Атырау, 27 қараша 11:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Әкім қаласымен емес, қала әкімімен көрікті ме?

5 108 просмотра

Облыстың немесе қала басшылығының ауысуымен Атыраудың келбеті де өзгеретінін байқап жүрміз. Бұл жерде, халық айтқандай, талғам мен түсте ұқсастық болмайды.

Талғампаз болған жақсы ғой, әрине, бірақ қазына ақшасы ешбір әкімді толғандырмайтын сияқты. Мәселен, Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ кезінде салынған Жилгородоктағы жүргінші көпірі. Бұл болашақта ғашықтар мен жаяу жүргенді ұнататындар үшін таптырмас жер болады деп болжанған еді. 8 миллион доллар тұратын осы романтикалық құрылысқа «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл» деп ат берілді. Бірнеше жылдардан кейін басқа әкім Бергей РЫСҚАЛИЕВ жүргіншілер көпірінің қасына автокөлік көпірін (маңыздылығына сөз жоқ) салып, жүргіншілер көпірін пайдасыз декорацияға айналдырды. Алайда Тасмағамбетовтың еңбегін еш қылуға болмайды. Оның билігі кезінде көптен күткен мешіт, жаңа алаңқайлар, «Арбаттар», гүлзарлар мен музейлер салынды.

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ келгеннен кейін кішігірім жобалар ғана жүзеге асты. Қала іші түрлі шағын архитектуралық мүсіндерге тола бастады: арқар мен сайғақтар, серігіне бас сүйеп жатқан аң патшасы – арыстан, жұмбаққа толы этноескерткіштер қаланың әр жерінен бой көтерді. Әрине, бұл декорациялар қалалықтарды қуантқаны сөзсіз. Мен де масаттанғанмын, алайда бағасын естігенде, қуанышым су сепкендей басылды.

Мемлекеттік сатып алу сайтында сүйікті қаламызды әрлендіріп тұрған заманауи өнердің кейбір ерекше туындыларының бағалары көрсетілген.

2013 жылы «Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ 42 млн теңге жергілікті бюджет қаржысына бес ерекше ескерткішке тапсырыс берген. Шағын архитектуралық мүсіндер «мүсіншілердің ерекше жұмыстары» деген жалпы атаумен шығарылған. Мәселен, тастан қашалған «Домбыраны» жасатуға бюджеттен 8 млн теңге жұмсалған.

Астрахан тас жолынан қалаға кіретін жерде орнатылған, түсіне қарағанда, мұнай тамшысын бейнелейтін, «Тамшы» деген сезімтал атауы бар заманауи өнердің тағы бір туындысы 8,5 млн теңге тұрады екен. Айтпақшы, Б. Рысқалиев кезінде осы жерде молекула бейнесіндегі басқа ескерткіш тұрып еді. Оны алып тастаған. Мүмкін, тамшы мұнайлы астананың образын жақсы ашатын шығар. Алайда молекула да қазына ақшасына жасалды емес пе?

Мұнай ұңғымасына қарай «аяңдай басқан» үш жүк артылған түйені бейнелейтін «Керуен» инсталляциясы сағым емес, ол үшін бюджет 10,2 млн теңге шығарыпты. Оған жанында орналасқан 20 млн теңгенің «гүлді» сағатын қоссаңыз, сұлулық туралы сезіміңіздің көмескіленетіні сөзсіз.

АХАЖ жанына орналастырған, жас болса да, тасы өрге домалап тұрған мүсінші Гүлфия МЕЛДЕШТІҢ «Ғашықтар» ескерткіші 7,5 млн бюджет қаржысына жасалған. Ғашықтар мрамордан емес, отқа күйдірілген саздан жасалған. Неге соншалықты қымбат? Біз де білмейміз.

«Дала әуені» деп аталатын тағы бір этноинсталляцияға да 7,5 млн қаржы бөлінген.

Шағын архитектуралық бейнелерге, сондай-ақ, түрлі гүлзарлар, қораптар, жәшіктер және басқа да ыдыстар кіреді. Сомасына назар аударсақ, үлкен маңызды шығындар. Өткен айда бір данасы 534 645 теңгеге бағаланған 167 түрлі ыдыстар лотқа салынған екен.

Лоттың жалпы сомасы – 90 млн теңгеге жуық. Тендер аяқталды және оны павлодарлық GreenLineSoft компаниясы ұтып алды. Алайда, қалалық ТКШ бөлімі кейін хабарлағандай, тендердің техникалық спецификасында жәшіктер мен қораптардың орнына гүлзарлар деп көрсетілген. Ал жарты миллион теңгелік гүлзарда қандай гүлдер болатынын болжай беріңіздер. Айтпақшы, ыдыстар туралы сөзімізді сабақтасақ,бұрынғы ағаш ыдыстар жаңа әкім келгеннен кейін қайда жоғалып кетті екен?

Сонымен қатар, қарапайым темірден жасалған көше орындықтарынсыз қандай абаттандыру болмақ? Өткен жылы 8,9 млн теңгеге осындай 50 орындық алынған екен.

Мүмкін, ортақ үйіміздегі осындай пайдасыз дүниелердің бағасын білгеннен кейін оған музей құндылықтары ретінде қарайтын шығармыз.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

24 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.