– Мен жұмыстан соң жиі қаламын. Бастығым шұғыл тапсырмалар береді де, оны жұмыс уақыт ішінде орындау мүмкін болмайды. Ал үстеме жұмыстар үшін ақы төленбейді. Бастығым жұмыстан соң уақытында жұмысын үлгеріп жасай алмаған адам ғана қалады дейді. Дегенмен де үстеме төлемақы алғым келеді. Бірақ алдымен үстеме жұмыстың қандай жағдайларда, қандай негізде және қандай мөлшерде төленетінін білгім келеді?
Телефон арқылы
Сұраққа заңгер Айнагүл ДӘУЛЕТБАЕВА жауап береді.
«Еңбек кодексінің 1-бабының 79-тармағына сәйкес, үстеме жұмыс - қызметкер жұмыс берушінің бастамасы бойынша орындайтын, жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан тыс жұмыс. Жұмыс берушінің бастамасы акт, бұйрық, өкім түрінде болуы тиіс. Алайда жұмыс беруші ең алдымен үстеме жұмысқа тартуға қызметкердің келісімін алуға міндетті, бұл ҚР Еңбек кодексінің 88-бабының 2-тармағында айтылған. Тек оның келісімін алғаннан кейін ғана жұмыс берушінің актісі бойынша үстеме жұмыстарға тартылады. Еңбек кодексінің 89-бабында үстеме жұмыстар әрбір қызметкер үшін тәулік ішінде екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс деп белгіленген. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан және жылына жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс. Осы кодекстің 127-бабында еңбекке кесімді ақы төлеу кезінде үстеме уақыттағы жұмысқа қызметкердің белгіленген тарифтік ставкасының (лауазымдық айлық ақысының) кемінде елу проценті мөлшерінде қосымша ақы төленеді делінген».