Атырау, 23 қараша 12:21
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шаруалар көтерілісі кезіндегі Гурьев

4 085 просмотра

Облыстық өлкетану музейіне келушілер ғимарат алдында тұрған зеңбіректің тарихы туралы жиі сұрап жатады.

- Өкінішке орай, зеңбірек туралы бізде нақты дерек жоқ,- дейді музейдің экскурсия бөлімінің меңгерушісі Оксана ӘЛЖАНОВА. Бұған тек 18-ғасырдың қаруы деп болжам жасауға болады. Ол ескі Гурьевтің бұзылған орнынан табылған.

Айта кетсек, бұл - музейдегі жалғыз зеңбірек емес. 16-18 ғасырлардың шағын зеңбірегі – фальконет те бар. Ол да ескі қаланың қирандысының астынан табылған. Фальконеттерді көбіне қайықтар мен кемелерге салған, алайда, оны құрлықта да қолданған.

- Жалпы, Гурьев алғаш салынған кезде қала ірі қамалдардың бірі болып есептелген. Қорғаныс үшін мұнараларға 17 үлкен зеңбірек орнатылған еді,- дейді О. Әлжанова. – Бір тарихи маңызды жайт, 1667 жылы Гурьев қамалын Степан Разин бастаған шаруалар жасағы басып алады. 1668 жылы Астраханнан төменгі Жайыққа әскербасы Я. Безобразов бастаған үш мың қол жіберіледі. Разин қалада қала алмады, өйткені, жан-жақтан үкімет әскері келіп, қамалды қоршап, қапыда қалдыруы мүмкін еді. Сол кезде ол барлық ауыр зеңбіректерді Жайық өзеніне батыруға өкім беріп, жеңіл зеңбіректер мен қару-жарақтарды 24 желкенді қайыққа тиеп, теңізге кетті.

Біздің қаламыз тағы бір шаруалар соғысы – Емельян Пугачев бастаған көтерілістің куәсі болды. Бұл наразылыққа қазақтар да қатысты. Олардың көтерілуінің басты себебі орыс помещиктері мен казак жасақтарының Жайық бойындағы жайылым жерлерін тартып алып, мал жайлауға тыйым салулары болатын. 1774 жылы Пугачевтің жақтастары – қазақтар Гурьев маңындағы жерлерді өз бақылауында ұстады, ал, Пугачевтің бұйрығымен атаман Овчинниковтың жасағы қаланы басып алды.

Пугачев көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін Ресей императоры ІІ Екатерина бұл дүмпу туралы халықтың есінде қалатын нәрселерді жою үшін Жайықтың атын Орал деп өзгертіп, Жайық казактарын Орал казактары деп атауға бұйрық берді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

7 тамыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.