Қазақстандық ғалымдар туберкулезге қарсы тиімді дәрі жасап шыққандарын жариялады. Жобаның ғылыми жетекшісі Мұрат Құлмановтың айтуынша, ЭФЭС-1дәрісін қолданған әрбір азамат 2 айдың ішінде дертінен жазылып шығады.
Мұрат Құлманов, Жобаның ғылыми жетекшісі:
-Біз клиникалық зерттеулерді аяқтау кезеңіндеміз, яғни әлемдік стандарттар бойынша клиникалық сынақтың екі кезеңін өткіздік. Қазіргі кезде клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне кірісудеміз. Осыны аяқтағаннан кейін препараттың нарыққа шығатындығы жайында айтуға болады.
«Инфекцияға қарсы дәрі-дәрмектердің ғылыми орталығы» АҚ Еуропалық аккредиттеу органдарында GLP халықаралық стандартына сәйкестігін растады. Сөйтіп ол ТМД аумағында ғылыми зерттеулер және инновациялық дәрі-дәрмектер өндірумен айналысатын бірден-бір ұйым болды. Бүгінде мұнда 10 заманауи зертханасы бар, сондай-ақ 200-ге тарта адам еңбек етеді. «Біз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға әрекет етіп жатырмыз. Оған тек озық экономикамызбен ғана емес, ғылымдағы сапалы жетістігімізбен де баруымыз керек. Бұл тұрғыдан келгенде Халықаралық стандарттарға жауап беретін тәжірбиелік зертхана біздің ғылымымыздың үлкен жетістігі саналады,-дейді Мәжіліс депутаты Надежда Петухова.
Надежда Петухова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Осындай зертхананың елімізде ашылуы – құптарлық іс. Өйткені біз өзіміздің фармацевтикалық, химиялық, азық-түліктік өндірісті, қауіпсіз әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз етеміз. Бұл дегеніміз – біздің өнімдер бәсекеге қабілетті болады деген сөз. Осылайша, еш қиындықсыз өзге елдерге экспорттай аламыз. Бұл алға жасалған үлкен қадам.
Айта кетейік, «Инфекцияға қарсы дәрі-дәрмектің ғылыми орталығы» АҚ болашақта кадрлық және өндірістік жағынан орта азиядағы алғашқы және бірден-бір GLP-халықаралық талаптарға сай орталық болып қалуы ықтимал.
Дереккөз: khabar.kz