– Жалға беретін пәтерімізде пәтершінің кінәсінен өрт оқиғасы орын алды. Әуелі бәрі бықси бастаған, ал өрт сөндірушілер келіп, есікті сындырған кезде, оттегі кіргендіктен өрт лап ете түсті. Өрт сөндірушілер пәтерге су құйып сөндіруге мәжбүр болды. Өкінішке орай, соның салдарынан 4-ші және 3-ші қабаттардағы көршілер суға кетті. Енді олар бізден пәтерді жөндеу ақысын талап етіп отыр. Алматыдағы туысқаным да осындай жағдайға ұшыраған екен. Алайда сот өрт сөндірушілердің осылай етуге мәжбүр болғанын, өйтпеген жағдайда өрттің басқа пәтерлерге өршіп кететіндігін растаған. Бір сөзбен айтқанда, болған жағдайды төтенше оқиға деп танып, көршілерге өтемақыны мемлекет төлеген. Біздің өрт сөндірушілер бұлай етуге үзілді-кесілді бас тартып отыр. Осындай шешімге қол жеткізу үшін қайда хабарласқаным жөн?
Телефон арқылы
Заңгер Айнагүл ДӘУЛЕТБАЕВА жауап береді:
«Өздерінің мүліктік мүдделерін немесе заңмен қорғалатын мүдделерді қорғауға, соның ішінде өртті төтенше оқиға деп тануға қатысты, ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 24-бабына сәйкес, оқырман азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа талап-арызбен шығуға құқылы.
ҚР Азаматтық кодексінің 920-бабына сәйкес, аса қажеттi жағдайда, яғни зиян келтiрушiнiң өзiне немесе басқа тұлғаларға қатер туғызатын қауiптi жою үшiн келтiрiлген зиянды, егер бұл қауiптi осы жағдайларда өзге құралдармен жою мүмкiн болмаса, оны зиян келтiрген тұлға өтеуге тиiс. Яғни, бұл жағдайда төтенше жағдайлар жөніндегі органдар өтейді. Алайда мұндай зиян келтiрiлген мән-жайларды ескере отырып, сот оны өтеу мiндетiн зиян келтiрушi (бұл жағдайда ТЖ органдары) мүддесiне iс-әрекет жасаған үшiншi бiр тұлғаға (пәтер иесіне, көршілерге) немесе үлестiк тәртiппен осы үшiншi тұлға мен зиян келтiрушiге жүктеуi, сондай-ақ осы үшiншi тұлғаны да, зиян келтiрушiнi де зиянды өтеуден толық немесе iшiнара босатуы мүмкiн. Бұл жағдайда тек сот қана жауапкершілікті анықтауы мүмкін немесе пәтер қожайынын жауапкершіліктен босатуы мүмкін. Егер сот оны көршілерінің шығынын өтеуге міндеттесе, ол барлық шығындарын өртке себепкер болған жалға алушыдан өндіріп алуға құқылы.