Атырау, 13 желтоқсан 03:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Билік бағбандарға қол ұшын созды

3 105 просмотра

Азық-түлік дағдарысының қаупі төнген сәтте ғана біздің  үкімет басындағылар  саяжайшылардың  тынымсыз еңбегінің маңыздылығын сезіне бастады. Оларға қолдау танытуға бет бұрғандай болды. 

Өткен аптада облыстық әкімдікте бағбандық шаруашылыққа қолдау таныту туралы мәселе қаралды. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Сырым РЫСҚАЛИЕВТІҢ баяндамасынан мәлім болғандай, облыста тіркелген 59 саяжайлық және бағбандық қоғамның тек жартысы ғана тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған көрінеді. Саяжайлық учаскелердің басым бөлігі Талғайран, Бесікті, Курилкино және Томарлы елді мекендерінің шетінде, Жайық өзенінің жағасында және Сарыөзек, Перетаска каналдарының жағалауында орналасқан. Біздің саяжайшыларымыз жер учаскесінің көп бөлігін (55-70%)  бақша дақылдарына және 30-45% көп жылдық өсімдіктерге береді.  С.Рысқалиевтің айтуынша, суаруға байланысты проблемалар жоқ, оның есесіне, жарық пен көлікке қатысты мәселер шешілмеген.

30 бағбандық қоғамның тек 13-не ғана үздіксіз электр энергиясы беріліп отыр, тағы да 14-і жарықпен ішінара қамтамасыз етілген. Ал, қалғандарындағы жағдай мәз емес. Және барлық электр желілерін трансформаторлық стансаларымен қоса «Атырау-Жарық» АҚ-ның немесе «Облтрансгаз» КМК балансына беру керек.

Транспорт бойынша: осы жылдың сәуір айынан бастап №57 «Дина» базары – Көкарна»  (Курилкиндегі ықшам аудан) маршруты «Химик», «Рыбник», «Уралкасрыбвод» бағбандық қоғамдарын қамту үшін «Бекіре зауыты» ауданына дейін ұзартылды. №53 «Дина» базары – Талғайран - Бесікті» маршруты саяжайшылардың өтініші бойынша саяжай учаскелері орналасқан жерге дейін барады. Саяжайшылардың тағы бір басты проблемасы - бұзықтар мен тонаушылар болып отыр. Сондықтан ол тәртіп бұзушылардың мәселесін  қолға алуға уәде етілді. Жыл басынан бері саяжай шаруашылықтарын қорғау үшін 228 полиция қызметкері жұмылдырылған.

Бір қуаныштысы, билік басындағылар коммуналшылардан егін суаратын су мен электр энергиясының ақысын төлеу тарифін төмендетпекші. Бүгінгі күні саяжайшылардан жарық ақысын заңды тұлғалар ретінде алып отыр. Енді олардан жеке тұлғалар үшін белгіленген тариф бойынша алатындығын уәде етуде. Ендігі шаруа монополисті көндіру ғана.

Сондай-ақ, саяжай шаруашылықтарын түгендеу соңғы рет 2000 жылы ғана жүргізілгендігі анықталды. Енді оны қайталап жүргізу көзделіп отыр.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

14 шілде 2011, 10:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.