Сенатта кодекс жобасын талқылау барысында депутаттардың ескертпелері мен ұсыныстары ескеріле отырып, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындаған.
Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысының Президенттің күзет қызметі мен республикалық ұланды біріктіру жолымен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі етіп қайта ұйымдастыру туралы Жарлығына сәйкестендіру мақсатында бірқатар түзетулер енгізілген. Сонымен қатар, 173-баптың тақырыбының атауынан, мәтінінен, сондай-ақ кодекс жобасының бүкіл мәтіні бойынша құқыққа қайшы іс-әрекеттер санатына нұсқауды алып тастайтын өзгерістер енгізу ұсынылды. Өйткені, жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы тиісті заңнамалық актіде қылмыстық құқық бұзушылықтардың санаты және осындай өтемақыға құқығы болатын жәбірленушілер санаты айқындалады.
Бұдан басқа, кодекс жобасының бірқатар баптарын процестің ұмыт қалған қатысушылары (айыпталушы, сотталушы) толықтырады. Мақсат – олардың заңды құқықтары мен мүдделерінің сотқа дейінгі тергеу және сот талқылауы сатыларында іске асырылуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың істерін тек кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотта ғана емес, олардың тұрғылықты жеріндегі сотта қарау құқығын іске асыруға бағытталған толықтырулар енгізілді. Өйткені іс жүзінде соттың кәмелет жасына толмағандардың тұрғылықты жерінен шалғайда болуына байланысты бірқатар жағдайларда адамдардың сот отырысына келуін қамтамасыз ету қиындықтар туғызады.
Қылмыстық кодекс жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 232-баптың («Экономикалық контрабанда») бірінші бөлігі қылмыстық теріс қылықтарға жатқызылды. Осыған байланысты кодекс жобасының 191-бабына көрсетілген баптың бірінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді хаттамалық нысанда жүргізуді көздейтін өзгеріс енгізілген.
Сонымен қатар, бұлтартпау шараларын қолдануға, сотқа дейінгі тергеу және сотта талқылау сатыларында жекелеген тергеу және процестік әрекеттерді жүргізуге байланысты қате сілтемелерді түзетуге, сондай-ақ бір норманың қайталануын болдырмауға бағытталған бірқатар түзетулер енгізілді.
Қылмыстық-процестік кодекс жобасы қылмыстарды тергеу процесін жеңілдету және жеделдетуге, бұл ретте қылмыстық процеске тартылған тұлғалардың конституциялық құқықтарын қорғаудың жоғары дейгейін қамтамасыз етуге, сот төрелігін іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуді жетілдіруге, сондай-ақ халықаралық стандарттармен сәйкестендіруге бағытталған.
Қылмыстық қудалауды бастау рәсімін оңайлату мақсатында қылмыстық іс қозғау және тергеуге дейінгі тексеру жүргізу сатысын алып тастау, тергеу және анықтау органдарының азаматтардың конституциялық құқықтарын қозғайтын процестік әрекеттерді дербес қабылдау жөніндегі өкілеттіліктерін қысқарту, қорғаушының сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап қатысуының құқықтық негіздерін кеңейту көзделеді.
Қылмыстық процеске тергеу судьясы және процесс прокурорының тұлғасы енгізіледі. Бұл ретте адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын барлық тергеу әрекеттері тергеу судьясы мен процесс прокурорының санкциясымен ғана жүргізіледі. Қылмыстық процеске процестік келісім институты енгізіледі, ол кінәні мойындау туралы мәміле нысанында, сондай-ақ ынтымақтастық туралы келісім нысанында жүргізіледі. Кодекс жобасымен жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу тәртібі, шарттары мен негіздері регламенттеледі.
Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар да мақұлданды.
Дереккөз: bnews.kz