1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың және тұруға ыхтиярхаты бар тұлғалардың мүліктерін заңдастыру акциясы басталды.
Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2014 жылғы 30 маусымдағы №213«Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға жәнеҚазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларғаолардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң күшіне енеді. Заңның 1-бабына сәйкес, мүлікті жария ету - табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген не тиесілі емес тұлғаға ресімделген мүлікке құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі.
Дәстүр бойынша, мемлекет жария етуді көлеңкелі экономика көлемін қысқарту және ел экономикасына қосымша қаржы мен мүліктерді тарту мақсатында өткізеді деп ойлау қалыптасқан. Жария ету жарияланғаннан кейін азаматтар бірқатар басымдықтарға ие болады: жария етілген ақшалар мен мүліктерге табыс салығы салынбайды; сондай-ақ, жария ету субъектілері бірқатар баптар бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Заңға сәйкес, жария етуге келесі мүліктер жатады:
1) ақша;
2) бағалы қағаздар;
3) заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі (бұдан әрі – қатысу үлесі);
4) оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер ҚР заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын, басқа адамға ресімделген жылжымайтын мүлік (ғарыш нысандарынан және магистральдық құбырлардың желілік бөлігінен басқа);
5) құрылыс нормалары мен қағидаларына, сондай-ақ, өздері орналасқан, жария ету субъектісіне меншік құқығында тиесілі жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес келетін, Қазақстан Республикасының аумағында тұрған үйлер (құрылыстар, ғимараттар);
6) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүлік жария етуге жатады.
Мүлікті жария ету мерзімі: 2014 жылғы 1 қыркүйектен 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Мүлiктi (ақшадан басқа) жария етуге ұсыну үшін құжаттарды тапсыру мерзімі 2014 жылғы 1 қыркүйектен басталады және 2015 жылғы 30 қарашада аяқталады.
Жылжымайтын мүлікті (ақша мен бағалы қағаздардан басқа) жария етумен әкімдіктер айналысады. Ғимараттар (құрылыстар) бойынша өтініштер осы нысандар орналасқан жер бойынша комиссияға беріледі.
Атырау қаласы әкімдігі жанындағы комиссияны қала әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВ басқарады, ол өз жұмысын 2 қыркүйекте бастайды. Өтініштеріңізбен қалалық әкімдіктің (Әйтеке би көшесі, 77А) 105 кабинетіне хабарласу керек. 35-40-95 телефоны бойынша ақпарат ала аласыз. Айтбаев айтқандай, комиссияға хабарласқанда өздеріңізбен бірге төлқұжатыңыздың түпнұсқасы мен көшірмесі, жария етілетін мүліктің техникалық паспорты, ғимарат пен құрылыстың ҚНжҚ (СНиП) нормаларына сәйкестігіне техникалық зерттеу жасаған аттестацияланған сарапшының қорытындысы болуы керек.
- Ескерту: егер тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстары (гараждар, қосалқы үй, шоландар және т.б., яғни, жеке аулада салынған орынжайлар) жарияланатын болса, мұндай қорытындылардың қажеті жоқ, - деді комиссия төрағасының орынбасары, қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңге-рушісі Серік НЫСАНБАЕВ. – Өтініштердің бекітілген нысаны Жария ету туралы заңның қосымшасында берілген. Оны ғаламтор арқылы тауып, өз бетіңізше қағазға шығарып, комиссияға толтырып әкелуге болады. Егер мұндай мүмкіндік болмаса, комиссияға келгенде де алуға болады. Сонымен қатар, комиссия мүшелері жер телімі жария ету нысаны бола алмайтынын ескертеді.
Бізге жер телімін кеңейтуді жоспарлап отырған бір оқырманымыздан сауал келіп түсті. Ол жария етуге байланысты қалай әрекет ету керектігін сұрады: кеңейтуге құжат тапсыру керек пе, әлде, алдымен өзінде бар жер телімін ресімдеуі қажет пе?
- Егер жер иесі өз жерін кеңейткісі келсе, белгіленген тәртіп бойынша құжаттар мен өтініш жазуы керек, жария етудің бұл жерде еш қатысы жоқ, - деді Нысанбаев.
ШЕТЕЛДІК ОН ПАЙЫЗ
Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі ақшаны, бағалы қағазды және жылжымайтын мүліктер салық органдары мен екінші деңгейлі банктер арқылы жария етіледі. Салық департаменті таратқан ақпарат бойынша, жария етілетін ақшалар субъектінің өтініші бойынша екінші деңгейлі банктерде ашылған арнайы жинақ шоттарына аударылады. Әрі қарай субъект жария ету құралын таңдауы қажет:
Біріншіден, ақшаны жоғарыда айтылған шоттарда 5 жыл бойы сақтап, нарықтық мөлшерлеме бойынша сыйақысын алады;
Екіншіден, ақшаны мерзімінен бұрын пайдаланғысы келсе, оларды мемлекеттік бағалы қағаздарын, екінші деңгейлі банк облигацияларын, ұлттық басқару холдингтері мен компанияларының, сондай-ақ, «Халықтық ІРО» бағдарламасы аясында өткізілетін акцияларды және қазақстандық қор биржаларында салынған басқа да бағалы қағаздарды сатып алу арқылы ел экономикасына инвестициялауға болады;
үшіншіден, субъектілер жекешелендірудің екінші толқыны аясында нысандарды сатып ала алады.
Егер ақшаны жария етуші субъект жоғарыда аталған құралдарды пайдаланғысы келмесе, ол ақшаларын өз еркінше жұмсауға құқылы. Бұл жағдайда банктер оған ақша берерде жария етілген қаржыдан мемлекет пайдасына 10 пайыз мөлшерінде алым ұстайды.
Қазақстан аумағынан тысқары жерде орналасқан мүлікті жария етуді субъектілердің өтінішімен тұрған жері бойынша салық органдары жүргізеді.
Осындай мүлікті жария ету үшін субъектінің тұрған жерлеріндегі салық органдарына активті алу құнынан немесе осындай мүліктің бағалау құнынан 10 пайыздық алым төленеді.
Дайындаған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА