Атырау, 15 қараша 09:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 493.85
€ 519.04
₽ 4.97

Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінің бас имамы Мұнархан АЛИМОВ: «Кимешек киген аналарымыздан шошып па едік?..»

9 293 просмотра

Өткен жұма күні «Жұлдыз» ықшамауданындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіт өзінің ашылып, жұмыс жасағанына жыл толуын атап өтті.

Әуелі жұма намазын оқыған мешіт жамағаттары мерекелік шараның ресми бөлімінде «Иманғали» мешітінің найб имамы Еркебұлан ҚАРАҒҰЛОВТЫҢ, «Әт-Тақуа» мешітінің бас имамы Арман ИСАЕВТЫҢ уағыздары мен осы шараға қатысқан билік өкілдерінің ұсыныс-тілектерін тыңдады. Олар мешіт тек құлшылық орыны емес, білім мен тәрбие ордасына айналсын деген тілек айтты.

Ресми бөлім аяқталған соң мешіт ауласында тігілген үлкен киіз үйде ас берілді. 

Ресми шаралардан соң мешіттің бас имамы Мұнархан Шапенұлы АЛИМОВТЫ (суретте) әңгімеге тарттық.

- Ең алдымен, Алла бұл мешіттің үлкен имандылық ордасы болуын нәсіп еткей. Ол үшін сізге білікті діни қызметкерлер керек қой. Оларға зәрулік жоқ па? ҚР «Діни сенім бостандығы туралы» Заңы бойынша дін мемлекеттен «бөлек» болғандықтан мемлекет тарапынан сіздерге жалақы да тағайындалмайтыны белгілі. Ендеше, күнкөріс қалай болып жатыр?

- Бисмиллаһир Рахманир Рахим! Иә, күні кеше ашылғандай болған мешітімізге де жыл толып қалды. Мешітті Қажымұқан Мұңайтпасов бабамыздың бесінші ұрпағы, Атырау облыстық қажылар қауымдастығының төрағасы Дүйсехан қажы Кемелов деген азамат салған еді. Сол себептен де оған палуан атаның есімі берілді. Білікті қызметкерлер әрине керек. Мен өзім әуелі медресе бітіргем. Кейін Алматыдан төрт айлық имандылық курсын оқыдым. Қасымда Нариман Жұмашев деген найб имамым бар. Ол кісі «Нұрмүбәрак» университетін бітіріп келді. Мешітте өзімнен басқа бес қызметкер жұмыс істейді. Ал жалақы мәселесі өте қиын. Садақа салушылар аз. Намазхан қалталы азаматтар кейде коммуналдық шығындарымызды төлеп береді. Қаңтар айынан бері қызметкерлеріме жалақы берген жоқпын. Былтыр желтоқсанда пітір садақадан түскен ақшадан бір рет еңбекақы бердім. Дін мемлекеттен бөлек дегенмен, қамқорлық жайына келгенде бөлектенбеуге тиіс деп ойлаймын. 

- Бұрын ата-аналар баласының намаз оқитынын білгенде қатты қуанатын. Ең бастысы арақ-шарап деген пәледен аулақ жүреді деген оймен олардың осындай қадамдарын қуана қолдайтын. Ал осы күні намаз десе төбе шаштары тік тұратын болды. Әп дегенде ойлайтындары – «қандай бағытта жүр бұл»? Әрине, бұған бір жағынан ата-аналардың діни сауатының аздығы, мәзһабтар жөнінде хабарының жоқтығы да себеп. Соның салдарынан тіпті дәстүрлі Ханафи мәзһабында жүрген балалардың өзінің намаз оқуына қарсы шығып жатқан ата-аналар көп. Осындай мәселені шешуде мешіт қандай рөл атқарып отыр? Бәлкім, мешіт жанынан балалары мен ата-аналары қатар білім алатын медреселер ашу арқылы бұл тығырықтан шығуға болатын шығар?

- Жалпы, біздің сонау ата-бабаларымыздан бері ұстанғанымыз Әбу Ханифа мәзһабы ғой. Бірақ енді өзіңіз білесіз, Исламда төрт мәзһаб бар. Олар – Ханафи, Малики, Шафиғи және Ханбали. Шындығында, бұл мәзһабтардан үркудің еш жөні жоқ. Бұлар сонау көне замандарда Әбу Ханифа, Имам Малики, Имам Шафиғи және Имам Ахмад ибн Ханбал секілді төрт ислам ғұламасының салған жолдары. Яғни, мәзһаб деген – бағыт, жол, мектеп деген мағына береді. Кезінде белгілі ислам ғұламасы Мұхаммед Ғазали: «Мәзһабтар – Исламның теңдессіз мәдениеті һәм тіректері» десе, тағы бір ғұлама ғалым Ибн Тәймия: «Ислам мәзһабтары – жұмаққа жетелер жолдар» деген болатын. Біздің ата-бабаларымыз осылардың ішіндегі өз тұрмыс-салтына, мәдениеті мен дәстүріне ыңғайлы Ханафи (Әбу Ханифаның жолы) мәзһабын ұстанған. Бүгінгі күні де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарайтын барлық мешіттер және олардың жамағаттары осы мәзһабты ұстанып келеміз. Сондықтан ата-аналар шошымасын. Ал медресеге келсек, жуырда мешітімізге жоғары діни білімді ұстаз келмек. Сол кезде балалар мен жасөспірімдерге дұрыс білім алудың жолы ашылады деген үміттемін.

- Жуырда ҚР Дін істері жөніндегі Агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф: «Қазақстандықтардың хиджаб киюі ұлттық болмысымыздың жойылуына әкеп соғуы мүмкін. Хиджаб ислам құндылығының негізі емес, арабтардың, бедуиндердің мәдениетіне көбірек негізделген киім» деген болатын. Бұл жөнінде сіз қандай пікірдесіз?

- Алла тағаланың кітабы - қасиетті Құран кәрімде әйел затының әбүйірлі жерлерін жабуы міндеттілігі айтылады. Яғни, киген киімі шашын, мойынын, қолының жеңі мен аяғының тобығына дейін жабуы керек. Бетін жабуы міндетті емес. Мен өзім Арабияда талай болдым. Онда мұсылмандардың көпшілігі Ханбали (Имам Ахмад ибн Ханбал ғұлама салған жол) мәзһабын ұстанады. Бұларда да бетін жабатындар және жаппайтындар бар. Бірақ осылардың ешқайсысын да ешкім айыптап жатқан жоқ. Және осындай еркіндіктен Араб елінің тұтастығына, татулығына келіп жатқан зиянды көрмедім. Иә, Қайрат Лама Шарифтің пікірімен де келісемін. Өйткені біздің бауырларымыз арабтар мен бедуиндердің мәдениетінен белгі берер киімдерді киіп жүр. Оның орнына әбүйірімізді толық жаба алатын ұлттық киімдеріміз бар ғой. Мәселен, кимешек пен жаулықты алайық. Мойыны мен шашын толық жауып тұратын кимешекті киген азбал аналарымыздан біз қашан шошып едік? Үйде де көптеген қыз-келіншектеріміз орамал тартып жүрмей ме? Орамал тартқан қазақ әйелінің сондай сұлу әрі құрметті боп көрінетінін дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Ендеше орамал тартқан адамға шүйлігуге, оның конституциялық құқын таптауға ешкімнің құқы жоқ.

- Бір оқырманымыз өзінің редакцияға жолдаған сауалында «Иті бар үйге періште кірмейді» деген хадис бойынша нендей әрекет істеуім керек деп сұрайды. Яғни, ол асыраған итін жоюы міндетті ме?

- Кезінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «егер кімде-кімнің үйінде ит болса, соған періште кірмейді» деген болатын. Исламдағы тиым салулар негізінен адамның денсаулығын ойлаумен байланысты. Мәселен, иттен эхинокок секілді аурулар жұғатыны белгілі.

- Кей жамағаттардан «музыка харам, мұсылман адамға музыка тыңдауға болмайды» деген пікірді естіп қаламыз. Бұл жөнінде не айтасыз?

- Егер шариғат үкімінен асатын, шектен шығатын болса, ол музыка харам. Алайда, бұған өзіміздің ұлттық музыканың  қатысы жоқ. Ұлттық музыка керісінше ғасырлар бойы халықты тәрбиелеп келеді. Кешегі кеңес жылдарының өзінде де Қазақстан композиторлары өздерінің Отан, туған жер, ата-ана, махаббат тақырыбындағы туындыларымен жас ұрпақты рухани тәрбиелегенін ислам діні жоққа шығармайды. Қазір музыканттарымыз діни әуендерді, ислам ғұламалары мен шайырларының жырларын әсерлі әуендермен орындап жүр. Мұның бәрі адамның жүрегін жұмсартатын, жанын тебірентетін рухани тәрбие құндылықтары.

- Бүгінде ислам ғұламалары адам бойындағы аурудың бәрі харам астан деп жатыр. Сіздің өзіңіздің күнделікті ас мәзіріңіз қандай?

- Мен харам тамақты жемеймін. Отбасымды да халал тағаммен ғана тамақтандырамын. Сөз реті келгенде айта кетейін, біреулер тауықты харам деген пікір айтып жүр. Тауық харам емес. Өйткені оның қаны балықтыкі секілді азғантай. Яғни, өлтірілген малдыкіндей іште ұйып қалуы мүмкін қан емес. Өз басым ең жақсы көретін тамағым көкөніс пен жеміс. Алма, қызанақ, қияр, өрік, жүзім. Мал өнімдерінен шұбат пен айран. Жатарда айран немесе шұбат ішемін. Кешке қарай қою, ыстық тамақтарды мүлдем ішпеймін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Тарас НАУРЫЗӘЛІ

7 шілде 2011, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.