақтың дәстүрлі медицинасының да шоқтығы биік, басқалардан қалыса қоймайтындығын аңғарамыз.
Қазақ медицинасының түп кітабы деп 15 ғасырда жазылған ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиясын атауға болады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы - 1388-1478 жылдар аралығында өмір сүрген. Ғалым «Шипагерлік баян» кітабын Жәнібек ханның тапсыруы бойынша 70 жасында жаза бастап, Жәнібек хан дүние салған 1473 жылы, 85 жасында кітапты жазып бітіргені жөнінде дерек қалдырған. Сондай-ақ Өтейбойдақтың 90 жасқа жақындап дүние салғаны жөнінде де мәлімет бар. «Шипагерлік баян» кітабында өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алынатын 318 түрлі, металл-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің атауы, 500-ге тарта анатомиялық атаулардың келтірілуі, бұл еңбектің тарихи-этнографиялық мән-маңызының ерекше екенін білдіреді.
Аталмыш кітап осы уақыттарға дейін ғалымның Қытай елінде тұратын ұрпақтарының қолында сақталып келді. Кітаптың тозып, бүлінбеуі үшін оны жаңалап көшіріп отыру ұрпақтарға аманатталған екен. Сондықтан құнды жәдігер талай ғасырды аунатып біздің қолымызға жетіп отыр. 1968 жылы «Шипагерлік баянды» жетінші рет Нұртай Түменбайұлы көшірді. Бұдан кейін 1994 жылы араб әрпімен Үрімжіде, 1996 жылы Алматыда «Жалын» баспасында қазақ тілінде басылып шықты. Қытай үкіметі кітаптың құндылығын бағалап, 1997 жылы «Мемлекеттік бірінші кітап» деген сыйлықпен марапаттады. Қытайда Өтейбойдақтың мұрасын зерттеу үшін 2 мемлекеттік медицина орталығы құрылды. 2002 жылы Қазақстан халық емшілер қауымдастығы Өтейбойдақтың жерленген жері Алматы облысы Райымбек ауданының Шәлкөде жайлауындағы Айқайтас бөктеріне арнайы құлпытас орнатқан. Алматы қаласындағы бір көшеге аты берілді.
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегі әлі де жүйелі зерттеуді қажет етіп отыр. Кітаптың сыры толыққанды әлі ашылған жоқ, ішіндегі мол қазына жүйелі зерттеліп, ғылыми айналымға түсіп ел игілігі үшін пайдаға асыруды қажет етіп отыр. Тіптен әлемге мақтанышпен жария ететін тұстары да жетерлік. Шипагер Өтейбойдақ «шешекке» вакцина егуді ағылшын зерттеушісі Эдуард Женнерден (1796) 360 жыл бұрын қолданғаны және әлемдік ғылымда адамның қан айналымы, жүрек пен ми қызметтеріне тұжырымдамаларды Да Винчи, В. Гарвей, Галилей ашты деп келсе, ал Өтейбойдақ бабамыз олардан бір ғасырға жуық бұрын далалық зертханасында, соғыстарда өлген жау әскерлерінің мүрдесін боршалап, сондай-ақ, жануарлардың денесіне тәжірибе жасағаны шипагердің еңбегінде баяндалады.
Қазіргі күні Қазақстанда қазақ медицинасын дамытуға тек жекелеген қоғамдық ұйымдар ғана атсалысып жүр. Мемлекеттің тікелей қолдауы мен нақтылы жоспарлы жұмыс кестесі әлі жасалмай отыр. Ал, бір қуантарлығы, Қытай елінде тұрып жатқан қандастарымыздың сәтті қадамдары қазақ дәстүрлі медицинасының көшін алға жылжытуға септігін тигізіп келеді. Олар, 1980 жылдары Қытайдың Алтай қаласында Қазақ медицинасын дамытып, практикалық тұрғыдан қолданысқа енгізу үшін «Қазақ емханасын» ашты. 2008 жылы Алтайдағы медициналық колледжде Қазақ медицинасы факультеті жұмыс істей бастады. 2011 жылы Үрімжіде Шыңжаң медицина университеті жанынан Қазақ медицинасы кафедрасы ашылып, Қазақ медицинасының жоғары білімді мамандарын даярлап шығу мүмкіндігіне қол жеткізді.
Ұлттың денсаулығы - мемлекетіміздің болашағы. Ендеше, қазақтың дәстүрлі медицинасының болашағы - қазақтың болашағы болмақ! Сондықтан да жұрт мерейі өскен, ел еңсесі көтерілген бүгінгі күні алар асуымыз бұданда зор болуға тиісті.
Дереккөз: inform.kz