Фото: dikiymir.ruӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 30 тамызда Шығыс Қазақстан облысында VI марал өсірушілердің Бүкіләлемдік конгресі өз жұмысын бастайды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан марал өсірушілері қауымдастығының төрағасы Нұрлан Тоқтаров айтты.
Оған Ресейден, Жаңа Зеландиядан, Швециядан, Қытайдан, Тайваньнан, Канада мен Нигериядан ғалымдар, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ҚР ҒЗИ мамандары, ғалымдар, облыс марал өсірушілері қатысады.
Нұрлан Тоқтаровтың айтуынша, Қазақстан төрт жылда бір рет өткізілетін Бүкіләлемдік конгресс қатысушыларын өзінде қабылдау құрметіне ие болып отыр.
«Мұндай шараларды өткізу мал шаруашылығы өнімдерінің орнықты өсуін, өнімділігін арттыруды қамтамасыз етеді, өнімді өткізу аясын кеңейтеді, салаға инвестициялар тартуға, сондай-ақ Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындауға қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Нұрлан Тоқтаров.
Оның айтуынша, конгресс аясында «Марал өсірудегі және күтіп-бағудағы инновациялық технологиялар, өнімдерді халықты сауықтыру үшін кешенді пайдалану» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Оның жұмысына қатысушылар «Шығыс Қазақстандағы марал шаруашылығы, оның тарихы және қазіргі жай-күйі» көрмесінде болады.
Сонымен бірге, ШҚО шаруашылықтарында болған кезде шетелдік ғалымдар марал шаруашылығындағы инновациялық технологиялар тәжірибесімен бөліседі.
Еске сала кетейік, ШҚО-да 2010 жылдан бастап, аналық малдарды асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін облыс бюджетінен субсидияландырылады.
Субсидия көлемі 140,7 млн. теңге. Барлық ірі марал шаруашылықтарында, шипажай-профилакторийлерде пантамен емдеу қолға алынған. Маралдың пантасы, қаны, еті, ішкі секреция бездері негізінде 40-тан астам емдік өнімдерді шығару игерілген.
Дереккөз: inform.kz