– 2006 жылы жер алып, үй салдым. Оң жақтағы және сол жақтағы көршілерім де үй салды. Жақында әлдебір шаруашылық істерімен айналыспақ боп, өз учаскемді өлшеп қарағанмын. Ол жобадағыдан кішкентай боп шықты. Ал мен сәулет қызметкерлері қаққан қазық бойынша шарбағымды қоршаған едім. Мен енді сот тәртібімен өз учаскемді жобаға сәйкес өзгертуді талап ете аламын ба? Ал егер оң жақтағы көршім өз учаскесін ығыстырғысы келмесе немесе маған ақшалай өтемақы ұсынса, мен оны заң бойынша қабылдай аламын ба?
Телефон арқылы
Сұраққа Заңгер Айнагүл ДӘУЛЕТБАЕВА жауап берді:
«Бұл жағдайда сізге қалалық сәулет бөліміне жазбаша өтінішпен шығуға кеңес беремін. Оның қызметкерлері жер учаскесіне бақылау өлшемін жасап, жер учаскесінің жеке меншік құқығының акт жобасына сәйкес жер учаскесіне шекара жүргізеді. Егер өтініште көрсетілген фактілер расталса, бұл орган жобаға сәйкес жер учаскесінің шекарасын анықтап, бекітіп, өз өкілеттіктерінің аясында шара алуға міндетті. ҚР Жер кодексінің 167-бабына сәйкес, жер құқығы қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртiбiмен қаралады. Егер бұл жағдайды реттейтін мүмкіндік болмаса, өзіңіздің мүліктік құқығыңызды қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылысыз. Сондай-ақ, өзіңіздің жер учаскеңіздің шекарасын ауыстыруды талап ете аласыз. ҚР Азаматтық кодексінің 24-бабының 2-тармағы бойынша жер құқығы қарым-қатынастарынан туындайтын барлық даулар азаматтық сот ісін жүргізу аясында қаралады. Бас тарту төлемі ретінде ақшалай өтемақыларды ала алмайсыз, алуға құқығыңыз жоқ. Мұндай келісім заңсыз және келісімге қатысушылардың келісімі бойынша жер учаскесінің шекараларын қайта қарауға және растауға негіз бола алмайды. Өйткені жеке тұрғын құрылысы үшін бөлінген жер учаскесінің шекаралық шектерін өзгерту тек мемлекеттің ғана құзырындағы мәселе боп табылады.
Жер учаскесінің нақты шекаралары оның жеке меншік құқығының акт жобасына сәйкес келуі тиіс. Жер учаскесінің шекара шектерін өз бетімен өзгерткені үшін әкімшілік-құқықтық жауапкершілік қарастырылған. Осылайша бұл жағдай тек бір жер қожайынының мүліктік мүддесін көздеп, бұзып қана қоймай, ҚР жер және әкімшілік кодекстерінің нормаларын, көршілерінің мүліктік мүдделерін қозғайды. Бұл шұғыл арада ҚР заңдарына сәйкес шешілуі тиіс.