Былтыр Индербор кентіндегі жабайы жағажайды тәртіпке келтіруді қолға алған жергілікті кәсіпкер Сабира ЖАКИЕВА тұрғындарды қуанышқа бөлентіп еді. Ал, биыл оның жаз бойы аудандық прокуратурамен соттасуына байланысты жағажайды қалпына келтіруге мүмкіндігі болмады.
С.Жакиеваға Индербор кентінің әкімі Б. Нұрғалидың 2013 жылғы 1 сәуірдегі шешімімен Жайық өзені жағалауынан 50метрқашықтықта орналасқан 0,75 гажер телімі жерді уақытша пайдалану құқығымен үшжылға берілген болатын.
Сол жылы жеке кәсіпкер қоқысқа толған әрі жабайы жыңғыл басқан өзен жағасын тазартып, жағажайдың айналасын қоршады. Киіз үй тігіп, дәмхана ашты. Көлеңке болар шағын қамыстан тұрғызылған үйшіктер мен балалар алаңын жасады.
Ол осы жылы да жағажайды қолға алмақ болып, жергілікті әкімдікпен жер телімін уақытша пайдалану жөніндегі келісімшартқа отырған. Алайда, мамыр айында Индер аудандық прокуратурасы аталмыш жер телімін заңсыз бөлінген деп танып, су қорғау аймақтарында жер телімдерін бөлу кезінде жергілікті атқарушы органдардың арнайы су қорын пайдалану мен қорғау, қоршаған ортаны қорғау және санитарлық эпидемиологиялық қадағалау саласындағы уәкілетті органдардың келісімін алмағанын келтіре отырып, кент әкімінің шешімі мен келісімшартының күшін жою, жер теліміне берілген сәйкестендіру құжаты, мемлекеттік акті және мемлекеттік тіркеуге алынуын жарамсыз деп тану жөнінде аудандық сотқа талап-арыз береді. Алайда, сотта Жайық жағасынан аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының келісімімен қазықтар қағылып, демалушыларға арнап жеңіл үлгідегі нысандарды орналастырғандығы, күрделі құрылыстардың салынбағандығы анықталады. Сондықтан, аудандық сот судьясы Е. АМАНҒАЛИЕВ26 маусым күні су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының келісімі бойынша жүргізілмегенін және ҚР Су Кодексінің 125-бабының талаптарына сәйкес, су қорғау белдеулерінің шегінде құрылыстарды салуға және пайдалануға тыйым салынғандығын есепке ала отырып, прокуратураның талап-арызын толық қанағаттандырады.
Ал, Индербор кентінде Жайық өзенінің су қорғау белдеуі 35-100метрді құрайды, бұл Атырау облысы әкімінің 2010 жылғы 25 наурыздағы №66 санды «Атырау облысы шегінде Жайық пен Қиғаш өзендерінің су қорғау аймақтары мен белдеулері шекарасын белгілеу туралы» Қаулысында көрсетілген. Жакиеваның өкіліАнар САБИТОВАНЫҢ айтуынша, су қорғау белдеуінің шекарасын көрсететін арнайы белгілер орнатылмағандықтан жер телімін ресімдеуде Жайық өзенінің қорғаныш белдеуі 50 метр болып есептелген.
- Су қорғау аймағы қай жерден басталып, қай жерде бітетіндігі түсініксіз болды, -дейді А.Сабитова. -Аудандық прокуратура болса, көктемде су тасқыны болып жатқанда жерімізді өлшеп, оны заңсыз деп тану жөнінде сотқа талап-арыз берді. Жергілікті бөлім басшылары тарапынан көп қателіктерге жол берілген, айналғанда біз зардап шегіп отырмыз. Маусым, шілде, тамыз кезіндегі жұмыстарымыз жүрмеді, соттасумен күн өткіздік.
Аудандық соттың шешімімен келіспеген Жакиева облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіреді.
6 тамызда Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі апелляциялық сот алқасы құрамында төрағалық етуші судья Г. ҚАРАБАЛИНА аудандық соттың шешімін өзгертіп, кент әкімінің шешімін өз күшінде қалдырады.
- Апелляциялық соттың бізді қолдағаны қуантады, бірақ өкініштісі, біз биыл жұмыс жасай алмадық. Енді біз моральдық, материалдық шығындарды өтету үшін жер қатынастары мен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдерін, аудандық комиссия мүшелерін сотқа бермекпіз. Ал, Жакиева Жайық-Каспий бассейндік инспекциядан рұқсат алып, келесі жылы жұмысты жалғастырмақшы, -дейді А.Сабитова.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор