– Өткен жылдың қыркүйек айында мен «Хаггис» компаниясының «Получи большой домик» акциясына қатыстым. Олар 8 штрих-кодқа балалар үйшігін беруге тиісті болды. Компания өкілдері «Атаба» дүкендер желісінде тұрды. 8 қорап «Хаггис» өнімін сатып алу керек болатын. Бірақ, сол кезде маған және басқа да қатысушыларға үйлердің қолда жоқ екендігін айтты. Біздің телефондарымызды жазып алып, Алматыдан келген бойда байланысуға уәде етті. Алайда, күні бүгінге дейін ешкім де хабарласқан жоқ және көрсетілген телефондары жауап бермейді. Мен өз акцияларының талаптарын орындамаған «Хаггис» компаниясына шағымдана алам ба?
Маргарита
– Менің әжем осындай жарнама акциялары мен науқан кездерінде түрлі нәрселер таратып, уәде ететіндердің барлығына сенеді. Ол қай уақытта көрсең де бірдеңелерге қатысады, қақпақтар, штрих-кодтарды жинайды, «қиып ал да, жібер», «егер көмектеспесе, ақшаңды қайтарамыз» деген секілді нәрселерден құр қалған емес... Соңғы рет ол өзіне акция бойынша берілген жұмыс істемейтін шәугімін кері қайтаруға барғанында дүкеннен итеріп шығарып жіберген. Қатты итерген болуы керек, әжем сол кезден бастап қатты ауырып қалды. Әжем оларды сотқа бере ала ма?
Телефон арқылы
Екі сауал да бір мәселені қамтып отырғандықтан «Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВАНЫҢ жауабын екі сауалға да ортақ деп ойлаймыз:
– Кеңес беруден бұрын мен міндетті түрде мынаны атап өтуді жөн көріп тұрмын. Кез-келген жағдайдың жеке және өздерінің ерекшеліктері болады, сондықтан да қолымда барлық қажетті деген құжаттардың жоқтығына және ол іс туралы нақты білмей тұра мен жазылған жайттарға байланысты шартты түрде ғана жауап бере аламын. Бұл екі жағдайда да зардап шегушілер адвокаттарға жеке келіп жолығулары тиіс.
Сонымен, оқырмандар өздерінің шын мәнінде бұзылған құқықтарын қайта қалпына келтіру мақсатында компанияға әсер ететін шараларды қабылдау үшін тиісті органдарға арыздануы керек.
Біріншіден, кез-келген компания жарнамалық акция жүргізу барысында ҚР «Жарнама туралы» Заңын басшылыққа алуы тиіс. Осы заңның нормаларына сәйкесті ол жарнама формасына немесе тарату құралының қолданылуына байланысты болады. Ақпараты нақты болуы керек, лайықсыз жарнамаға тыйым салынады.
ҚР «Жарнама туралы» Заңының 7-бабының 2- тармағына сәйкесті басқа өнiмдердi жарнамалауда пайдаланылатын фирмалық атауды, тауар белгiсiн, фирмалық ораманы, тауардың сыртқы безендiрiлуiн, формулаларын, бейнелерi мен басқа да коммерциялық белгiлемелерiн көшiрiп алу арқылы не олардың сенiмiн терiс пайдалану арқылы жарнамаланатын өнiмдерге қатысты тұтынушыларды жаңылдыратын жарнама алақол жарнама болып табылады.
Бұл жағдайда алақол жарнаманы көрсетілген компания тарапынан күтуге болады, өйткені, сатып алынған тауар қорабынан қиып алынған штрих-кодтарға ұсынған сыйақысын берген жоқ. Осылайша тұтынушылардың (сатып алушылардың) сеніміне қиянат келтірді деген қорытынды шығады.
«Алақол жарнама» деген түсініктен басқа ҚР «Жарнама туралы» заңында «Көрінеу жалған жарнама» деген түсінік те бар. Бұл жарнама берушінің (жарнама шығарушы, жарнаманы таратушы) жарнама тұтынушыларды қасақана жаңылдыратын жарнамасы болып табылады. Егер дәл осы жағдайда алақол немесе көрінеу жалған жарнама таратылғандығы анықталатын болса, онда осы жарнама акциясын өткізген компанияға тиісті жауапкершілік шаралары қолданылуы керек. Оны жүзеге асыруға өкілетті мемлекеттік органдар, яғни, бұл жағдайда жергілікті атқарушы органдар - қалалық әкімдік және прокуратура құқылы.
Жауапкершілікке тарту және сіздің сауалыңыздың шешілуі үшін сіз осы мемелкеттік органдарға кінәліні жауапкершілікке тарту мақсатында алақол немесе жалған жарнаманың болғандығын тексертуге шағымдануыңызға болады.
Екіншіден, компания акция жүргізді және тауарды сатып алушылар жүргізіліп отырған акция талаптарын орындады, демек, екі тараптың келісімі бойынша ауызша келіссөздер жүргізілді. Осындай келіссөздің жасалуымен компания өзіне міндеттеме алды. Алайда, бүгінгі күнге дейін мерзімі өтсе де міндетін орындаған жоқ. Азаматтық кодекстің 272-бабына сәйкесті міндеттеме талаптарына және заңнамалардың талаптарына, ал ондай талаптар мен міндеттер болмаған жағдайда басқа да кәдімгі іс айналымы немесе әдеттегі қойылатын талаптарға сәйкесті міндеттер тиісінше орындалуы керек.
Бұл жағдайда берілген сұрақтан компанияның сатып алушыға тиісті тауардың штрих-кодтарының тапсырылғандығын растайтын қандай ма бір қағаздың берілген-берілмегендігі түсініксіз. Қолданыстағы азаматтық заңнамаларға сәйкесті жетон, билет беру арқылы растайтын келіссөздер, егер заңнамада басқаша қаралмаса ауызша формада жасалған келіссөздер болып танылады. Осыған байланысты осы акцияға қатысушы компания тарапынан міндеттемелер орындалмаса, компания атына талап қойған хаттарын жолдай алады. Егер компания сіздің шағымдарыңызға көңіл аудармай өз міндетін өз еркімен орындамаған жағдайда сіз компания атына талап арыз беру арқылы сотқа шағымдануға құқылысыз. Мәселен, компанияны өзі жүргізген акциясы бойынша міндеттерін орындауды талап еткен кезде сотқа сіз компаниямен арада болған ауызша келісімді растайтын дәлелдерді ұсынуға тиістісіз.
Және үшіншіден, еліміздің заңнамаларымен бөтеннің мүлкін ұрлау немесе бөтен мүлікке құқықты алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы алу әрекеттеріне қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.
Өз тауарларын акция арқылы сатып, сатып алынған тауар үшін бағалы сыйлықты уәде ете отырып және саудадан нақты бір пайда түсіре тұра өз уәделерін орындаудан бас тартқан компания-жарнама берушілері ҚР ҚК 177-бабы бойынша алаяқтық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер сіз өз жағдайыңызды осы бапқа сай деп есептейтін болсаңыз, құқық қорғау органдарына (полицияға) шағымдануға құқылысыз.