–Төртінші сәби дүниеге келгенде жәрдемақы қалай төленеді? Қай жасқа дейін балаларға жәрдемақылар есептеледі және ай сайынғы сома мөлшері қандай? Құжаттарды рәсімдеу кезінде анасы мен үш баласы (жаңа туған сәбиді қоспағанда) бір жерге тіркелген болуы тиіс екендігін түсіндірген еді. Алайда бірге тұрсақ та, менің жұбайым басқа мекен-жайға тіркелген. Бұл мәселені тіркелген мекен-жайды ауыстырмай-ақ шешуге болмай ма? Төлем орталығындағылар өтініш жазған кезде әйелімнің болуы керектігін айтқан еді. Ол кішкентай сәбимен үйде отыр ғой. Бұл шаруаны баланың әкесі, менің жасауыма болмай ма?
Алтай
Сұраққа Атырау облыстық мемлекеттік зейнетақы мен жәрдемақы төлеу орталығы филиалының директоры Қапура ХАЙРУЛЛИНА жауап берді:
– Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы бойынша бұл отбасы төлемақының 3 түрін алуға құқылы.
Біріншіден, балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу Ережесі бойынша олардың 2 түрлі төлемақы алуға құқығы бар: 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы және сәби туылғанда берілетін жәрдемақы. Аталмыш жәрдемақыны тағайындағанда, осы Ереженің 2-тармағына сәйкес, өтініш берушінің мекен-жайын растайтын құжат қана қажет болады. Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы №63 «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заңымен келесі жәрдемақылар белгіленген:
1) бала туғанда берілетін жәрдемақы: бірінші, екінші, үшінші сәбиге - 30 айлық есептік көрсеткіш; төртінші және одан кейінгі балаға – 50 АЕК;
2) бала күтімі жөніндегі жәрдемақы:
бірінші балаға – 5,5 АЕК;
екінші балаға - 6,5 АЕК;
үшінші балаға – 7,5 АЕК;
төртінші және одан кейінгі балаларға - 8,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді.
Екіншіден, сұрақ қойған оқырман ҚР 1999 жылғы 5 сәуірдегі №365 «Қазақстан Республикасындағы арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы» заңына сәйкес, бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасы ретінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Соның ішінде орта, техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғарғы оқу орындарында күндізгі оқу бөлімінде оқитын балалары бар отбасылар олар кәмелетке толғаннан кейін оқу орнын бітіргенше (бірақ 23 жасқа жеткенге дейін) жәрдемақы алуға құқылы. Бұл жәрдемақыны тағайындау үшін кәмелетке толмаған балалардың барлығы жәрдемақы алушымен бірге тұруы міндетті.
Төрт және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 3,9 АЕК мөлшерінде белгіленген.
Ата-аналардың, қорғаншылардың немесе қамқоршылардың бірінің жәрдемақы тағайындату туралы өзі өтініш беруге мүмкіндігі болмаған жағдайда, ата-аналар, қорғаншылар немесе қамқоршылар жәрдемақы тағайындату туралы өтініш жасауға белгіленген тәртіппен берілген сенімхат негізінде басқа адамдарға уәкілеттік беруге құқылы.