Алматы. 23 маусым. ҚазТАГ - Сергей Зелепухин. Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойғаннан кейін Белоруссия, Қазақстан мен Ресейдің бірыңғай нарығын құру үдерісі мәреге жетті. Алайда бұл интеграцияның біздің республика үшін плюстері мен минустері туралы пікір-талас әлі жалғасуда.
Кейбір сарапшылар оның пайдасы көп деп санайды. Ал басқалары керісінше оның кері ықпалдарына назар аудартуда. Қысқасы, бұл тақырып әлі алда талай талқыланатын сияқты. Бұл көзқараста ЕЭО құрудың Қазақстан үшін негізгі пайдасы мен қауіптерін қарастырамыз.
PRO АРГУМЕНТТЕРІ
Қазақстандық басшылықтың еуразиялық интеграцияның экономикалық сипатын үнемі айтып келе жатқанына қарамастан, ол шаруашылық қауіп төндіріп қана қоймай, қолайлы жағдай да туғызады, және оның әлеуметтік, саяси салдары да болмақ. Алайда бұл басқа мақаланың тақырыбы. Сондықтан бұл жолы ЕЭО-ның жағымды және жағымсыз экономикалық аспектілеріне баға берумен шектелейік.
Алдымен еуразиялық интеграция сәулетшілері басты назар аударып отырған плюстеріне тоқтала кетейік. Олардың біріншісі - ойынның бірыңғай ережелері бойынша сыйымды ортақ нарық қалыптастыру (170 млн адам). Теориялық тұрғыдан бұл Қазақстан үшін өңдеуші өнеркәсіптің экспорттық салаларының өсуіне серпін болу керек. Бұл ретте әлбетте Ресей шекарасына жақын орналасқан қазақстандық облыстардың бизнесіне жақсы болашақ ашылады.
Ел басшысының бағалауынша жаңа экономикалық одақтың тағы бір плюсі, қазақстандық экономикаға шетелдік инвестицияның қосымша ағыны және біріккен кәсіпорындар құру болмақ, себебі Қазақстандағы қолданыстағы заңнама бойынша салық деңгейі Белоруссия мен Ресейге қарағанда аз. Осылайша биліктегілер біздің ел ЕЭО бірыңғай нарығына шетелдік бизнес шығатын терезе болады деп үміттенеді
Осы мақсатқа жету үшін де «Инвестициялық климатты жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жедел түрде әзірленіп, қабылданғаны белгілі. Оған Нұрсұлтан Назарбаев 12 маусымда Шетелдік инвесторлар кеңесінің 27 отырысында қол қойған болатын.
Еске салсақ, құжатта 10 жылға корпоративтік табыс және жер салығынан босату, 8 жылға Қазақстандағы экономиканың әлеуетті секторы үшін қаржы салуға дайын инвесторларды мүлік салығынан босату қарастырылған. Бұл ретте нысандарды пайдалануға бергеннен кейін мемлекет капиталдық шығындардың 30%-ын өтейді және инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында және оны іске қосқаннан кейінгі бір жыл ішінде ешқандай шектеусіз шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат етеді.
Оған қоса, инвесторларға салық режимінің тұрақтылығына кепілдік беріледі. Тек қосымша құн салығы мен акциздік алымға ол қатысты емес.
ЕЭО құрғанның тағы да бір жағымды факторы бірыңғай нарық аясында жұмыс күші жеделдігінің өсімі. Және, ЕЭО Қазақстан үшін ең бастысы, биліктегілердің айтуынша, Белоруссия және Ресей республикасымен сыртқы сауда көлемінің артуы. Теориялық жағынан бұл сондай-ақ, ІЖӨ өсу қарқынын, бәсекелестік пен өнім сапасының артуын, жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен әлеуметтік тұрақтылық өсімін арттыруы тиіс.
Айтпақшы, Қазақстанның Белоруссия және Ресеймен сыртқы сауда айналымындағы алғашқы оң нәтижелеріне қазірдің өзінде қол жеткізілді. Республиканың Кеден одағы құрылғаннан бергі сыртқы сауда көлемі ол құрылғанға дейінгі көлемнен барынша артқан. Бірінші кезекте ол біздің солтүстік көршілермен сауда көрсеткіштерінен жақсы көрінеді.
ҚР статистика агенттігінің ақпарынша, егер дағдарысты 2008 бен 2009 жылдарда Қазақстанның Ресеймен сыртқы сауда көлемі сәйкесінше, $20 және $12,4 млрд болса, онда 2010 жылы ол $17,4 млрд-ға дейін жеткен, ал бір жылдан кейін - $22,3 млрд. болған. Бұл ретте 2012 және 2013 жылдары жақсы көрсеткіш сақталып қалған. Бұл жылдары Қазақстанның РФ-мен сыртқы сауда айналымы, сәйкесінше $23,1 және $23,5 млрд. болған. Сондықтан ЕЭО құрылғаннан кейін бұл көрсеткіш тек арта береді деуге барлық негіз бар, әлбетте, егер бұған жаһандық экономикадағы жаңа толқулар мен дүниежүзілік саясаттағы жағдайлар әсер етпесе. Атап айтсақ, Ресейге қарсы Батыстың санкциясы.
CONTRA АРГУМЕНТТЕРІ
Алайда еуразиялық интеграцияның медалдың екі жағы секілді, кері салдары да бар. КО елдерімен сыртқы сауда өсімі, әлбетте, жақсы фактор, дегенмен бір «бірағы да» бар. Қазақстанның Кеден одағы елдері бойынша әріптестерімен сыртқы сауда айналымының артуы импорттың экспорттан артуына әкеліп соқтырады. Алайда оған кінәлі тек КО емес, ресейлік экономика ауқымы мен отандық кәсіпорындардың төмен бәсекелестігі.
Мәселен, статагенттіктің ақпарынша, егер былтырғы жылы Қазақстанның КО елдері-әріптестерімен саудасы 2012 жылы 1,4%-ға артып $24,2 млрд-ға жетсе, бұл ретте экспорт 5,9%-ға төмендеп, $5,9 млрд құраған, ал импорт 4%-ға артып, $18,3 млрд. құраған. Былтырғы жылы Қазақстанның Белоруссия және Ресеймен саудадағы кері сальдосы $12,4 млрд-ға жеткенін есептеу қиын емес.
Ресейдің Қазақстанмен тауар айналымында бірінші орында тұрғаны құпия емес. Алайда Кремльдің интеграциялық жігері фонында Қазақстанның сыртқы саудадағы РФ үлесі соңғы бірнеше жылда барынша төмендеп отыр. 2010 жылы 19,2%-ға жетсе, 2011 жылы 18,9%-ға қысқарған, бір жылдан кейні - 17,4%-ға қысқарған, 2013 жылдың қорытындысы бойынша 17,9%-ға аздап көтерілген. Тек былтырғы жылы ресейлік импорт 2012 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға өсіп, $17,7 млрд құраған, бұл ретте РФ-ге қазақстандық экспорт 5,4%-ға түсіп $5,8 млрд. құраған. Осылайша Қазақстан мен Ресей саудасындағы кері сальдо $11,9 млрд. болған.
2012 жылы да Ресейге кеткен қазақстандық экспорттың 12,3%-ға төмендегіні байқалған, ал ол елден келген импорт 10,6%-ға артқан. Бұл ретте Қазақстан Ресейге негізінен «минералды өнімдерді» (41,1%), «металдар мен олардан жасалған бұйымдарды» (24,2%), «химия өнеркәсібінің өнімдері, каучук» (14,1%), «машина, құралдар мен транспорттық құралдарды» (10,3%) экспорттайды.
Бұл ретте Ресейден келетін қазақстандық импорттағы «минералды өнімдер» үлесі төмендеу 29% -ды құрайды, есесіне «машина, құралдар мен транспорттық құралдар» үлесі 23,7%-ға жетеді. РФ-дан келетін импорттың тағы 15,6%-ын «металдар мен одан жасалатын бұйымдар» құрайды және 11,2%-ын «химия өнеркәсібінің өнімі, каучук» құрайды.
Қазақстанның КО серіктестермен сыртқы сауда бойынша статистикалық мәліметтерден қандай қорытынды жасауға болады?
Біріншіден, статагенттік мәліметтері көрсетіп отырғандай, қазақстандық бизнес біртұтас нарықта беларусьтармен, бірінші кезекте ресейліктермен бәсекеге дайын болмай шықты. Қазақстан жыл өткен сайын оларға өз позицияларын беріп отыр.
Сондықтан Қазақстан Кедендік одаққа кіру мерзімін дұрыс есептемеді деп айтуға негіз бар. Алда әлі Дүнижүзілік сауда ұйымына кіру де бар.
Екіншіден, КО және басқа да елдерге бағытталған қазақстандық экспорттың түрі шикізаттық сипатта. Ал Қазақстанға импортталатын тауарлар - тұтыну тауарлары. Басқаша айтқанда, қазақстандық экономика, әртараптандыру туралы қанша айтқанымен, әлі күнге шикізаттық сипатта болып қалып отыр.
Және де Қазақстан шикізаттық сипаттан жақын аралықта құтыла аларлықтай мүмкіндік жоқ. Керісінше, Қашағандағы проблеманы жойып, басқа да кеніштерде мұнай өндірісі басталысымен Қазақстан экономикасындағы өндіруші сала рөлі арта түсіп, ал өңдеу саласы - төмендей түседі, тіпті ҮИИДБ табысты іске асырған күннің өзінде.
Үшіншіден, Қазақстанның КО елдермен саудадағы импорт пайдасындағы дисбаланс ұлттық валютаны одан ары құнсыздандыра береді. Және де Ресеймен саудада теріс көрсеткіштер теңгені қайтадан 2009 жылғыдай девальвация жасауға итермелеген фактор да болуы әбден мүмкін.
Сондықтан интеграциялық үдерістер қарқын алуымен ұлттық валютаның күрт құнсыздану қаупі сақтала береді және тек өсе беруі мүмкін. Әрине, оған алғышарттар болып, әсіресе, біздің солтүстік көршіміз рубль бағамының еркін айналымына өтетін болса.
ЖАҚСЫ МҮМКІНДІК ПЕ, НЕМЕСЕ ТҮЗЕТІЛМЕС ҚАТЕЛІК ПЕ?
Бірақ, Қазақстан үшін экономика саласына еуразиялық интеграциядан келетін ең басты қауіп - ол Дүниежүзілік сауда ұйымының және жартылай Еуразиялық одақ қағидаларының орын алып отыруында. Мәселе, ДСҰ ережесі фритредерлік тұжырымдамасы негізінде жасалған. Ол сауда еркіндігі мен мемлекеттің экономикадағы жекеменшік секторға араласпауын қатаң сақтайды. Іс жүзінде ол өзара саудада, инвестицияларда кедергілер жоқ дегенді аңғартады. Ол кедергілер жоғарғы иморттық және экспорттық баж салықтарымен, белгілі тауарларға квоталармен, капитал қозғалысына шектеу орнатумен білінеді
Осының барлығы сыртқы саудаға қатысты, фритредерлік идеология бойынша, біріншіден, экономикалық өсуге, сол арқылы еркін сауда жасап отырған мемлекеттің көркеюіне, екіншіден, өнім мен қызмет сапасының артуына, үшіншіден, тұтынуды мейлінше қанағаттандыруға септігін тигізуі тиіс.
Бір ескерерлігі, «ең төменгі шектеу» қағидасын жариялай отырып, фритредерлікті қолдаушылар жергілікті өндірісті субсидиялауды толығымен не жартылай тоқтатуды қолдайды, яғни, сол арқылы мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатысты маңызды шешім қабылдауда билік еркіндігін шектейді.
Дегенмен, дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, сауда еркіндігі олардың дамуына шынымен де айтарлықтай ықпал етті және экономикалық өсуіне қуатты серпін берді. Бірақ осы тұжырымдама қағидаларын ЕЭО аясында іске асыру, келешекте ДСҰ-ға кіру тұрғанда түзетілмес қателік болуы әбден мүмкін деген даулы тезис айта аламын.
Басқаша айтқанда, еуразиялық интеграцияның идеялық негізі іс жүзінде экономикалық апат болмаса да Қазақстан мен Ресей экономикасы үшін теріс әсермен аяқталуы әбден мүмкін. Әрине, бұл жерде әңгіме өндіруші сектор туралы болып отырған жоқ. Оның тағдыры сыртқы экономикалық коньюктураның қолында.
Әңгіме өңдеу индустриясы туралы болып отыр. Мәселе Қазақстан экономикасының шикізаттық салаға толығымен тәуелділігінде емес, бірінші кезекте елдің экономикалық дамуының базалық шарттары отандық кәсіпорын тауарларының әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетсіз етеді. Себебі Қазақстан мен Ресейдің географиялық және климаттық жағдайында энергия шығыны ДСҰ бәсекелес елдердегіге қарағанда тым жоғары. Яғни табиғи себептермен Қазақстан ел ішінде әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өңдеу индустриясының өнімін шығара алмайды.
Осындай жағдайда Қазақстанның ДСҰ-ға енуі шын мәнісінде көп нәрсеге, атап айтқанда, АӨК пен өңдеу секторындағы энергияны көп жейтін өндірістерге «крест» қояды, себебі ЕЭО және оның үстіне Дүниежүзілік сауда ұйымының ережесі экономикаға субсидия мен салықтық жеңілдік түріндегі мемлекеттік көмек мүмкіндігін шектейді. Бір қызығы, ҮИИДБ жасаушылар осыны ескерді ма екен?
Мемлекеттің инвестициялық климатты жақсартуға деген ұмтылысын негізгі қорлардың тозығы жеткендігі, инфрақұрылымдық проблемалар, жемқорлық деңгейінің тым жоғарылығы, тәуелсіз соттардың жоқтығы, мемлекеттік реттеу деңгейінің төмендігі, экономика мен саясаттағы монопольдық үрдістер жоққа шығарады.
Нәтижесінде бізде не бар? Тек өндіруші сектор ғана. Оның тиімділігі мен әлеуметтік тұрақтылығы толығымен жаһандық экономикаға тәуелді. Сондықтан ЕЭО құрылуы Қазақстанның ДСҰ-ға кірмек жоспарын ескергенде, бірінші кезекте өндіруші секторға оң әсерін тигізіп, Қазақстанның жаһандық нарыққа шикізат шығарушы позициясын нықтай түседі. Ал, өзіміздің өңдеу өндірісімізді дамыту мен құру айтарлықтай энергетикалық шығынды қажет етіп отырғанда ол бізге және келешек ұрпаққа керек пе?
Дереккөз: ҚазТАГ