Сурет ortcom.kz сайтынан алындыРесей Федерациясында жанар-жағармай бағасының қымбаттауы мен мұнай өңдеушi зауыттардың бiрiнде орын алған апат Қазақстанда сұйық отын бағасының артуына себеп болды. Бұл туралы бүгiн баспасөз мәслихаты барысында ҚР Энергетика министрiнiң бiрiншi орынбасары Ұзақбай Қарабалин мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
«21 тамыздан бастап АИ-92 маркалы бензиннің литрi 128 теңгеден сатылып жатыр. Дизельдiк отын бағасы бұрынғы деңгейде сақталып отыр. АИ-95 маркалы бензин бағасын мемлекет реттемейдi. Сiздермен осыған дейiн кездескенімде бензин бағасы тамыз айының соңына дейiн қымбаттамайтын шығар деген болатынмын және оның көтерiлмейтiнiне үмiт артқан едiм. Десек те, мұндай жайт орын алды және сiздердi бензин бағасының қымбаттау себебіне түсiнiктеме беру үшiн шақырып отырмыз», - дедi Ұ.Қарабалин.
Оның айтуынша, Қазақстанның бiрқатар аймақтарында соңғы уақытта АИ-92 маркалы бензиннiң тапшылығы болған.
«Бензин жетiспеушiлiгi Қазақстан шекарасының маңында орналасқан аймақтарда жиі байқалып отыр. Ол жерлерде бiздiң ақпараттарымызға сәйкес, көршiлес елдерден, яғни Қырғызстан, Тәжiкстан мен Ресейден көлік ағыны арта түскен. Олар бағасы арзанырақ болатын қазақстандық бензиндi алып отыр. Сонымен қатар, Ресейдiң мұнай өңдеушi зауыттарының бiрiнде орын алған апат та қалыптасқан жағдайға әсер еттi. Ол бiздiң Павлодар қаласындағы зауытымызда жоспарға сәйкес жөндеу жүргiзiліп жатқан кезде жұмыс iстемей қалды», - деп түсiндiрiп өттi ол.
Энергетика вице-министрi отандық мұнай өңдеушi зауыттар iшкi тұтыну көлемiн толық қамтамасыз ете алмай отырғандығын да тiлге тиек еттi.
«Iшкi нарықтағы қажеттiлiктердің 30%-ға жақын көлемiн бiз келiсiм бойынша Ресейден алып келемiз. Ол көлемдi жыл бойы жеткiзiп тұру жоспарланған болатын. Көктемде жоспар бойынша норманың артып кету қаупi туындағаннан кейiн үкiмет Ресейден мұнай өнiмдерiн жеткiзуге шектеу қойып, «ҚазМұнайГаз» компаниясын бiрыңғай жеткiзушi ретiнде тағайындау шешiмiн қабылдаған болатын. Шiлде айының соңында мұнай өнiмдерiн жеткiзу мәселесi реттелгеннен кейiн аталмыш шектеу алынып тасталды», - деп толықтырды ол.
Бұған қоса, Ұзақбай Қарабалин 2014 жылдың II тоқсанында Ресейде жанар-жағармай бағасы үздiксiз өсiп отырғанын да назардан тыс қалдырмады.
«АИ-92 маркалы бензин бағасы бiздiң валютамызбен алғанда наурыз айындағы 149 теңгеден шiлде соңында 165 теңгеге дейiн артты. Сонымен қатар, Ресейде дизельдiк отын құны 164 теңгеден 178 теңгеге дейiн қымбаттады. Бұл уақыттың iшiнде Қазақстандағы бензин бағасы 115 теңге деңгейiнде тұрақты түрде сақталып тұрды. Ресейден бензин жеткiзу тиiмсiз болғаннан кейiн оны жеткiзу көлемi де төмендедi. Бензин тапшылығына жол бермеу үшiн үкiмет АИ-92 бензин литрiн 128 теңге көлемiнде белгiлеу шешiмiн қабылдады. Бұл шара нарықты жанармаймен қажеттi көлемде қамтуға септiгiн тигiзуi тиiс», - деп түйiндедi өз ойын ол.
Естерiңiзге сала кетейiк, шiлде айының соңында Ұзақбай Қарабалин ҚР Президентi жанындағы ОКҚ брифингi барысында «1 тамыздан бастап бензин және дизельдiк отын бағасы өзгермейді және ай соңына дейiн сақталады», - деп мәлiмдеген болатын.
«ЖЖМ бағасын түзету мәселесi ай сайын талқыланып жатыр. Ол қаңтар айында басталғаны өздерiңiзге белгiлi және бүгiнде жалғасын тауып отыр. Бұл мәселе үкiмет отырысында, ведомствоаралық комиссия және өзге де отырыстарда, ТМРА, Экономика министрлiгiнде де, бізде де кеңінен талқыланып келеді. Десек те, бензин құнының қымбаттамай жатқанын көрiп отырсыздар. Ол қалыпты түрде сақталып отыр», - деп атап өткен болатын ол.
Дереккөз: bnews.kz