Атырау, 23 желтоқсан 22:47
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Сабыров табысының сыры

5 117 просмотра

Соңғы кездері облыстық билік жойқын бағдарламаларға жомарттық танытатын болыпты. Таныстырылымдар бірінен соң бірі өткізілуде. Агроөнеркәсіпті дамыту жөніндегі соңғы бағдарламаға сәйкес, 2014 жылға қарай біз, Атырау облысының тұрғындары, сырттан әкелінетін азық-түліктерден өзіміздің азық-түліктерге көшетін боламыз. Көгалдандыру жобасындағыдай боп кетпесе екен деп құдайдан тілейміз ғой. Ал мен Бесікті мен Талғайраң селоларының арасындағы Қайыршақты селолық округінде орналасқан Едіге САБЫРОВТЫҢ шаруа қожалығына (суретте) кетіп барамын.

 

Селоға жетіп, шаруалармен тілдескеннен кейін ғана, олардың еңбектерінің бүкіл құндылығын түсінетін боласыз. Қазақ жалқау халық қой деп беталды айыптаушылардың айтулары дұрыс емес. Біреулер біздің жерімізге ештеңе шықпайды деп қынжылар болса, басқалары жылдар бойына өсіріп шығарам деп еңбектенеді. Азғана күшімен, шағын ғана жинағымен қиналып тер төгеді. Сабыровтың шаруа қожалығына кетіп бара жатқан жолда бізге осындай қожалықтардың бірнешеуі кездесті. Олардың күші жерді жыртуға ғана жетіпті. Ал әрі қарай егіп, суару жүйесін орнатып, басқа да қажеттіліктерін жарақтап алу үшін қомақты қаржы керек. Осы шаруаларға әкімшіліктен бөлінетін 17,5 миллиард теңге жете ме екен, ол жағы белгісіз нәрсе.

Біздің сұхбаттасушымызға бұл тұрғыда жеңіл екен. Оған кәсіпкер балалары көмектесетін көрінеді.

– Шаруа қожалығы пайда болғаннан бастап, жүрек сырқатымен ауыратынымды есіме де алмайтын болдым. Осы жерде өткізген күнімнен соң ұйықтар алдында ақ етік киген жас алма ағаштарын қуана ойыма аламын, - деп әңгімелейді Е. Сабыров.

«Етік» дегені – бұл жас ағаштардың қабықтарын қыста дәндеген қояндардан қорғайтын екі қабатты тығыз пластик. Осыны және басқа да заттарды Сабыров Израильден тапсырыспен алдырыпты.

– Жер алғаннан кейінгі біздің шаруаларымыздың бетпе-бетпе келетін басты қиындығы – қаржы мен білімнің болуы. Дүние жүзінде осы саладағы озық идеялар өте көп. Оларды пайдаланып, өндірісті тиімді етуге болады. Ал бізде агрономдар тапшы. Дегенмен олар шаруашылығымызға сол жерде әр дақылдар бойынша кеңестер, ұсыныстар беру үшін аптасына бірер сағатқа ғана керек болады. Олар тапшы болған кезде, басты кеңесші Интернет боп табылады. Ол жерден пайдалы кеңестер алуға болады. Істерін жаңадан бастап жатқан аграрийларға агромаркетинг саласы мамандарының көмегі қажет. Бұл мамандардың мақсаты - жергілікті ерекшелікті, өткізу нарығын ескере отырып, жер өңдеушіге қандай өнімді және қандай мөлшерде өсіру керектігіне нұсқау беру. Сонда жер өңдеушілер өздерін жаңылыс есептеуден қауіпсіздендірген болар еді.

– Өткен жылы сіз билікті шаруаларға қысым жасап отыр деп айыптаған «Шаруалар бүлігіне» қатысушы болдыңыз. Әкімдік сіздердің еріктеріңізден тыс бағаны түсіруді талап етті ме?

– Өткен жылы осындай жанжал болды. Бірақ бүгінде баға қалыптастыру проблемасы шешілді – қалалық әкімдік ауыл шаруашылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Ауыл шаруашылық өндірушілеріне сауда нүктелерін ұсынып отыр. Ол жерден біз өз өнімдерімізді сата аламыз. Бастысы, билікпен арадағы диалог реттелді.

 

ЕДІГЕНІҢ ЖАҢАӨНЕРТАБЫСТАРЫ

Сабыров бізді өз шаруашылығына мақтанышпен алып жүрді. Бірнеше жылыжайда қабығы жұқа қиярлар мен қызанақтар пісіп қалыпты:

- Атыраулықтар қабығы қалың, бүртігі бар қиярды пайдаланғанды жөн көреді. Олар қолданбас бұрын қабығын алып тастайды. Ал онда қаншама дәрумендер бар десеңізші. Атыраулықтар черри қызанағын көп пайдаланбайды. Ол құнды өнім, бағасы да соған сай.

Жанындағы үлкен учаскеде орамжапырақтың жалпақ жапырақтары жайқалып өсіп тұр. Қара бүлдірген егілген көрші атыздар түрлі түсті mulch үлдірлерімен тығыз жабылған. Кей жерлерде бақша дақылдары үшін мөлдір үлдірлер, ал басқа атыздарда жарық шағылыстыратын үлдірлер жабылған. Сабыровтың айтуынша, осы жаңа технологияларды ол еврейлерден алдырыпты. Үлдір бірнеше қызметті атқарады: ылғалдың буланып кетуіне мүмкіндік бермейді, тікелей күн көзінен қорғайды және арам шөптер шығармайды екен. Бұрын арам шөптерді отауға көп уақыт кететін, ал енді оны еске де алмайды.

Шаруашылықта суару үшін тамшылатып суару әдісі қолданылады. Шаруалар осы әдісті қолдану кезінде Жайықтың суы жүйенің сүзгісін тез бітеп тастайды деп әлденеше рет шағымданғандықтан, Едіге ағадан осы проблеманы қалай шешіп отырғандарын сұрадым. Қожалық басшысының айтуынша, сүзгілерді жиі ауыстыру қалталарына ауыр соққан. Бірақ одан шығар жол тауыпты. Суарма суын тұндырып қояды екен. Маған суды шаруашылыққа тартатын жағалаудағы қуатты сорғыларды көрсетті.

Басқа да өнертабыстардың арасында желге желбіреген  жалтылдаған үлдірдің жіңішке жолақтары бар ұзын баған қондырғыларын көрдім. Сөйтсек, бұл пісіп келе жатқан қауындарды шұқып тастауға құмартқан қарғаларды үркітетін қарауыл екен. Өткен жылдары олар жаңадан жер өңдей бастаған шаруа үшін пәле болған еді. Енді қарғалар бұл учаскені айналып ұшады.

Алайда ең басты жаңалық – Едіге ағаның ұлының отбасы тұрып жатқан шағын үйде екен. Саяжай үйінде кондиционер жоқ, бірақ іші қоңыр салқын боп тұрды. Сөйтсек, бұрынғы гидрогеолог үйді салқындату үшін жердің энергиясын пайдаланады екен. Ол 60 метрдей тереңдікте ұңғы бұрғылап, осы ұңғыма арқылы металлды пластик тұрбалар өткізген. Оны үйдің еденіне де жүргізіп, сорғы орнатыпты. Енді су осы ұңғымалар арқылы тұйықталған жүйеде еріксіз айналады екен. Оның температурасы жылдың кез-келген уақытында 12-15 градус құрайды. Сабыровтың айтуынша, 5 метрден төмен деңгейде жер температурасы тұрақты көрінеді. Қыста үй торабы жерасты жүйесінен ажыратылып, жылу қазандығына қосылады екен.

– Сіз ауаны кондиционерлегенде үнемдейтініңізді  айттыңыз,  ал сорғы жұмысына жұмсалатын электр энергиясының шығындары қалай болмақ?

– Ол өте аз тұтынылады. Мен өз тәжірибемнен үнемделетінін сезіндім. Қазір осындай жүйе үйімде де, ұлдарымның үйлерінде де жұмыс істеп тұр.

Сабыров энергияның бұл түрін көкөністерді сақтауға да пайдаланады екен. Ол құрылыс материалдарына арналған 40 пұттық контейнерді көрсетті. Оның ішкі жағы түгелімен пенопластпен қапталған. Тіпті 20 градус аяз болғанда да осы «жерасты» батарейкасының есебінен контейнердегі температура +2° С-ден төмен түспеген екен. Бұл көкөністерді сақтау үшін керемет тәсіл көрінеді. Ал енді бұрынғы гидрогеолог осы тәжірибені көкөніс сақтау қоймасын, көлікжай мен қоймалар салған кезде қолданбақшы.

Қалаға қайтып бара жатып, бос жатқан гектарлаған жерлер туралы ойға кеттім. Оларды біреулер сатып алып, әлденеше рет сатып жіберген болар. Бұл жерде ауыл шаруашылығы үшін бәрі де бар. Қандай өнім болса да өсетін тыңайған жерлер де, Жайықтың берекелі суы да бар. Бастысы – бұл жерлер өз иесін табуы керек.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

7 шілде 2011, 16:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.