Атырау, 23 қараша 12:21
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Желге ілесіп ел кезіп...

2 768 просмотра

16 мамырда 25 жастағы Константин ПЛЕННИК (суретте) туған қаласы Екатеринбургтен автостоп арқылы әлемді айналып шығу сапарын бастады. Ол өз басынан өткен барлық хикаялары туралы «В контакте» әлеуметтік желісі және tourister.ru сайтындағы «Автостопом сквозь реальность» блогында баяндайды. Жақында ол Атырауға келді.

...ҮЙ ДЕ, ҮСТЕЛ ДЕ ДАЙЫН БОЛДЫ

- Көп адамның санасында саяхаттау деген нені білдіреді? Бұл - бірнеше мың сом төлеп, туристік жолдамалармен демалып қайту. Ал, мен үшін бұл - өмір салты. Бұл - автостоп және әр түрлі адамдармен кездесу, бұл бірде-бір турфирма білмейтін ерекше табиғи орындарды көру, - дейді Костя.

Ол кең иықты, күнге күйген, сақалы өскен және түтін сасыған кәнігі саяхатшыға еш ұқсамайды. Өте жас және арық. Ал, өз құрал-саймандарын – үлкен рюкзак, оралған шатырын арқасына салып, басына көлеңкесі бетін ғана емес, желкесін де жабатын «фирмалық» қалпағын кигенде, Костяның тәжірибелі саяхатшы екенін бірден түсінесің. Ол бірнеше жылдан бері Ресей және басқа елдерді аралап жүр, адамның аяғы баспаған қорықтық жерлерге де барған.

Константинді нағыз автостопшы, жол романтигі деп атауға болмайды. Ол әлемді жанға жайлы жағдайлармен де аралар еді, алайда, автостоп – ең арзан саяхат, яғни, жер шарын шарлаудың қолжетімді құралы. Оның саяхаттарының орташа бюджеті – жарты жылға 1000 доллар, жас жігіт ақшаны үнемдеп жұмсайды: қала ішіндегі қоғамдық көліктерге, телефон балансын толтыру мен сим-карталар сатып алуға, жолға тамақ алу үшін ғана жояды. Ақша оған Қытай шекарасынан өткеннен кейін аса қажет болады, ол жақта бөтен адамды үйге шақыру деген жоқ, сондықтан да үй жалдауға тура келеді. Костя Қытайдан Вьетнамға, содан кейін Камбоджаға, Тайландқа, Малайзияға және Индонезияға баруды жоспарлап отыр. Соңғы елде біраз тоқтап, жұмыс жасап, келесі саяхатқа ақша жинауды да ойластырып қойыпты.

- Мүмкін, жүргізуші болармын, жүргізуші куәлігім бар. Сондай-ақ, покер мектебін ұйымдастыруға болады, кезінде крупье болып жұмыс жасағанмын, покер жинағын да алып келе жатырмын. Егер Индонезияда бәрі ойдағыдай болса, Тайландқа оралып, ұшақпен Үндістанға барамын. Ұшып бару небары 50 доллар тұрады екен. Ал, Үндістаннан кейін – Африка, Америка және Еуропа. Алайда, Жаңа Зеландия арқылы кететін басқа маршрут бар. Әлі шешкен жоқпын.

Әзірге оған әлеуметтік желілер арқылы танысқан адамдары баспана беріп отыр. Ғаламтордағы бетшесіне осындай күні осындай қалада болатынын, орналасуға көмектесулерін сұраған жай ғана хабарландыру іледі екен. Саяхатшыны қарсы алып, туған жерлерін көрсетуді қалайтындар әрқашан табылады.

 

КОСТЯНЫҢ ШАРЫ

Костя толықтай қозғалыс еркіндігіне ие болып, маршрутты таңдауда дауласпас үшін қашан да жалғыз саяхаттайды.

- Егер маршрутты алдын ала нақты белгілеп алса ше?

-Мен ешқашан саяхаттарымның жоспарын нақты әзірлемеймін, үнемі ойлаған маршрутымнан ауытқып отырамын. Барған жерлерімнің барлық көрнекі орындары туралы тек жергілікті халықтың пікіріне сенемін. Владикавказ бен Грозныйға барған сапарымда ұлттық парк қызметкерлерімен тауға бардым, шыңға шығам деп мүлдем жоспарламап едім, - дейді күлімсіреген Костя.

Атырауға ол Астрахан арқылы келіпті, енді Өзбекстанға жүрейін деп отыр. Содан кейін Қазақстанға оралып, Шымкентте болып, Алматы арқылы Қытайға бармақшы. Костяның пікірінше, жеңіл көлікпен жүрген жайлырақ, алайда, үлкен жүк көлігімен ұзақ жол жүруге болады. Ол бірде алысқа жүретін жүк көлігімен Чита мен Хабаровск арасында екі мың шақырым жол жүрген. Жолда жүргізушілермен қызу әңгіме жүреді. Бірде Костяны әлемнің әр түкпірінде құпия операцияларға қатысқан бұрынғы арнайы жасақ жауынгері жолдан алып кетеді. Сондай-ақ, ол тәжірибелі израильдік әскеримен де кездескен екен. Жолдағының жаны бір дегендей, бұл әскерилер жас жігітке өмірінде естімеген сұмдықтарды айтыпты.

Шет елдерде адамдармен әңгімелесу үшін оған әзірге базалық деңгейдегі ағылшыны жетіп жатыр. Саяхатшының тәжірибесі жылдармен емес, жүрген жолдарымен өлшенеді демекші, Костя әлі жол басында. Қашанға дейін осылай саяхаттап жүретінін ол білмейді, ел аралауға деген құштарлық қанмен келеді, сырқат тәріздес. Әрине, ерте ме, кеш пе, кез келген саяхатшы шаршап, отырықшы өмірін бастайды. Алайда, бірнеше жыл тыныш өмірінен кейін арқасына қапшығын кері ілмеске кім кепілдік бере алады?

- Білесіздер ме, мен «Әлем сыйлайық» деген атпен өте қызықты жобаны бастадым, - дейді Костя.– Менде Меркурий ғаламшарының кішкене макеті болған. Мен онымен Шығыс Саянда суретке түсіп, Түмен қаласында тұратын саяхатшы досыма бердім. Ол сонымен Норвегияда фотоға түсіп, келесі саяхатшыға берген. Бұл шар күндердің күнінде маған айналып келеді-ау деген ойым бар. Сол кезде айналым тұйықталып, шар өзінің саяхатын аяқтайды. Ал, мен ше? Білмеймін...

Зульфия ИСКАЛИЕВА             

17 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.