Бүгінде шынайы ғылымның дамуына ғылыми жұмыстарға жиендік жасау, соның ішінде, плагиат айтарлықтай кесірін тигізіп отыр. Бұл мәселе таяуда "Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы" АҚ-ы мен Almaty Management University мемлекеттік емес білім беру мекемесімен бірлесіп ұйымдастырылған шарада кеңінен сөз болды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Айтулы шараға еліміздегі ЖОО-дың өкілдері мен Ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды.
Қазіргі таңа ҚР Ғылым және білім министрлігі ғылыми жұмыстардың өңін өзгертіп, ғылыми атаққа қол жеткізуге ұмтылушылармен аяусыз күресіп келеді. Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ғылыми журналдарды даярлау және сапасын бағалау жөніндегі басқарма басшысы Қарлығаш Сәкенова: "Бүгінде отандық ғылымды дамыту жолында Ғылым және білім министрлігі көптеген жұмыстар атқаруда. Соңғы жылдары енгізілген гранттық қаржыландыру жүйесі шынайы ғылымның алға басуына мейлінше жағдай жасап отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде қолға алынған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі отандық эконмиканы дамытуға бағытталуы керектігін ұдайы айтып келеді. Шынайы, сапалы ғылым ғана экономиканың дамуына септесетіні анық. Ал дайын ғылыми-зерттеу жұмыстарын көшіріп алу, ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасау ғылыми этикаға жатпайтын қылық. Мұндай жұмыстар ғылымның дамуына, экономиканың алға басуына ешқандай үлес қоспайды", - дейді.
Оның айтуынша, Білім және ғылым саласын бақылау комитетіне келіп түскен диссертацияларды тексерген кезде кейбір ізденушілердің авторларға сілтеме жасамайтыны байқалды. Ғылыми-зерттеу жұмысын жазу барысында қолданылған әдебиеттерін дұрыс жазбайтын ізденушілер де кездесіп жатады. "Бүгінде ғылыми жұмысты қалай жазудың тәртібі қалыптасқан. Мұны кез келген ізденуші білуі тиіс. Ғылым жолына түскен жастарды жұмыстарын сапалы, қалыптасқан ережеге сай жазуға шақырамын", - деді Сәкенова.
Бүгінде плагиат ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды. "ҰҒТАО" АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев бұл мәселемен орталық қызметкерлері жан-жақты күресіп келе жатқанын алға тартты. "ҰҒТАО" АҚ-ы автордың ғылыми еңбегіне сілтеме көрсетпей пайдалануды және пайдаланған дерек көздерін тексеруді 2010 жылдан бері жүргізіп келеді. 2010-2014 жылдар аралығында "Антиплагиат" жүйесі арқылы орталық қызметкерлері 5721 ғылыми жұмысты тексеруден өткізді. Орталық елеміздегі диссертациялық жұмыстарға тексеру жүргізетін үлкен әлеуетке ие. Айталық, 1994 жылдан бері "ҰҒТАО" АҚ-ы еліміздегі ғылымның барлық саласы бойынша толықмәтінді ғылыми-зерттеу жұмыстарын тіркеуді жүзеге асырып келеді. Осы 20 жылға кезеңде 42 мыңнан астам диссертациялық жұмыс пен ғылыми-зерттеу әдістемесінің есебін жинақтады. Осы мәліметтер қорына сүйене отырып, "Антиплагиат" жүйесін қалыптастырдық. Қазіргі таңда бұл жүйені ғылыми ізденушілерден бастап, студенттерге дейін еркін пайдалануда, – деді "ҰҒТАО" АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев.
Дөңгелек үстел барысында білікті мамандар ғылым мен білім саласындағы академиялық тазалықты сақтау жүйесін дамыту, ғылыми еңбектер мен жарияланымдарды тиісті деңгейде пайдаланудың халықаралық іс-тәжірибесі, ғылыми қызмет барысында "зияткерлік қарақшылыққа" тыйым салудың жолдарына қатысты ойларын ортаға салды.
Дереккөз: tengrinews.kz