Атырау, 24 қазан 09:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +13
$ 486.65
€ 524.46
₽ 5.05

Қараусыз қалған ықшамаудандар көмекке зәру

1 802 просмотра

Құлсарының күйзеліске түскен ықшам аудандарындағы мына көрініс көңілді жабырқатады: электр желілеріне шырмалған газ тұрбалары, «ішек-қарны» ақтарылып, қаусап жатқан электр қалқандары, жертөледен шығып, сыртқа жайылған канализация ағындылары... Құлсарыдағы көп қабатты  87 үйдің осынау ахуалы көңілге үрей ұялатады.

Тұрғындар «Ақ Жайыққа» жазған хаттарында ПИК таратылғаннан кейінгі 6 жылдан аса уақыттан бері балалары мен өздері үшін үнемі үреймен өмір сүріп келе жатқанын жазған.

Атырау облыстық энергетикалық қадағалау және бақылау басқармасындағылар Құлсарыдағы проблемалар туралы хабардар екен:

- Биылғы жылдың қаңтарында бізге Құлсары қаласындағы көппәтерлі үйлердің электр желілері және жылумен қамту жүйелерінің қанағаттанғысыз ахуалына қатысты шағым түсті, - дейді басқарма бастығы Мейірбек ҒҰБАШЕВ. – Біз аудандық әкімдік өкілдерінің және энергішілердің («Атырау Жарық» АҚ) қатысуымен Жылыой ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің энергетикалық нысандарына жоспардан тыс тексеру жүргіздік. Ықшамаудандардан жылуы жоқ бірқатар тұрғын үйлер анықталды. Тұрғындар қысқы уақытта электрмен жылытатын құралдарды пайдалануға мәжбүр екен. Тексеру барысында, сондай-ақ, энергішілердің жауапкершілік аймағынан заң бұзушылықтар анықталды. Жабық трансформаторлық подстансаларға жүргізілген жоғары вольтты желілер мен подъездердегі таратушы қалқандарға дейін жүргізілген кабельдердің баланстық тиістілігін ажырату актісіне сәйкес, оның «Атырау Жарық» АҚ-на тиесілі екені белгілі болды.

Біз компанияға ескерту бердік. Кейінірек «Атырау Жарық» осы заң бұзушылықтарды жою туралы жазбаша растама ұсынды.

Алайда бәрін бірдей жоюға әлдері келмейді. Ең қиын проблема – суға кеткен жертөлелер. Онда ескі желілер жарамсыз боп қалған, ал оларды жаңасына ауыстыру өте қауіпті болар еді. Сондықтан, энергішілердің түсіндіргеніндей, олар желілерді сыртынан жүргізуге мәжбүр екен. 

Проблеманың бір бөлігі шешілді, алайда ішкі тарату қалқандарын не істеуге болатыны белгісіз. Олар Құлсары қаласы әкімдігінің балансында тұр. Ықшамаудандарда пәтер иелері кооперативтерінің жоқтығы проблема боп тұр. Тұрғындардың қаржысымен бұл мәселе шешілмейді, оған әкімдіктің қолдауы қажет.

- Сонда қандай қолдау керек?

- Әкімдік кейін тиісті лицензиясы бар мамандандырылған мекемелерге қызмет көрсетуге беру үшін үйішілік электр және жылу жүйелерін күрделі жөндеуге бюджеттен қаржы қарастырғандары жөн деп ойлаймын. Біз осындай сценарийді Жылыой ауданының әкімдігіне ұсынып, көшірмесін Атырау облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына жіберген едік. Әзірге қандай да болмасын ақпарат ала алмай отырмыз.

СОНЫМЕН ҮЙДІҢ ИЕСІ КІМ?

Ал жылойлық биліктің осы «активке» қатысты өз көзқарасы бар екен.

- Жоқ, бұл үйлер біздің балансымызға қарамайды, - деді телефон арқылы аудандық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және көлік жолдары бөлімінің бастығы Аманқос ӘБЕНОВ шорт кесіп.- Қалалық мүлік боп танылу үшін кез-келген нысан есеп бөлімінде актив ретінде есептелуі керек қой, солай емес пе? Ал бұл үйлер бізде емес, оған ешқандай құжаттар, төлқұжаттар жоқ. ТКШ-да ешқандай қағаздар жоқ. Демек, олар біздің есебімізде емес. Олар иесіз.

- Қане, былайша талдап көрелік. Үйлер бар. Олар қала аумағында орналасқан. Тұрғындар тіркелген, олар Құлсарының тұрғындары боп табылады. Сайлау мандаттарына ие, жанама түрде сіздерді, жергілікті билікті де сайлайды.  Сонда олар қалайша иесіз болады? Егер қалада әлдебір нысанның нақты қожайыны болмаса, онда нысан автоматты түрде қалалық биліктің құзырына өтеді ғой.

- Билік өкілі ретінде мен жауап беремін – апаттар орын алған жағдайда энергішілерді, жылу қызметкерлерін, су дайындау мекемелерін жөндеуге мәжбүрлейміз.

- Жұмыстарына олар төлемақы талап етпей ме?

- Иә, олар тегін жөндеп береді. Енді мен оларға өзімнің 35000 теңге жалақымды төлемеймін гой. Біз өтініп сұраймыз, өйткені адамдардың жылусыз, жарықсыз отыруларына жол бере алмаймыз. Ал 87 үйді жөндеуге біздің қаржымыз жоқ.

- Сонда бақытсыз жағдай қашан орын алады деп күтесіздер ме?

- Жоқ, термомодернизациялау бағдарламасынан үміттенеміз. Егер тұрғындар 15 пайыздан қажетті қаржыны жинаса, мемлекет ұзақ мерзімді несие береді. Сонда осы проблема да шешіліп қалар.

Не айтуға болады? Термомодернизация жасасын!

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

30 маусым 2011, 00:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.