Атырау, 10 желтоқсан 11:19
 бұлттыВ Атырау -3
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

«А гепатитіне қарсы егілу міндетті»

3 406 просмотра

Біздің облысымыздың 2 жастан 3 жасқа дейінгі 14 мыңдай балғындарына А гепатитіне қарсы дәрі егілетін болады.

Ай басталғалы-ақ, балалар емханаларының қызметкерлері ата-аналарға А гепатитіне қарсы дәрі ектіру үшін балаларын әкелуге шақыру жұмыстарын бастап кеткен еді.

«Мен қандай вакцина бала қай жасқа келгенде жасалуы керек екендігі жазылған екпе төлқұжатын әдейілеп қарап шықтым. Ол құжатта «А» гепатиті туралы мәліметтер жазылмаған. Бұл вакцинаны алуға міндеттіміз бе, егер оны салдырмаған күнде кейін баланы балабақшаға орналастыру кезінде кедергілер туындап жүрмей ме?»-дейді балалардың бірінің анасы Гүлмира.

«А гепатиті – адамдардағы кең тараған жұқпалы сырқаттың бірі, оны сондай-ақ, жуылмаған қолдың сырқаты деп те атайды. Өйткені, ол ауруды жұқтыру қиын емес, жуылмаған жеміс-жидек пен көкөністен жұқтыруға болады. Бұл жұқпалы сырқат әсіресе, климаты жылы аймақтарда кең тараған. Біздің облысымызда ара-тұра бой көтеріп қояды. Сондықтан да біздің аймақта үш жыл қатарынан А гепатитіне қарсы вакцина салу жүргізіліп келеді. Өткен жылдан бастап облысқа вакцина әкелінген жоқ, жақында ғана бұл дәрінің партиясы келіп түсті,-деп әңгімелейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас педиатры Гүлфара ӨМІРБАЕВА. Бұл сырқаттың инкубациялық кезеңі 15 күннен 50 күнге дейін, бірақ, орташа алғанда сырқаттың белгілері шамамен бір айдан кейін біліне бастайды. Сырқаттың белгілері – дене қызуы, дененің қалшылдауы және ол жүрек айнуға, лоқсуға апаруы мүмкін, асқазан аумағында, оң жақ қабырғаның астынан ауырлық сезіледі. Әлсіздік, зәрдің түсінің өзгеруі және көз қарашығының сарғаюы байқалады». 

Гүлфара Өмірбаеваның айтуынша, республикалық екпелер күнтізбесінде А гепатиті шынында да көрсетілмеген, өйткені, әдетте, вакциналарды сатып алу қаржысы облыстық бюджеттен бөлінеді. «Хаврикс» (Бельгия) фирмасы шығарған вакцинаны сатып алуға 42 млн. теңге бөлінген және мектепке дейінгі мекемелерге бара қоймаған 2-3 жастағы балаларды егу жоспарланып отыр. Олардың саны облыста 14 мың. Екпе дәріні салдыртқан жөн, балаларды балабақшаға  орналастыру барысында  дәрігерлік тексеруден өткен кезде бұл вакцинаның салынғандығы белгісінің бар-жоғы міндетті түрде тексеріледі.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

14 шілде 2011, 10:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.