Атырау, 23 қараша 04:16
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Саяжайларды жеке құрылыс учаскесіне айналдырса

2 477 просмотра

Зейнеткер Сапарғалиевтің «Ардагер» тұрғын үй массивінен балалардың ойын алаңын салу жөніндегі өтінішіне қалалық әкімдіктегілер «Ардагердің» типтік ықшам аудан емес, саяжай поселкесі екендігін айтып, бас тартқан болатын. Ал бұл мәселенің екінші жағы мынадай. Мемлекет бір кездері мәуелі бақ болған  саяжай қозғалысын жаңғыртуға тырысып келеді. Таяуда ғана үкімет бағбандық серіктестіктерге қаржылай көмек көрсетуді қарастыратын кезекті қаулыны қабылдады. Осы құжатқа сәйкес, бәленбай миллиондаған сомалар саяжайшыларға жеңілдікпен несие беруге және олар үшін арнайы техника алуға жұмсалмақ.

Ал серіктестіктердің көпшілігі сонау 90-жылдарда-ақ ұмыт қалған болатын. Бұл облыстағы ірі кәсіпорындар бағбандарды қамқорлыққа алуды тоқтатқаннан кейін орын алды. Жайық жағалауындағы бір кездері гүлденген саяжайлар қураған ағаштарға толы бос жерлерге айналды. Суарма су құбыры жүйелерін металл сынықтарын жинаушылар қолды қылды, үйшіктердің тастары бұзып алынды. Бірен-саран үйшіктер сорғылау қондырғылары тұрған жерлерде сақталып қалған. Өйткені сорғының маңына жақын орналасқан учаскелерге электр энергиясы жүргізілгендіктен олар тұрақты мекен ету үшін жарамды еді.

Ал қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінде қазіргі кезде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алу кезегінде отыз мыңдай адам тұр. Жерлер жекешелендірілгендіктен саяжайшылардан бос қалған учаскелерді қалалық билік алып қоя алмайды. Қазір бұрынғы саяжай учаскелері 5-6 мың долларға сатылуда. Осы учаскелердің қала аумағының ортасында және өзен жағалауында орналасқандығын ескерсек, бұл өте төмен баға.

Облыс әкімі қала көшелерінде жасыл-желек болмаса болашақта Қарабатандағы өнеркәсіптік аймақ бізді тұншықтыратын болады деп әлденеше рет айтқан болатын. Ендеше қаланың тынысын қалпына келтіру үшін әрекет ету шараларын алған жөн шығар. 

Саяжай қоғамдастығын төрағалардың қолдарындағы құжаттарды жеке тұрғын үй құрылысына арнап қайта рәсімдеу арқылы жандандыруға болады. Сол кезде саяжай поселкелеріне жолдар, мектептер, балабақшалар салынып, газ бен су құбыры жүргізіледі. Ал суармалы су құбырын жөндеуді саяжайшылар өз мойындарына алып, бос қалған учаскелерді кезекте тұрғандарға үлестіруге болады.

Көкарнадағы «Химик» секілді бос қалған саяжай поселкелеріндегі құрылыстар мәжбүрлі шешім еді. Бұл жерлерде баспанаға мұқтаж, жеке құрылыс салуға арналған поселкелерден жер сатып алуға ақшалары жоқ жандар тұрады. Оларға өмір сүру үшін дұрыс жағдай, толыққанды инфрақұрылым қажет.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

21 шілде 2011, 01:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.